» » Оқырманға 10 000-шы басылым!

Оқырманға 10 000-шы басылым!

Аудан айнасына айналған аудандық «Қармақшы таңы» газеті бүгін 10 000-шы нөмірін қалың оқырманға ұсынып отыр. Дайын күйінде үй жәшігіне салынудан бұрын басылымға материалдың  жиылуы, терілуі әрі беттелуі мен әрленіп, дизайнерлік жағынан көркемделуі тұтас жұмыс үрдісінен тұрады.   Тілшілік тіршіліктегі жұмыс та қайнаған қазандай. Осы уақыт аралығында біз бастан не өткердік?
Газет журналистері Кеңес үкіметі тұсында мақаланы қолмен жазып, терімшілер машинкаға теретін. Бұл журналист үшін де, газет беттеушілер үшін де көп қиындық тудыратын.  Компьютер  жүйесі алғаш рет қолданысқа енген тұс. Бұл газет шығару ісін жеделдете түскені рас. Дегенмен қазіргідей адам басына бір-бір компьютерден қайдан болсын. Бет істеуге, терімшіге арналған біреуі ғана. Қолжазба күйінде келген барлық мақаланы бір адам жүйеге теріп отырады. Қанша уақыт? Газет шығатын күні талай таң атып, кеш батқанын сезбеген қызметкерлер ертеңі қолына қайта қалам мен қойын дәптерін ұстап тіршілігіне кірісетін. Ал қазір заман дамыды, техника көбейді. Бұрынғыдай ақ қағазбен сырласатын уақыт жоқ. Материал әзірлерде бірден компьютермен жазып, дайын күйінде газетке беріп отырады. Айтуға оңай, бір мақаланың өзіндік шығу тарихы бар. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Біздікі – қызығы мен шыжығы мол мамандық қой. Ендеше редакция қызметкерлерінің бастан өткерген бірнеше естен кетпес оқиғасымен бөлісуді жөн көрдік.

Көктем. Қар еріп, күн жылып, кеш ауа қайта мұз қататын шақ. Аяқасты жиналыс өтетін болса дымға қарамай құрал-сайманымызды сайлап тұра жөнелеміз. Солай болды да. Кешқұрым. Күндіз жібіген қар қайта қатқан. Мініп кететін көлік те жоқ. Содан не керек қар жол тайғақ кешіп діттеген жерге асықтық. Жиналыстың басталуына бірер минут қана қалған. Ондайда фототілші Қазбек Тайбағаров ізінен адам ілестірмейді. Жеңілдігі мен шалттығынан бірыңғай жүгіріп жүруге тура келеді. Аяқ киімнің сырғанауына қарамастан ағайдың ізінен ілесіп келемін. Бір-ақ сәт. Сол бір сәтте мұзға тайып шалқамнан құладым. Бас зыңылдап, ми айналып, аяқ қайырылып кеткен. Күлгеннен өзге амал жоқ. Қайта тұрып, ақсап жүрсем де түк болмағандай жиналысқа кірдік. Түк болмағандай күлімдей жүріп, керек мәліметті алып қайта шықтық. Жұмысқа қарай жол алыс емес. Дегенмен қайтадан мұзға шалынып, екінші аяқтың жұмысы істен шықты. Мұзбен арпалысқан бірер минуттық соғыстан жараланып редакцияға келдік. Бұл сәтте бізге берілген тағы бір тапсырма тұр еді.

Аудан тарихында «Қармақшы таңының» ізгілікті ізі бар. Тарихында басылымның аты төрт мәрте өзгергенмен заты сақталып, ол қашанда өңір өмірінің айнасына айналып келеді. Ауданымыздың бас газеті атағын абыроймен алып келе жатқан газет тәуелсіздік жылдарында тыңнан түлеп, шын мәнінде бұқаралық басылым атанды. Бүгінде бес мыңға жуық тұрақты оқырманы болса, жыл сайын басылымға жазылушылар қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады. 1932 жылдың 12 сәуірінде алғашқы саны шыққан «Қармақшы таңы» газеті келер жылы 90 жасқа толады. Газет тарихында қолтаңбасы қалған аға-апалар мен әзиз әріптестерімізбен мақтанамыз!

Жаз мезгілі болса керек. Газетке жазуға жасы егде тартқан, көргені мен білгені, түйгені мол адам іздедік. Көп ұзамай шет жерде бір кісінің бар екенін естіп, уақыт созбастан сонда аттандық. Ойымызда ештеңе жоқ, есіктен күліп ене бергенде алдымыздан қария шықты. Бастапқыда жақсы басталған әңгіменің ізі өзгере бастады. Артық сұрақ қоюға тағы сескеніп тұрмыз. Жасы келген соң өткеннің естелігімен жүрсе керек. Бізді өзінің жауындай елестетті. Сазайын, сол кезде ала алмаған ақысын алғысы келді ме, әйтеуір тартпадан суық қаруын алып бізге қарай беттеді. Не істемек керек? Ағалап, әкелеп, көкелеп сыртқа тұра жүгірдік. Жүрек шіркін өз орнынан шығып кеткен, дүрсілі тоқтар емес. Құдды өмірдегі триллер дерсіз.

Аудан бойынша жылда террористерге қарсы алдын алу іс-шаралары өтеді. Кәнігі оқу-жаттығу ғой. Ондайда бір нысанды белгілеп, сол тұстың көшелерін бітейді. Біз де өткен шараны көзбен көріп, қалам тербемекке барамыз. Әдеттегіше өтіп жатыр. Фототілшінің қызметі сапалы суретке түсіру. Өз жұмысын атқаруға кеткен. Әрі күттік, бері күттік, жоқ. Сөйтсек, жақыннан кадр алуға барған ағайымызды террористке күдікті ретінде автобустарына тиіп алыпты. Тілші екенін дәлелдеген соң «тұтқыннан» босатып алдық.

Журналистік зерттеуімізді жүргізіп жүрген біз шалғай жерге де күннің ыстығына қарамай жол жүріп кететініміз бар. Қызбалық па, әлде қызығушылық па, әйтеуір біреуіміз бастасақ, екіншіміз қоштай кетеміз. Газет шығатын күнге дейін материал уақытылы жазылуы керек қой. Санаулы күндер қалған. Ал зерттеу толық бітпеді. Содан не керек, зерттеп жүрген бақсымыздың бейітін тауып, суретке түсіруіміз керек болды. Ол кісінің көзін көргендер де сиреген. Сілтеумен, жобамен бейіт басына келдік. Ішін аралап, іздеу ғана қалды. Екіге бөлініп, қызметімізге кірістік. Сол кіріскеннен мол кірісіп, адасып кеттік. Түскі уақытта кірген біз кешқұрым бір-ақ шықтық. Бұл – көзбен көрген қорқынышты кинодай еді.

Айтқанымыз бірері ғана. Айтылмаған әңгіме қаншама?! Бірде көшеде келе жатып су жаңа газет нөмірінің жерде жатқанын көрдік. Көріп құлазыдық. Бауырыңнан шыққан баладай жақын. Маңдай тер, ізденіс, көз ілмей атырған таң кеудеңе өксік болып қадалады екен. Біз әмбебап боламыз. Бірде – дәрігер, бірде – полицей, енді бірде – кәсіпкер. Кейде қоғамдық жұмысқа жегіліп, бір күндік қызметімізді әртүрлі салаға арнаймыз. Мәлімет жинау бір бөлек те, одан алған әсеріңді қағазға түсіру бір бөлек. Әрбір сөздің ұйқасына мән бересің, қате жібермеуге, боямасыз дүние жазуға талпынасың. Мақала дайын болғанда бас редактордың алдына барады. Алдымен  редактордың жариялауға рұқсаты беріледі, тексеріледі. Одан соң редакцияның саралқасында сұрыпталып, арнайы тақырыптарға топтастырылып, мазмұндық деңгейіне қарай орналасу реті көрсетілген материалға  байланыс­ты  газеттің макеті құрастырылады. Сосын барып беттеуші-дизайнер  жиналған мақалаларды мазмұны мен  ерекшелігіне  қарай сәндеп, айдарын  тақырыбымен бет-беттерге қойып, рет-ретпен орналастырады. Беттердің жобасы дайын болғанда тілшілер алма-кезек оқып, қатесін шығарады. Үлкендердің «Қате деген ұры болады, байқас болу керек» деген сөзі құлаққа әбден құйылған. Сенімді ақтау үшін көз майымызды тауысып, әр әріпті санап шығамыз. Техниканың аты техника ғой. Кейде аяқасты істен шығатыны бар. Ондайда барлық жұмыс зая кетіп, қайтадан газет бетін беттейтін кездер кезігеді. Солай үйге түн жарымда әрең жетеміз. Қош. Газет толық да­йын болғанда облысқа жібереміз. Сол жақта түні бойы типографияда басылып, ертеңі қалың оқырманға жол тартады. Оның әр үйге уақытылы жетуіне арнайы мамандар жасақталған. Таратушылар өзіне бекітілген көшеге апарып, әр үйге таратып шығады. Кейде үй алдында жоқ жәшік пен қабаған иттің арпылынан газеттің жетуі кешігеді. Ондайда түсінушілік танытатын оқырманның барына қуанамыз. Иә, әрбір үйдің төрінде тұратын төл басылым осылайша сіздерге жол тартады. Қош келдің, 10 000-шы басылым!

Айнұр ӘЛИ
08 маусым 2021 ж. 546 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031