» » БЕКЕТТЕГІ БІР КҮН

БЕКЕТТЕГІ БІР КҮН

Ол қолына «лапаны» ұстады, ал мен ұзындығы бір метр, салмағы бес келіден асып түсетін шойын кілтті алдым. Байқасам, олар он екі сағат бойына қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды екен, тыпырлап тірлік қылады. Темір жолдың қос бетін жалғаған бекеттегілер елдің берекесін күзетеді. Тәртіпке бағынбай, пойыз келе жатқанына қарамастан төрт тағандап тұрған талайды тәубасына түсіреді. Әлбетте, жалғыз емес. Олар құзырлы орындармен әріптестікте. Айта берсең, күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары көп, Қожекең «бәрін жазып қайтерсің, жұмысымыз елдің назарында ғой, жұрт біледі» дейді. Ал, біз олардың он екі сағаттағы жауапкершілігіне жете түсініп жүрміз бе?!
Таңертең сағат тілі тоғызды ұрмай жатып, сарбаздай сақадай сай болып жұмысқа кіріскен Қожақ Тәңірбергенов ауысымды қабылдап алды. Әрбір қызметкер осылай жұмыс істейді. Мұндағы автоматтандырылған қондырғыдан бастап, әрбір құрал-жабдық, жалаушаға дейін бүп-бүтіндігіне көз жеткізеді де жұмысқа кіріседі. Олардың мойнындағы жауапкершілік төрт қабырғаның кішкентай терезесінен сыртқа көз тастап отыру ғана емес, орталықпен байланысып, әр пойыздың тосын жайтқа ұрынбай, есен-сау межелі жерге жетуіне жәрдем жасайды. Қысқасын айтқанда, тіпті бел жазып жатуға да уақыты жоқ. Он екі сағатты еңбекпен өткізеді.
– Мына менің қолымдағы құралды «лапа» деп атайды. Кейбір босап қалған тетіктерді суырып, орнына жаңасын салып отырамыз. Рельспен рельстің жалғанған тұсындағы бұрандалар кейде пойыз салмағын көтере алмай сынып жатады. Оларды да жаңамен ауыстырып қоямыз. Артық зат жатпау керек, – деді Қ.Тәңірбергенов.
Ол осы күні «ПЧ-60 Қазалы жол дистанциясының» өткел кезекшісі. Отыз бес жыл бойына шойын жолдың бойында маңдай терін төгіп келеді екен. Әр түрлі қызметтердің сатысынан өтті. Онысы саланың сала құлаш терминдерін мүдірмей айтқанынан-ақ айқын көрінеді. Ара-тұра ауладағы орындыққа отырады да, маған жұмысын таныстыра бастайды. «Шіркіннің жұмысы тыныш, рәх-хат қой» деп ойлайтындардың түкке бойламайтынына көз жеткіздім.
– «Тальго» пойызы өтерден 20 минут бұрын, мына қоршаулардың барлығын жауып, шлагбаумды түсіріп, нықтап қоямыз. Әйтпесе, үлгеремін деп жанығып келген талайды шақырымдап итеріп кетеді ол. Жылдамдығы жоғары. Сондай жағдайлар болмас үшін қатаң жұмыс істейміз. Өзгелер түсінбей айғай сап жатады. Бірақ, бастысы қауіпсіздік қой, – деген Қожекең кесеге буын бұрқыратып шай құйып жатты.
Асхана да, қонақ бөлмесі де – осы. Ұзындығы үш метрден, ені екі метрден аспайтын құрқылтайдың ұясындай бөлме. Алайда, сол алақандай жерде қанша халықтың қауіпсіздігін кірпік қақпай отырып, сақтайды. Әңгіме арасында түстеніп отырып, біршама шүйіркелестік.
– Түсінесің бе, кейде масайып қалғандар тәлтіректеп өте алмай тұрады. Қайтесің енді, қолынан ұстап, «тәй-тәйлатып» өткіземіз мына жерден. Пойыздың астында қалмауының қамын жасаймыз. Біздің қызмет сол, – деді Қожекең алысқа көз тастап.
Күнұзақ осы жерден 32-33 пойыз өтеді. Он алтысы шығысқа, он алтысы батысқа бет алады. Темір жол тұлпарларына сәт сапар тілеп тұрғаннан бөлек, мұнда әр қызметкердің еншісінде 50 метрден жер бар. Еншісінде дегенде, меншіктеп алған ештеңесі жоқ. Тек сол елу метрдің тазалығы мен басқасы, жолының мықтылығына жауап береді. Қолы қалт етсе шөп шабады, қыс түссе қар күрейді. Қытымыр аязға төтеп беріп, ми қайнатар ыстыққа қарамай осылай тыраштанады.
– Інім-ау, табыс еңбекпен келеді. Алдымыздағы аға буынның айтқан ақылын көкейге тоқығанымыз ғой. Жұмыстың оңайы жоқ, бастысы маңдай термен тапқан еңбекақының нанын жеген тәтті, – деді Қожекең қол алысып жатып.
«Ана жылы да төл мерекеміз қарсаңында мені суретке түсіріп кетіп еді... Тағы да, ыңғайсыздау болмас па?!» деп қалды әңгіме арасында. Қарапайым еңбек адамы. Аузын ашса жүрегі көрініп, газет бетіне шығуға қысылып тұрғандағысы ғой. Қолына ұстаған «лапаға» сүйенген күйі қала берді, ал мен еңбегіне жеміс тілеп жөніме кеттім. Әне, 34-пойыз зырлап барады, ал Қожекең жалаушасын ұстаған күйі ақ жол тілеп тұр...
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы ауданы».
04 тамыз 2018 ж. 1 045 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031