» » Жал-жал астық үйіліп, қырманға көрік берді сән

Жал-жал астық үйіліп, қырманға көрік берді сән



Анау қырманның басы. Күнмен таласа атқан тірлік қайнап жатыр. Қарқынды. Көңілдері шат. Дауыстар жарқын-жарқын шығады. Қат-қабат қимыл ұштасып, екпін еселенуде. Білектілердің жүрегі еңбекке жақын-ақ. Тыпыршыған жойқын күш үдей түсуде. Ащы тер шыққан сайын алтын дән төгіліп жатыр. Үйілген меруерт астық қырманға көрік беруде. Ауық-ауық жел еседі. Ескен сайын еңбектің қарқыны қызып, қызылдар қамбаға толып жатты.

ІІІ Интернационал – мамыражай ауыл. 2500-ге жуық тұрғыны бар жер түрлі ұлт өкілімен тату-тәтті өмір сүріп, тыныс-тіршілігі, қам қарекетімен көз қуантуда. Кемтігі бүтінделіп, табысы еселеніп, еңсесін көтерген мекеннің қазан-ошағы жиюлы, тұрмысы тұрақты. Жыл сайын күріш егіп, қамбасын астыққа толтыратын жер биыл да бітік егін өсіріп, сейсенбіде қырманға алғашқы орақ түсірді. «Достық Жер МК» ЖШС-дағы Әлімжан Пұсырмановтың егіс бригадасында өткен мерекеге қоғам қайраткерлері Ержан Уәйіс пен Айтбай Көшербайұлы қатысып, құттықтау сөз сөйлеген соң рәсімнің лентасын қиды. Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Кенішбек Қашақбаев маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген диқаншыларға ақ батасын берді. Шалғайдан жарқырай түскен күн сәулесі Сыр сұлуының ажарын ашып тұрғандай. Еміс-еміс жел екпінімен теңселіп қояды. Аз уақыт үнсіздіктен соң азуын қайшылаған жатка егінге алғашқы орағын салды. Шат-шадыман көңілдер. Ақжарқын пейілдер.

Мұрат Абайұлы тізгіндеген шаруашылық – аудандағы ауқымды ұжымдардың бірі. Бүгінде серіктестік диқандары жаз бойы мәпелеп өсірген астықты ысырапсыз жинап алудың қамына кіріскен. Жер-ана да несібесін жерден теретін жұртшылыққа мерейін төгіп тұрғандай. Жаз жауынсыз өтсе де, судан қорқыныш болса да жайқала өскен ақ маржанның шығымы көз қуантады. Серіктестік 2192 гектар алқапқа күріш еккен. Ендігі нысан – сол қызылды толығымен төкпей-шашпай жинап алу.
– Қазір қырмандағы тірлік қарқынды. Техникалар да сайлаулы. Шаруашылықта жалпы 270-ке жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Күріш – сумен қоректенетін дақыл. Шілде айының орта шебінен бастап су көлемінің аз болғаны рас. Бірақ соның алдын алып, барлық агроном мен мамандар бригада болып, егістікті кезекпен суарды. Мәселен, екі күн бір бригада алса, екі күн бір бағыттағы бригадаға қарай суды жіберіп отырды. Осындай қиындыққа шағылмай қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, күрішті сусыз қалдырмай өсіріп шықтық, – дейді шаруашылықтың бас экономисі Қанат Баймағамбет.

Алғашқы орақ рәсімінен соң ауылдағы орталық алаңда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Омаров тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін білдірсе, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тәжмаханов ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, рухани құндылықтардың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ зейнеткерге алғыс хат табыстады. Біз суреттен көреміз. Жайқалған ақ күрішіне қарап тамсанамыз, таңдай қағамыз.

Уақыт жылдам іспетті. Күз болғанда жиып алған өнімге қарап тағы жадырай түсеміз. Нені аңғармаймыз? Әрине, ерте көктемнен ызалы күзге дейін күні-түні сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай терін. Олар қамбаға астық толсын деп жатпай-тұрмай, өнімді өз баласындай үпілей өсіреді. Бап пен жайлылықты қажет ететін егіншілік талай диқаншының құтты орнына айналған.

ТҮЙІН

Дала қосында гүрілдеген комбайнның, гүжілдеген жұртшылықтың, гуілдеген самал желдің де екпіні басылған. Ырзығын жинаған ел де, құрметке бөленген еңбеккер де шат-шадыман...

Айнұр ӘЛИ
12 қыркүйек 2020 ж. 1 057 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031