» » Шыбық қыз

Шыбық қыз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қажетті жерлері болады. Оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді.

Түсіне білген адамға кез келген мекендегі жер-су атынан бастап, әрбір тасына дейін сол жердің өткені жайлы сыр шертері анық. Оны зерттеп, тарихын білу, одан өнеге, рухани қуат алу – кейінгі ұрпақтың  парызы.
Елбасының туған жердің киелі орындардың, географиясын таяу жылдарда жасауда басты міндет етіп қоюы да бекер емес.
Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылында да өзіндік тарихы бар жер атауы көп. Бірақ, олардың тарихи атауы зерттеліп, кейінгі ұрпаққа жеткізу ісі қолға алынбауда және сол жердің тарихын білетіндердің де қатары сиреп барады.  
Тұрмағамбет ауылының оңтүстігінде 20-25 шақырым жерде қалың жыңғыл шыбық өскен "Шыбық құмы" деген биік жал төбе бар.
Ауылдағы көнелікті әңгімелер мен жер-су аттарының тарихын мүмкіндігінше зерттеп жүрген Тоғанас, Сарыбаев пен Сыдық Байғұлиевтың деректері бойынша бұл төбе басындағы бейіт ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында дала заңының әйел намысын қорлайтын зорлықшылдығына төзбей мезгілсіз мерт болған қайсар ару Шыбық қыздың бейіті екен.
Сол Шыбық қыз Кете-Асан-Қарпық-Текей-Ақкөбек-Бөтек-Ералы-Ақсұңқар-Әбілда-Сермаханнан туады. Шыбық­пен бір туған Болаштан-Әнапия, Бідән туып олардың ұрпағы бүгінде елге танылып, жүрген тұлғалар. Әнәпия – белгілі жырау Үрістембек Жиенбайұлына тұрмысқа шығып, одан елге есімдері белгілі Көшеней мен Бидас тараса, Бідәннан кіші жүзге билігі жүрген белгілі Кете руының биі Құлшанның баласы Жарылқасынға тұрмысқа шығып, олардан тараған ұрпақ Алматы, Қызылорда қалалары мен Тұрмағамбет ауылында тұрып жатыр.
Сыр Сүлейлерінің бірі Молдахмет Дабылов "Шыбық қыз" деген дастанында:
"Өзі де Шыбық десе Шыбық еді
Сүйріктей сүйкімді боп шығып еді.
Құрақтай маңындағы құрбылардан
Өзгеше болатұғын бар қылығы, – деп жырлайды.
Тал шыбықтай бұралған  әнші қызды 16 жасқа тол­ғанда Қожагелді руының белгілі биі Тапбай болыс інісі Құлмұхамедке құда түсіп, айттырады. Алайда, Құлмұхамбет ерте қайтыс болған соң, дала заңы бойынша әмеңгер ретінде өзінің есі дұрыс емес, кемтар баласы Сарманға алып бермек болады. Бірақ, өзі көркем, өзі келісті Шыбық қыз Сарманға күйеуге шығуға үзілді-кесілді қарсы болады. Ару қыздың мұнысын ағайын-туыстары да қолдайды.
Осыған байланысты Кете мен Қожагелді руы арасында бірнеше рет жесір дауына байланысты жанжал орын алады. Соңы Ақкөбектің ер-азаматтары Сырдан Қырға жайлауға төрт түлігін айдап кеткен кезде Тапбайдың озбыр жігіттері қыз-келіншектер көшіне шабуыл жасап, Шыбықты тартып алып кетеді.
Жағдайдың ушыққанын білген қыз Тапбай болысқа барып: «Мен өз еркіммен сізге келін болуға келдім. Бірақ, менің төмендегі шарттарым орындалуы керек. Тойды әзірге жасамай, некемді күзде қиясыз, оған дейін өзіңіздің қызыңыздай күтесіз. Күзде ел Қырдан Сырға құлаған кезде ата-анамның ұрықсатымен отауыңызға келін болып кіремін. Осыған келісіміңізді берсеңіз», – дейді. Өзінің жеңісіне масаттанған Тапбай болыс  Шыбықтың ұсынысына келісімін береді және оған жеке үй тігіп, күтушілер белгілейді.
Ал, бұл аралықта Шыбық төркініне астыртын өзінің зорлықпен келгенін, тез арада оязға арыз-шағым беру жөнінде хабар жібереді. Ал, өз кезегінде Шыбықтың туыстары сотқа арыз беріп, осы мәселе бойынша Тапбай мен Шыбық сотқа Ақмешітке шақырылады.
Сотқа келер алдында Тапбай Шыбыққа келіп «Сотқа мен әменгерлік жолмен Сарманға өз еркіммен келдім деп, Құран ұстап, ант бер», – деген талабына өзінің абыройын, өмірінің қауіпсіздігін сақтау үшін көніп, ант береді. Бірақ, сотта болыс пен оның озбыр адамдарының барымталық шабуыл жасау арқылы өз еркінен тыс алып қашу құрбаны болғанын және басынан өткерген басқа да іс-әрекетін баяндап береді.
Сот мән-жайды талқылай келе Шыбыққа бостандық беріп, Тапбайға 500 сом айып салып, болыстықтан босатады.
Сонда сақалын жас жуған Тапбай: «Шырағым, Құран ұстап ант берген сөзіңнен айныдың. Сені «ант ұрсын», – деп қарғаған екен.
Шыбық бостандық алып, елге оралған соң Сарқасқа руының азаматы Зарқұм есімді кісі оны інісіне алып беру мақсатында құда түсуге келгенде «Өзімнің жаным және өмірімді сақтау үшін ант бергеніммен ар-ожданымды жоғары қойып, одан айнығаным үшін Тапбай болыс қарғаған еді. Сірә, ол кісі де осал адам болмады. Менің денсаулығым күрт төмендеп кетті. Мен қарғысқа ұшырадым-ау деймін. Өмірім ұзақ болмас. Мені мазаламаңыздар», – деп  құда түсушілерді кері қайтарыпты. Содан 2-3 ай өткен соң Шыбық қыз науқастан  көз жұмып, өмірден өткен екен. Ал, оның мүрдесі осы төбенің басына жерленеді. Міне, содан бері осы төбе  халық ауызында"Шыбықтың құмы" деп аталып келеді. Бұл Тоғанас ақсақалдың әңгімесі.
Қазір бұл бейіт жойылып кетуге таяу. Ақкөбек руының азаматтары, қала берді Ақсұңқар Әбілда ұрпақтары осы бейітті қоршап, қалпына келтіріп, белгі қою арқылы тарихи-танымдық орынға айналдырса деген ұсынысымыз бар. Қалай дегенмен Шыбық теңсіздік үшін күрескен тұлға ғой.
 
Сұлтанбек МЫРЗАБАЕВ,
білім саласы ардагері,
Тұрмағамбет ауылы.
09 наурыз 2019 ж. 1 724 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 999

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031