» » ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН

Бала күнімізде біріміз – ұшқыш бол­ғымыз келді, енді бірі – мұғалім бол­ғысы келді, тағы бірі «мілітсә болам» деп қолымызды қайырып жататын. Әлбетте, кинодан көргендеріміз бар, үлгі тұтқан ұстаздарымызға, анамызға, әкемізге ұқса­ғымыз келгендер бар. Себеп әр түрлі ғой. Өсе келе, шын мәнінде бейім саланың есігін қағып, табалдырығын аттадық. Ал Ардақ Бермішев сол оқушы күнінде армандағанындай құқық қорғау органының қызметкері атанды. Міне, ол бүгінде Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің жол патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы болып еңбек етуде.
Ардақ Ерлікұлы Жосалы кентіндегі №26 орта мектептің түлегі. Арман қуып, Алаштың Ақмешітіне ат басын тіреген ол Абылай хан атындағы колледждің заңгер мамандығына оқуға түседі. Осылайша оның құқық қорғау органдарына қадамы бас­тау алды. 2013 жылы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы мамандандырылған күзет басқармасында басталған. Онан соң араға бір жыл салған ол Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының жол патрульдік полиция тобының қатарына енеді. Туған жерге туын тігу – қашан да ер азаматтың парызы. Ол облыс орталығынан өзінің кіндік қаны тамған қасиетті мекенге 2015 жылы ат басын бұрды. Орталықтан тәжірибе жинап келген жалынды жас аудандық ішкі істер бөлімінің жол патрульдік полиция тобында қызмет инспекторы.
– Бала күнімде осы киімді киіп, елдің тыныштығын күзететін саланың белді маманы болсам деп армандайтынмын. Мақсатыма жетіп, заңгер мамандығын алып, іске кірістім. Саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, аянбай жұмыс істеудемін. Түрлі деңгейдегі марапаттарым да бар. Бұл өз кезегінде еңбектің бағасы. Осы жұмыста жүріп, отбасын құрдым. Қазір кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған әкемін. Нан қайдан бұйырса, сонан жейсің дейді ғой. Туған жерге келіп, еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын, – деді Ардақ Бермішев бізбен әңгімесінде.
Рас, ел тыныштығын қору – оңай шаруа емес. Күндіз-түні бір тынбай, кірпік қақпастан жұмыс істейсің. Мұндайда алған жарың да түсіністік танытып, қолдау көрсеткен ләзім.
– Басшылықтағылар да ескертіп айтатын бір нәрсе бар. Ол – алған жарыңа жұмысыңның уақытпен санаспайтынын айтып, түсіндіру. Әйтпегенде, түсінбесе, ол да қиын. Аллаға шүкір, алған жарым менің жағдайыма қанық. Тәуліктің қай уақытында барсам да алдыма буын бұрқыратып, ыстық тамағы мен шәйін тосып отырады. Уақытыңның басым бөлігі көшеде, жұмыста өтеді. Қиындығы сол. Өзіміз таңдап, армандап келген сала болған соң ол қиындықтың өзі де ләззатқа айналады, – деді инспектор.
Ардақтың әкесі жол бойында еңбек етеді. Ал інісі мен қарындасы өзі тәрізді құқық қорғау органдарының қызметкері. Отбасында иығына жұлдыз қондырған қызметкерлердің еңбегін бағалап, құрметпен қарайды. Өйткені, олар – елдің амандығын күзетуші.
Адам баласы қай салада еңбек етсе де, жаны қалап, бар ықыласымен мамандықты таңдаса, онда сол салада биікке жетері анық. Арада аз ғана уақыт өтті, Ардақ асығып жұмысына кетіп барады. «Таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққан да бақыт» депті бір пақырың. Рас қой.
Дәулет ҚЫРДАН,
Қармақшы таңы.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 785 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031