» » Ауылды дамытудан асқан ұлы мұрат жоқ

Ауылды дамытудан асқан ұлы мұрат жоқ

Елді мекендегі ағайынның тыныс-тіршілігіне талдау жасап, халықпен ашық жүздесіп, тұрғындардың көкейіндегі ұсыныс-тілектерін тыңдау үшін аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ауылдық округтердегі есепті кездесуін жалғастырды. Аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов және бөлім басшыларымен бірге шалғайдағы Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар, Иіркөл, Төребай би, Қармақшы, Ақай ауылдары және Төретам кентіне бет алды.
Аудан басшысы әр округке барған сайын алдымен ондағы мекеме, кәсіпорындарына аялдап, жағдайымен танысты. Соның бірі – Ақжар ауылындағы No28 мектеп ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы. Ғимаратты аралау барысында оның сапасына көңіл бөліп, мердігерге білім күніне дейін тиянақты бітіруді тапсырды. Одан кейін ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесуде жалпы ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерін айта отырып, Ақжар ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Биылғы жылдың бірінші жарты-жылдығында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 1659,0 млн теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1270,0 млн теңгеге орындалды. Ал ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 101,2 пайызға, негізгі қорға салынған инвестиция 125,0 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі 142,0 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 101,1 пайызға, бөлшек сауда көлемі 115,5 пайызды құрады. Енді Ақжар ауылындағы атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, биыл өздеріңіз көріп отырғандай No28 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатса, келер жылға дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізу мақұлдануда. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Алдағы уақытта жоғары тұрған бюджеттерден қаржы сұралып, қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар атқарылатын болады, – деді аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов.
Ақжар ауылдық округі бойынша, бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 86 бірлік, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандары 79 бірлік. Аудан әкімі ауыл тұрғындарының барлығын бірдей бюджеттік сала мекемелеріне жұмыспен қамту мүмкін еместігін айтып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер немесе гранттар алып, кәсіппен айналысуға шақырды.
Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 239,1 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Қыран» ЖШС-мен келісім-шарт жасау мүмкіндігі болмауына байланысты, қосымша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар аудан басшысы жол мәселесіне байланысты ауыл тұрғындарын жақсы жаңалықпен қуантты.
– Келесі жылы Жосалы кентінде және басқа да елді мекендерде көшелерді асфальттау үшін 500,0 млн теңгеге жобалар ұсындық. Ақжар ауылындағы Ж.Жабаев көшесі толық асфальттауға жобаға кірді, – деді ол.
Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су, аяқ су мәселесі бойынша сұрақтар қойылса, жеке қабылдауда да ұсыныстар айтылды.
Есепті кездесу одан әрі Ақтөбе ауылында жалғасты. Алдымен аудан әкімі Балалар жылына орай «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен салынатын спорт алаңының құрылысымен танысты. Сонымен қатар 1965 жылғылардың мектеп бітіруіне 40 жыл толуына орай ауылға тарту еткен балалар ойын алаңын көрді. Одан кейін ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесті.
– Аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту маңызды. Сондықтан, ағымдағы экономикалық жағдайда ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесіне мән берудеміз. Ол үшін Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биылғы жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Жоба іске қосылған уақытта 200 адам жұмыспен қамтылатын болады, – деді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.
Ақтөбе ауылдық округі бойынша бүгінге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 78 бірлік болса, оның барлығы дерлік жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мұнда 2050 бас МІҚ, 1748 бас жылқы, 5235 бас уақ мал, 96 түйе тіркелген. Аудандағы төрт түлік мал басы санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылған.
Жарықтандыру мәселесі бойынша аудан аумағында электр желілері 1970 жылдан бері салынып, бүгінгі күнге дейін тозығы жеткен.
Осы ретте Ақтөбе елді мекеніндегі электр желілерін жаңғырту және қосалқы стансасын кеңейту мақсатында демеушілер есебінен жоба әзірленуде.
Кездесуден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Ауыл тұрғыны Исабек Көміршиев Б.Қасқырбаев көшесінің сапасы төмен екенін айтып, оған асфальт төсеумен қатар жарық жүргізу керек екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде аудан басшысы аталған көшенің жоба-сметалық құжаты әзірленіп, алдағы уақытта жөндеу жұмысы жүретінін айтты.
Түскі үзілістен кейін аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы кезекті кездесуін ІІІ Интернационал ауылында жалғастырды. Мұнда жеке кәсіп бастаған азаматтармен кездесіп, жұмыстарын көрді. Ауыл тұрғыны Әли Махамбетов мал бордақылау алаңын ашса, Аслан Дямуршаев автокөлік жөндеу орталығын ашып, кәсібін жүргізуде. Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездескен аудан басшысы атқарылған жұмыстармен бөлісті.
– «ІІІ Интернационал ауылындағы спорт кешенінің құрылысы» нысанының жоба-сметалық құжаттамасын қайта есептеуге, сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 2,5 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның құны 409,2 млн теңгені құрап, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылды. Сонымен қатар, «Достық Жер МК» ЖШС демеушілігі есебінен 400 орындық тойхана салу жоспарлануда. Мұның барлығы аудан экономикасын, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына тың серпін бермек, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту маңызды.
ІІІ Интернационал ауылдық округі бойынша бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 95 бірлік болса, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 89 бірлікті құрайды.
Сондай-ақ ІІІ Интернационал ауылы тұрғындарының еккен егіс көлемі 30 гектар болса, оның ішінде картоп 6 гектар, көкөніс 5 гектар, бақша өнімдері 19 гектарды құрайды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жер мәселесі, көшені жөндеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Сауалға жауап берген аудан басшысы алдағы уақытта қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен орындалатынын жеткізді. Сонымен қатар жеке сұрақтары бойынша да тұрғындарды жеке қабылдап мәселелерін тыңдады.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың тұрғындармен кезекті кездесуі Дүр Оңғар ауылында жалғасты. Бүгінде өркен жайған ауылда кәсіп жақсы дамыған. Соның бір дәлелі – «Айман» сүт өңдеу цехының тынымсыз жұмысы. Ауыл халқына ағарғаннан түрлі өнім ұсынған кәсіп иесінің бүгінгі жұмысын аудан әкімі көзбен көріп, оң бағасын берді. Мұнан кейін ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесіп, аймақтың даму динамикасын саралады. Сонымен қатар тұрғындарды жақсы жаңалықпен сүйіншілеп, ауылға «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен газ тартылатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылына газ әкелу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан соң республикаға ұсынамыз. Құны 6,3 млрд теңгені құрап отыр. Себебі дарияның арғы бетінен бергі бетке газды өткізу қомақты қаржыны талап етеді. Оның ұзындығы да кең көлемде. «Жаңажол» ЖШС өз ауылына демеушілік жасап қана қоймай, одан кейінгі ауылдардың газ тартуына шүмектер қалдырып кетпек. Оның өзі үлкен жұмыс. Алдағы уақытта әр ауылдан демеушілік табылып жатса болашақта газдың игілігін көретіні сөзсіз, – деді аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы. Кездесуден соң аудан басшысы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Ауыл тұрғыны Гүлназ Әбдірахманова тұрақты жұмыс сұраса, ІІІ топтағы мүгедек Айбол Бәйменов өзіне көмек сұрады. Ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдаған аудан басшысы мамандарға тапсырма беріп, мәселенің шешілуіне жағдай жасауды тапсырды. Елді мекендегі тұрғындармен кездесудің үшінші күні Иіркөл, Жосалы және Қармақшы ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындармен кездесуде ауданның негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Иіркөл мен Төребай би ауылының негізгі жұмыс көзі – егін және мал шаруашылығы. Бүгінде Иіркөлде 46 гектар жерге егін егілген. Одан бөлек елді мекенде 4 шаруа қожалығы құрылып, табанды еңбек етіп келеді. – Елді мекендегі Доспанов көшесінің бойынан балалар және спорт алаңының құрылғыларын орналастыру жобасына жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, жалпы құны 15,4 млн теңгені облыстық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылды. Басқа мәселелер де кезең-кезеңімен шешіледі. Сандық деректерге жүгінсек, Иіркөл ауылдық округі бойынша бүгінге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 25 бірлік болса, оның ішінде 24-і тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл – жақсы нәтиже. Әйтсе де, мұндағы әлеуметтік нысандар арқылы барлық тұрғынға бірдей жұмыс табыла бермейді. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы жеке кәсіп ашуға шақырамын. Бұл ретте ауыл әкімі және аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы.
Кездесуде ауыл тұрғындары ауылда учаскелік полицияның жиі ауысатынын айтып, алдағы уақытта тұрақтануын сұрады. Одан бөлек кәсіп ашуға мемлекеттік жеңілдікпен грант алудың жолы қарастырылса деген тілектерін жеткізді. Ұсыныстарды тыңдаған аудан басшысы сала мамандарына айтылған мәселелер төңірегінде шешілу жолдарын тапсырды.
Ал Жосалы ауылдық округіндегі жеке тұрғындар 40 гектарға егін еккен. Бұл көкөніс өнімдерінің нарықтағы бағасын тұрақты ұстап тұруға сеп болмақ. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов елді мекендегі «Дәуіт» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, бақша өнімдерінің жайын көрді. Дәуіржан Қалдашбаев басқаратын шаруа қожалық биыл 465 гектар жерге егін ексе, оның ішінде 270 гектар күріш, 20 гектар жаздық бидай, 10 гектар картоп, 5 гектар көкөніс, 20 гектар бақша, 55 гектар жаңа жоңышқа, 85 гектар ескі жоңышқа тұқымын сепкен. Сондай-ақ шаруашылықта 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келер жылы бақша өнімдерін көбейтуде ауыл тұрғыны Бүркіт Қалдашбаев суға субсидия бөлінуін сұрады.
Қармақшы ауылының табысты бағыты – мал шаруашылығы. Төрт түлігін сайлаған елді мекеннің қолында 2 мыңнан астам ірі қара, 800-ге жуық жылқы, 5 мыңға тарта уақ мал болса, түйенің саны 700-ге жеткен. Сонымен қатар ауылдық округте құрылыс жұмыстары да қарқынды қолға алынған. Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, No13 «Балбөбек» балабақшасының қазандық ғимаратының құрылысы» жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қарқынды тірлікке бастаған Қармақшы ауылының тұрғындары кездесу соңында аудан әкіміне көкейдегі мәселелерін жеткізді.
Аудан басшысының мұнан әрі халықпен кездесу жұмыс сапары Ақай мен Төретам кентінде жалғасын тапты. Алдымен Ақай ауылдық клуб үйінде тұрғындармен жүздесіп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Төретам кенті мен Ақай ауылында газ жеткізу құбырының және газ тарту желілерінің құрылысына биылғы жылы 600,0 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен мердігер мекемелермен келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталуда. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Ақай ауылында «Рипсы» күріш таяқшалары өндірісі, жылыжай ашу, кондитер өнімдерін шығару сияқты өнеркәсіп саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада іске қосылатын болады, – деді ол.
Кездесуде тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылып, бірқатар мәселе көтерілді. Кәсіпкер Жеткерген Исламов ауылға тал егіп, жасыл аймаққа айналдыруды тілге тиек етсе, Гүлнар Қарауымбетова ауылдың ішкі мүлкін жанашырлықпен күтіп ұстауға шақырды. Аудан әкімі кездесуден соң тұрғындарды жеке қабылдап, тілектерін тыңдады.
Одан кейін аудан басшысы Әділбек Бөрібайұлы Ақай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді. Мұнан соң Төретам кентіне жол жүріп, No85 орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Нысанды тексеру барысында мердігерге «Мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір тиын тиімді жаратылу керек. Сондықтан жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражатты уақытылы игеріп, сапалы жұмыс істеңіздер» деді аудан басшысы.
Одан соң кенттегі клуб үйінде тұрғындармен кездесіп, ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жалпы Төретам кәсіпкерлігі өркендеген өңірлердің қатарында. Биыл кентте «Светофор» сауда орталығы, «Гелиос» жанар-жағармай құю бекеті, сонымен қатар басқа да сауда нысандары іске қосылды. 5 көшені жарықтандыруға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жиында тұрғындар газдандыру, көше, қоқысқа байланысты сауал көтерді. Соған сай аудан әкімі сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Мұнан соң өңір басшысы Байқоңыр қаласында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үйлер құрылысын көруге жол жүрді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
(суреттер автордікі)


06 тамыз 2022 ж. 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10289)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (10288)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (10287)

16 наурыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031