» » ІНДЕТПЕН КҮРЕСТЕ ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЗОР

ІНДЕТПЕН КҮРЕСТЕ ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЗОР

Күллі әлемді шарпыған індет жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Бұл вирус күніне мыңдаған адамның бойынан табылуда. Ең өкініштісі – оны жұқтырғандар біздің ауданнан да табылғаны. Халықтың мазасын қашырып, үрейлендірген вирус салғырт қарағанды аямайды. Жағдай сағат емес секунд сайын өзгеруде. Ал көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтың көбі – «Бетпердені қайдан табамын?».


Биылғы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен «Еріктілер жылы» болып жарияланғаны баршаға аян. Еріктілік қызметті жан рақаты үшін таңдап алған жандар осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созуға дайын екенін дәлелдеді. Мәселен, ауданның ерікті жастарының бастамасымен індеттің алдын алуда 400 адамға үнпарақ таратылды. Бетпердеге қажетті мата мен материалға жастар қаржылай көмек беріп, жас кәсіпкер Эльвира Әзірбекова тігуді өз мойнына алды. Осылайша ерікті жастар тігілген 200 дана бетпердені жалғызбасты қарияларға, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға тегін үлестірді.

– Еліміздегі үлкен шаһарларда карантин жарияланған күні-ақ өз жақындарыма бетперде тігу ісін қолға алдым. Келесі күні Жастар ресурстық орталығының маманы қоңырау шалып, #BizBirgemiz акциясының өтіп жатқанын айтты. Сол шараға өзіміздің үлесімізді қосу мақсатында бетперде тігіп, тарату ұсынысын білдірді. Физикалық тұрғыдан үлгермейтінімді білсем де білек сыбана іске кірістім. Барлық жанның денсаулығы маңызды. Біз де қолымыздан келгенше көмектестік, – дейді жас тігінші.

Айта кетерлігі, аудан жастары тұрғындар көп шоғырланатын аумақтарға ақпараттық үнпарақтар орнатып, халықты індеттің алдын алудан құлағдар етті. Пробация есебінде тұратындарға да профилактикалық шара жүргізіп, олар да індетпен күресте өз үлесін қосуда.
Пандемияға қарсы күреске білек сыбана кіріскен жанның бірі – «Өзіңе сене баста» көрме-конкурсының бас жүлде иегері Қайрат Мектепбайұлы. Кентте кәсібін ерлер сырт киімін тігуден бастаған тігінші қазіргі таңда күніне 500 данадан астам бетперде тігіп, аудан орталығындағы дәріханаларға өткізуде. Осындай азаматтардың арқасында өңірімізде бетперденің тапшылығы азайып, тұрғындар маскамен қамтамасыз етілуде.

Ізгілігі мол іске ауданда өткен жылы ашылған «Дәметкен ана» балаларды оңалту-сауықтыру орталығының әлеуметтік қызметкерлері де септігін тигізуде. Орталықтағы 6 әлеуметтік қызметкер істі қолға алып, үш күнде 120 дана бетперде тіккен. Бір ерекшелігі, бетпердені жуып қайта пайдалану мүмкіндігі бар.

– Бұл вирустың таралуы баршамызды алаңдатқаны рас. Жақындарымыз бен жанымыздағылардың амандығы маңызды. Міне, осы мақсатта орталықтың қызметкерлері бетперде тігу ісін қолға алдық. Бір ғана тігін машинасы болған соң жұмыс оңай болып жатқан жоқ, қолмен де тігудеміз. Дайын бетперделерді орталықта ем қабылдап жүрген балалардың отбастарына, халыққа қызмет етіп жүрген таксистер мен қарияларға тегін түрде тараттық, – дейді орталықтың әлеуметтік қызметкері Тынымкүл Мұстафаева.

Ерікті істі елдегілер де елеусіз қалдырып жатқан жоқ. Мұрат Сәрсенбаевтың басшылығымен ІІІ Интернационал ауылында, Орынбасар Төлеповтың ұйытқы болуымен Дүр Оңғар ауылында тегін бетперделер таратылған.

– Ауылдың жанашырына айналған азамат Мұрат Абайұлы бұл істі алдағы уақытта да жалғастырып, тағы да кең көлемде бетперде мен қолғап таратуды жоспарлауда, – дейді ІІІ Интернационал ауылының кітапханашысы Рима Тұрманова.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 31 қаңтарда құрылған Ақай ауылының ерікті жастары да коронавирусқа қарсы шараға өз үлесін қосты. Құрамында 10-ға жуық жастар бар «Ақай еріктілер ұйымы» игілікті бастамасымен халықты қуантса, Иіркөл ауылының тұрғыны Үміт Зинелғабиденова, Ақтөбе ауылынан Қалампыр Мерекова, Қуаңдария ауылынан Зина Қолбырова бетперде тігіп, 60-70 данасын ауыл тұрғындарына тегін үлестірді. Кеңпейілді ерікті жандар алдағы уақытта да бұл істі жалғастыруды жоспарлауда.

P.S.
Еліміз үшін ауыр күндерде жүрегі жылуға толы жандар елеулі іс атқарғаны қуанышты. Ерте кезден-ақ көңілі ақ, пейілі кең қазақ халқы бұл күнді де бірлік пен тірлік арқасында еңсеретініне сенім мол. Бастысы – сақтық шараларын қатаң сақтап, індеттің алдын алуға өзіндік үлес қоссақ болғаны.


Аслан НҰРАЗҒАЛИ
07 сәуір 2020 ж. 1 077 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 354

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 435

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930