ТАРИХҚА АЙНАЛҒАН НАР ТҰЛҒА
Әр адамның жадында мәңгіге жатталып қалатын қасиетті бір бейне бар. Ол – Ана. Біздің жүрегімізде бұл бейне біздің ғана анамыз болып қана қоймай, елдің анасы, ғасырдың Анасы болған – Сәлима Жұмабекқызының асқақ тұлғасымен байланысты. Анамыз туралы естеліктердің пернесін басқанда, ең алдымен көз алдымызға анамыздың өмірге деген шексіз құштарлығы, маңдай термен келген мәрттігі, мейірімі мен адалдығы, қайсар рухы мен қажырлы еңбегі оралады.
Әкеміз жұмыста жүріп, кенеттен дүниеден өткенде, ең үлкеніміз жиырманың үстіне енді шыққан бозбала еді, ал кенжеміз – Алғабек небәрі бір жарым жаста болатын. Қазақ жесірін жылатпаған халық десек те, жалғызілікті әйелге шиеттей он бір баланың қамы мен қайғысын арқалау оңай шаруа болған жоқ. Бірақ анамыз шаршағанын, тағдырдың түрлі тауқыметіне мойығанын бізге көрсеткен емес. Қайта ширығып, тіршіліктің тар жол тайғақ кешуінде сүрінбей, әр басқан қадамын берекеге айналдыра білді.
Кішкентай кезімізден есімізде қалғаны – біздің шаңырақтан ешқашан қонақ үзілген емес. Қара шаңырақтың ақ дастарқаны әрдайым ырысқа толы, төріміз меймандарға жайлы болатын. Анамыздың орасан еңбегінің, мызғымас жігерінің, жүрегіндегі перзентке деген жылуының арқасында аш-жалаңаш жүрген күніміз болған емес.
Ноғай мен Сәлимадан тараған ұрпақ бүгінде кішігірім бір елге айналды. Әрқайсымыз еліміздің әр саласында еселі еңбек етіп, елге танылған азамат болсақ, бұл алдымен данагөй анамыздың тағылымы мен тәрбиесінің жемісі. Міне, осындай ананың тәлім мектебінен өткен біздер үшін Сәлима Жұмабекқызы – өмірдің өзі, өнегенің биігі, арнамыстың айғағы, адамдықтың асыл өлшемі. Бұл жолдарды оқырман асыл анамыздың асқақ бейнесіне деген терең тағзымның, перзенттік құрметтің, сарғайған сағыныштың сырлы шежіресіндей қабылдаса дейміз.
Біздің аяулы анамыз Сәлима Жұмабекқызы – 300 миллион халқы болған Кеңес Одағының күріш шаруашылығында есімі алтын әріппен жазылған қайраткер тұлға. Ол – өз еліміздің егіншілік тарихындағы дара құбылыс, еңбекпен өмірін өрген, адалдықты ту еткен, табандылықты серік еткен біртуар тұлға.
Анамыздың еңбек жолы 1964 жылы «Дала академигі» аталған Ыбырай Жақаевтың шақыруымен басталды. Арнаулы білімі болмаса да, өмірден тоқығаны мен табандылығының арқасында анамыз күріш өсірудің қыр-сырын ғылыммен ұштастыра білді. Ол тек диқан ғана емес, жас ұрпақты еңбекке баули білген ұлағатты ұстаз бола білді.
Анам егіншілікті – нан табудың ғана емес, ел болудың үлкен мектебі деп түсінді. Біз кішкентайымыздан «Көктемнің күні жылға азық, күріштің дәні жылдық азық», «Топырағына қарай дәні, еңбегіне қарай әні», «Судың да сұрауы бар, күріштің де күтімі бар» деген секілді халық даналығын анамыздан жиі естіп өстік. Анамыз күріш бала сияқты күтімді талап ететінін, немқұрайлықты, жалқаулықты кешірмейтінін жиі айтатын. Күріш еккен адам жақсы өнімге тек талмай іздену мен үлкен еңбекқорлық, жанкештілік арқылы жеткізуге болатындығын үнемі айтып отыратын. Өзінің де күріш алқабынан мол өнім алып, республика көлемінде бұрын-соңды болмаған биік көрсеткішке қол жеткізуі - сол қажырлы еңбектің нәтижесінде еді.
Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген анамыз, әкесі Жұмабек пен ағасы Балабатыр майданға аттанғанда, анасы Ақсалы және бауырлары Жәмила, Жауһарбекпен иық тірестіріп, ел ішінде еңбек майданының жүгін көтерді. Өмірдің шындығын маңдай термен таныған анамыз бізді де жас кезімізден еңбекке баулыды.
Әлі есімде, бала күнімізде анамызбен бірге «күріш басына бару» біз үшін үлкен мерекеге айналатын. Сол кезде біз тек еріп барып қана қоймай, анамызға қолғабыс етіп, бірге бақша салатынбыз. Қыры мен сыры мол диқаншылықты, арамшөп отауды, пішен оруды, жалпы егінге қатысты бар істі біз анамыздан үйрендік. Әлі есімде, жасөспірім кезімізде (шамамен 14-15 жастамыз) сіңлім Ғалия екеуміз бір ай бойы егін алқабында пішен орып, бір қыстық мал азығын дайындағанымыз бар. Ол кезде бізді көрген ауыл азаматтары таңданып: «Осы қыздар не істеп жүр, мына кіпкішкентай түрлерімен не бітірмек?» деп мысқылдай күлгендері есімізде. «Салқын жерде жатудың орнына, мына шілдеде күнге шыжғырылған не азаптарың» деп жанашырлық танытқандары да болды. Алайда жұмысымыз аяқталып, пішендерді баулауға көмектесуге келген ер-азаматтар біздің үйіп кеткен шөмелелерді көріп, көздеріне сенбей, «Мынаны сендер ордыңдар ма, жоқ әлде көмектескендер болды ма?» деп таңданыстарын жасыра алмады. Олар біздің Сәлиманың қасиетті құрсағында жатқаннан-ақ еңбекке баулынып, анамыздың қандай тәлім бергенін қайдан білсін?!
Осы орайда, ардақты анамыздың өнегелі ғұмырының жалғасы ретінде ел игілігі жолында қажырлы еңбек етіп, қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүрген аяулы бауырларымды ерекше мақтанышпен атап өткім келеді. Ел ішінде әділеттілігімен танылып, заң саласында беделге ие болған білікті заңгер – Жаңагүл Ноғайқызы, білім беру саласының үздігі, республикаға белгілі ұлағатты ұстаз – Бота Ноғайқызы, ұлттың рухани болмысына қызмет етіп жүрген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық ұйымының төрайымы Ләйле Ноғайқызы және бүгінде Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментін басқарып отырған Ғалия Ноғайқызы – бәрі де анамыздың ақ сүтімен дарыған тектілік пен еңбекке адалдықтың жарқын көрінісі. Халқымыздың «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған ағаш егеді, ал мың жылдығын ойлаған ұрпақ тәрбиелейді» деген тағылымды сөзі осындайда еріксіз ойға оралады. Бүгін бауырларымның аты ел аузында. Олардың ел мүддесі үшін жасап жүрген игі істері мен үшін анамыздың мәңгілік мұраттарының жалғасындай сезіледі. Артында саналы ұрпақтарымен бірге ұлағат қалдырған асыл анамның рухына иіліп бас иемін!
Қазақ халқы – ер мен әйелді қатар құрметтеген халық. Ердің ісін ерен санағанымен, әйел-ананың еңбегін ел тағдырымен теңестіре білген дана жұрт. Ал осындай ұлтымыздың ұлағатын арқалап, еңбекпен ел есінде қалған, қарапайым диқан әйелден халықтың жүрегіндегі аңызға айналған тұлға – менің анам Сәлима Жұмабекқызы. Қиын кезеңде ауылда күріш егумен қатар, байланысшы, құрылысшы, кеңес төрайымы, депутат, бригадир, звено жетекшісі болып қызмет еткен анамыздың өмірі – адал еңбек пен елге деген шексіз махаббаттың айнасы. Анамыз – елден не алсам деп емес, еліме не берсем екен деген ғұмырлық ұстаныммен өмір сүрген бірегей тұлға.
Анамыздың есімі егістіктен – ел мінберіне дейін көтерілді. Сыр бойының ақ маржанын әлемге танытқан қайраткер, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, батыр ана, Социалистік Еңбек Ері – мұның бәрі анамыздың ел, халық алдындағы адал еңбектің лайықты бағасы. Бүгінде анамыздың атына «Сәлима» атты күріш сорты беріліп, кітаптар жазылып, поэмалар арналып жатса – бұл Сыр елін әлемге мәшһүр еткен Ғасыр Анасы – Сәлима Жұмабекқызына деген елінің шынайы құрметі, ұрпағының сөзсіз ілтипаты.
Ана жүрегі – теңіз десек, оның түбіне бойлау мүмкін емес. Анамыз ұрпағын да, туған ауылын да, тұтас елі мен жерін де осы шексіз жүрекпен бөліп-жармай сүйді. Атамыз қазақ «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген екен. Шыр етіп дүние есігін ашқалы, бізге ана да, әке де бола білген жан анашымның көзін көрген замандастары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисенов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әсет Тоқтамысов, еліміздің белгілі ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сайлыбаев, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев сынды ел ағалары өз естеліктерінде анамызды Сыр елінің дара перзенті, қайсар мінезді, ел мүддесін бәрінен де жоғары қойған ұлт жанашыры ретінде ерекше құрметпен атап өткен.
Жоғарыда айтылып кеткен жайттар Сырдың Сәлимасының КСРО Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа жай ғана сайланған адам емес екендігіне дәлел бола алады. Өйткені, өз замандастары – ел ағалары естеліктерінде ерекше атап өткендей, анамыздың ұстанымы, принципі, батылдығы мен жанқиярлығы осы қызметке лайық тұлға болатын. Анамыз өжет әрі қайсар еді. Қай жерде, қандай дәрежедегі мінберде тұрса да, туған елінің мүддесін бірінші орынға қойғаны үшін халық оны «сөзі өткір, ісі мығым депутат» деп таныды.
Анамыздың КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған жылдары жасаған еңбегі орасан. Солардың ең маңыздысы – Арал мәселесін Кеңес Одағы көлемінде көтеріп, Кеңес өкіметі басшылығын және еліміздің басшылығының назарын Арал трагедиясына алғаш бұрғызған адам болғаны. КСРО Жоғарғы Кеңесінің мінберінде анамыз алғашқылардың бірі болып Арал өңіріндегі экологиялық апатты, ауызсу тапшылығын, жұмыссыздық пен әлеуметтік күйзелісті батыл түрде жариялады. Анамның Мәскеуде және республикалық жиындарда сөйлеген сөздерінен кейін Ақтөбеден Аралға дейін су құбыры тартылды.
Анамыз Сәлима Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға соны серпін берді. Қызылорда Құрылыс тресінің ашылуына тікелей ықпал етті және облыс көлеміндегі көптеген ірі нысандардың бой көтеруіне атсалысты.
Сәлима Жұмабекқызының депутаттық кезеңіндегі елеулі еңбектерінің бірі – қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дербес білім ордасына айналуына тікелей үлес қосуы. Аталмыш оқу орны өз тарихын сонау 1937 жылы Қиыр Шығыс корей педагогикалық институтының Қызылордаға қоныс аударуынан бастау алса, өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалымен кеңейтіліп, бүгінгі таңда мемлекеттік статустағы үлкен оқу орнына айналып отыр. Сол 1980-жылдары ол оқу орнының материалдық-техникалық базасы нашар, оқу ғимараты тар, мұғалімдердің ғылыммен айналысуына жағдай жоқ болатын. Болашағы бұлыңғыр көрінген бұл оқу орнын сақтап қалу үшін ел арасындағы беделді, сөзі өтімді, нағыз жанашыр тұлға қажет еді. Сол кезде жағдайды жан-тәнімен түсінген анамыз, алдымен, Мәскеуге депутаттық сауал хаттар жолдады. Ол хаттарға жауап болмаған соң, КСРО Қаржы министрлігіне тікелей барып, министр қабылдауында болып, бірнеше рет келіссөз жүргізіп, дәлелді сөз, дәйекті уәж арқылы Қызылорда филиалына орталықтан 2 миллион сом көлемінде қаржы бөлінуіне қол жеткізді (сол кездегі ресми бағам бойынша – шамамен 3 млн долларға тең). Мұның барлығы қарапайым сөз емес, банк құжаттарымен дәлелденген нәрселер. Бұл – сол кездегі ауыл шаруашылығымен айналысатын Қызылорда облысы үшін бұрын-соңды болып көрмеген үлкен жетістік еді. Мәскеуден бөлінген бұл қаржыға жаңа оқу корпусы, жатақхана, оқу-өндірістік шеберханалар, студенттер сарайы сияқты әлеуметтік маңызы зор нысандардың құрылысы басталды. Кейін бұл бастамалар негізінде оқу орны ғылыми әлеуеті бар жоғары оқу орнына айналды. Бүгінде Қорқыт ата атындағы университет – Сыр өңірінің ғылымы мен білімінің алтын қазығына айналған қара шаңырақ. Ал осы оқу орнының қалыптасып, өркен жаюына сүбелі үлес қосқан анамыздың еңбегі – оның тұғырлы тұлғасының, кемел парасатының, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігінің, риясыз қызметінің айнасы. Бұл жай ғана ғимарат тұрғызу емес еді. Бұл – бір буынның тағдырын, сан мың жастың болашағын қалыптастыруға себеп болған тарихи қадам болатын. Сол үшін де Сәлима Жұмабекқызының есімі тек егістік басында ғана емес, ғылым ордасының да тарихында алтын әріппен жазылуы керек.
Анамыз Сәлима өзінің ақтық демі қалғанша Сыр еліндегі әлеуметтік-мәдени мәселелерге белсене араласып отырды. Қармақшы ауданында салынған Қорқыт ата кесенесі мен Тұрмағамбет ауылында тұрғызылған ақынның ескерткішкесенесін тұрғызуды алғаш қолға алған біздің анамыз еді.
Әлі есімде, кішкентай кезімізде Қармақшы бекетіне жету үшін арғы жаққа қайықпен жүзіп өтетінбіз. КСРО Жоғары кеңесіне депутат болып сайланғанда анамыз Сырдария өзеніне көпір салу мәселесін бірнеше мәрте көтеріп, сол көпірдің салынуына қаржы бөлдірді, көпірдің іске қосылуына тікелей үлес қосты. Сол көпірмен қазір олай-бұлай өтіп жатқан жолаушылар кезінде сол көпірді салғызған Сәлима Жұмабекова екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Халық қалаулысы Сәлима Қызылорда облысының ауылшаруашылығының дамуына тікелей үлес қосты. Күріш егу мәдениетін дамыту, ғылыми-зерттеу институтының бастамаларын қолдау арқылы Қармақшы өңірінің аграрлық әлеуетін көтеруге тікелей атсалысты. Жас мамандар мен күрішшілерді қолдап, оларға өз кеңестерін аямады.
Анамыздың саналы өмірі әйел-аналардың, еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге арналды. Мәскеуде өткен жиындарда қазақ әйелдерінің еңбекке араласуы, көпбалалы аналарға қолдау көрсету, ана еңбегінің бағалануы секілді маңызды мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтып отырды. Өзі үлгі бола отырып, ел ішіндегі батыр аналардың мұң-мұқтажын билікке толассыз жеткізіп отырды.
Анамыз жатса-тұрса да «Ей, Жаратқан, абыройыңнан айырма!» деп жиі қайталайтын. «Өміріңді босқа өткізбе, әрбір күнің ізгілікке толы болсын» дейтін. Елге, халыққа қызмет ету, абыройлы өмір сүру – анашымның ең басты өмірлік ұстанымдары болатын.
Өмірде бәрі өткінші. Тек ананың мейірімі, жүректен шыққан жылы сөзі ғана – мәңгілік есте қалмақ. Анамыздың артында қалған ұрпақтары ол кісінің бойынан өмірге деген шексіз сүйіспеншілікті, сабыр мен даналықты, адамға деген мейірімділікті, кешірімді болуды үйренді. Анам «Бір күн өмір сүрсең де, жарық дүниеден тәтті нәрсе жоқ. Өмірді сүюді үйрен, қызым!» дейтін. Шын мәнінде, біз өмірді құлай сүюді, адамдарды түсінуді, өзіңді, өзгелерді құрметтеуді, сабырлы болуды – алдымен анамыздан үйрендік. Анамыз даналықтың сарқылмас бұлағы еді, біздің алғашқы ұстазымыз әрі рухани тірегіміз еді. Бір естелікті айтайын.
Кішкентай күнім. Менің мектепке киіп жүрген сұр көйлегім тозып, анам екеуміз ауыл дүкеніне бардық. Өзіме шақ көйлек табылмай, сәл кеңдеу болса да, бір көйлекті алып, қысқартып алармыз деп шештік. Үйге келсек, әлгі көйлек үлкен әпкем Ләйлеге дәл құйып қойғандай болды. Айнаның алдында шыр көбелек айналып қуанып тұрған Ләйленің көңілін қимай, анам «Жарайды, бұл сұр көйлекті Ләйле кисін, ертең мен өзім ауданға барып саған өзіңе шақ келетін көйлекті сатып әкелемін» деді. Су жаңа киімімнің орнын сипап қалған мен ботадай боздап жылап жібердім. Жер әлемге өкпелеп, көңілімнің бұлтын ешкім сейілте алмаған сәтте анам өзі сүйіп тыңдайтын Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнін әуелете жөнелгенде, мен еріксіз күліп жіберіппін. Сондағы анамның сұлу жүзі әліге дейін көз алдымда, әдемі дауысы әлі құлағымда, перзентіне деген күн шуағындай махаббаты әлі жадымда. Сол күні мен әпкемнің қысқарып қалған көйлегін кидім. Бірақ менің үстімдегі ол көйлек емес, анамның ақылымен тігілген сабыр шапаны іспеттес болатын. Аумалы-төкпелі өмірде торыққан бір сәттерде менің бақытты балалық шағымнан анамның әсем үні жаңғырып естіліп, әрдайым сабырға шақырып тұратындай:
Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді,
Күдерін құштарынан бір үзбейді.
Келесің гүл боп, еркем, көз алдыма,
Өзіңді мен іздемей кім іздейді?!
Әттең, дүние-ай! Тұрағың неткен қысқа еді?!
Сол бір күндер қайта оралса ғой, шіркін!
Басқа ештеңенің керегі жоқ – тек жанымда анам болса ғой... Анашым жанымда жүрсе, дүние тауқыметі мен жоқшылықтың бар салмағын көтеруге әзір едім. Өйткені менің Жұмағым – Анамның махаббаты, аппақ қардай көңілі, шалқар көлдей мейірімі, маңдайымнан сипаған ыстық алақаны еді ғой.
Тағы бірде әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде анам менің көңілімді жұбатып «Балам, жеміссіз ағашқа ешкім тас атпайды. Біреу аяғымнан шалды деп құлазыма. Аққа Құдай жақ. Бәрі өзіңнің адалдығыңа қарай болады. Әр қиянаттың артында әділдіктің таңы атады» деп жүрегіме үміт ұялатып, жігерімді қайрап жіберген еді. Анамның осы сөздері менің мәңгілік жадымда. Тағдырдың талай тауқыметін, жүз еркек болып көтере алмайтын небір қиындықтарды өз иығымен мойымай көтерген, менің нәзік те қайсар, қаһарман анамның әрбір сөзі өмірлік ұстанымыма айналып қалды. Өмір жолында кездескен сан қилы кедергі мен күрделі сындарды әділдіктен таймай, адамдық қалпыңды жоғалтпай, ішкі тазалығыңмен, адал ұстанымыңмен еңсеріп шығуға болатындығын ұғындырған – ол анашымның жүрек тереңінен шыққан, төзім мен адалдыққа бастар рухани мұрасы еді. Ақыл мен сабырдың алтын арқауындай болған анашымның өмірлік ғибраты маған күш беретін, түрлі жағдайда жаныма жарық түсіретін өмір қағидатыма айналды.
Біздің анамыз – тек мейірімділік пен төзімнің символы ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның көңіл кілтін таба білетін сирек жандардың бірі еді. Оның әрбір сөзі – жүрекке дем салатын, жан дүниеңді қалпына келтіретін ем-шарадай болатын. Анашым адам жанын оқитын, көзіңнің қарашығынан көңіл күйіңді аңғара алатын ерекше бір түйсікпен жаратылған жан еді. Кейде адамдар әзіл-шыны аралас «Сен қазаққа ұқсамайсың, шанадан түсіп қалған шығарсың» деп қағытпа сөз айтқанда, бала көңіліммен мұны ауыр қабылдап, анама келіп жылап алатынмын. Сол кезде анам, нағыз психоаналитиктерге тән әдіспен, жүрегімнің терең түкпіріне бойлап «Сен өзгешесің, бұл – тектіліктің белгісі. Олар сенімен теңдесе алмай, іштері күйіп отыр. Сен әдемісің, тіпті үнді әртістеріне ұқсайсың, қызым!» деп бір ауыз сөзбен менің әлеміме күн сәулесін шашып жіберетін. Сондай кездері өзім көңілім жұбанып, аңғармай жымиып, ішім жылып сала беретін.
Уақыт өз дегенін жасап, өмір алға жылжиды. Мен елу жасқа толғанда, анамды құттықтап тұрып, өзімнің ішкі даусыммен «Мама-ау, қартайдым ғой…» – деп ағыл-тегіл жылап жібердім. Ал анам тағы да сол баяғы сабырлы, бірақ ғаламат қуат беретін үнімен «Ойбуй, жаным-ау, сен әлі жап-жассың! Барып айнаға қарашы, қандай әдемісің, гүлдей жайнап тұрсың. Балаларың өсті, қолың босады – өмірдің нағыз қызығы енді басталады. Сен бұл жасқа құр жеткен жоқсың: атың Қазақстаннан асып, шетелге танымал ірі ғалым болдың. Ана болдың, азамат болдың. Алланың әрбір сыйлы күніне шүкірлік ет. Бұл жасқа жеткен де бар, жете алмаған да бар. Маған 50 жасым қайтып келсе, қанеки!» деп, маған жаңа тыныс бергендей рухани серпіліс сыйлады. Анашым психолог деген мамандықты оқымағанымен, әр сөзімен біздің ең нәзік сезімдерімізге ем табатын, қиналғанда көңілімізді көтеретін, бір ауыз сөзімен жанымыздағы алайтүлей сезімдерді тыныштандыратын жан емшісі еді.
Анамның даналығы – кітаптан ғана емес, күйбең тірліктің ішіндегі тиянақтылықтан, жүректен шыққан шынайы сөзден, үлкенді сыйлап, кішіні баулыған өнегеден тұратын. Анамды еске түсіріп отырып Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисіндегі «Жұмақ – ананың табанының астында» деген қасиетті сөзі есіме түседі. Өйткені біздің анамыз Сәлима – қарашаңырақтың отын өшірмей, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, барлығына жүрегінің жылуын бере білген алтын қазына – біздің мәңгілік бақыт мекеніміз, жұмағымыз еді.
Анамыз Сәлиманың даналығы – ұрпағын ғана емес, туған елін, жұртын сабырға шақырған, өмірді қадірлеуді үйреткен өмір мектебі болатын. Анамыз қайғырғанға – медеу, шаттанғанға – шапағат, адасқанға – бағдар бола білді. Оның бір ауыз сөзінде тұтас бір өмірдің философиясы, ғасырлық ақылдың көкжиегі тұнып тұратын. Оның бойындағы тектілік пен кішіпейілділік, адамгершілік пен парасат, қайсарлық пен қайырым – тек өз отбасының ғана емес, бүтін ауылдың, керек десеңіз, тұтас қоғамның тірегі болды. Сырдың асыл Сәлимасы – тереңнен тамыр тартқан бәйтерек, өзгеге – өмірдің дауылынан қалқалайтын шексіз саябақ еді. Бөтеннің мұңына бейтарап қалмай жылағанның көз жасын сүртетін, баз біреудің қайғысын үнсіз арқалауға дайын тұратын, өз бала-шағасының ғана анасы емес, елдің анасы бола білген асыл тұлға еді. Анамыз өзінің басына түскен қиындықты жұртқа сездірмей, басқаның басындағы ауыртпалықты өзінікіндей қабылдайтын. Әлі есімде, балалықтың бал күндері біздің қара шаңырақ – талай тағдырдың тығырықтан шығар панасы, үмітке айналған мекені болатын. Үйімізге сол шақта бірі күйеуінен қорлық көрген, бірі өмірден соққы жеген, бірі тағдыр тәлкегіне ұшырап өмірден баз кешкен әйелдер, апалар, келіншектер ағыла келетін. Сонда біздің анамыз, біздің алтын жүректі, мейірім-шапағатқа тұнған, адамшылықтың ақ туын жықпаған асыл анамыз – өзгелердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, шыр-пыр болып, қорған болып жүретін. Ұясын жыланнан қорғаған қарлығаштай тыным таппай, әлсізге қалқан, жылағанға жұбаныш бола білетін. Анамыздың жанында болған әрбір жан тіршіліктің жылуын да, адамгершіліктің шуағын да сезінбей қалмайтын. Бейтаныс әйелдердің көз жасы тамған алақандарын қысып тұрып «Қызым, сенің жаның жаралы, бірақ жара жазылады. Ең бастысы – адамдық арың мен ішкі сәулеңді жоғалтпа!» деп, аналық мейіріммен, рухани ұстаздықпен жанын емдейтін жайттарды біз кішкентай кезімізден жиі көріп өстік.
Анамыз Сәлима – өмір мектебінің шырақшысы, жүрегіне ізгілікті тұмар еткен қасиетті тұлға еді. Ол жағып кеткен ізгіліктің шырағы бүгінде артында қалған ұрпақтарының жүрегінде алау боп жанып тұр. Ноғай мен Сәлиманың қарашаңырағынан тараған он перзентінің әрқайсысы өз өмір жолында тек қайырым мен парасаттың жүгін арқалаған, тек ата-ана аманатын арқалап қоймай, сонымен бірге елдің ертеңіне қызмет етуді мақсат еткен тәлімгер ұрпаққа айналды. Қазір сол ұрпақтың балалары – немере-шөберелері де Сәлима ана салған сара жолмен абыроймен жүріп келе жатыр. Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, анамыз Сәлима Жұмабекованың өнегелі өмірі, ұлағатты тәрбиесімен өсіп-өнген ұрпақтары арқылы тұтас қоғамға қалдырған құнды мұрасы.
Анамыз Сәлима Жұмабекқызы адал еңбегімен ел жүрегінен орын алған біртуар тұлға. Ол – тағдыр салған түрлі тауқыметке мойымай, ұрпағын да, ұлтын да өрге сүйреген еңбек ері, аналық мейірімімен де, қайраткерлік парасатымен күллі қазаққа мәшһүр болған, үлгі болған қайталанбас тұлға. Анамыздың қасиетті Сыр елінің күріш алқабынан сонау Мәскеу мінберіне дейінгі жолы оның исі қазақ алдындағы ерен еңбегінің айғағы.
Міне, анамыздың бақиға аттанғанына да бес жылдың жүзі болыпты. Арамызда жүрсе анашымыз биыл тоқсанды еңсеріп, төріміздің берекесі болып отырар еді. Сағыныштан сарғайған жүрекпен өткенге көз жүгірте отырып, айтар тілегіміз бүткіл өмірін елі мен жеріне, Отанына, ұрпақ болашағына арнаған нар тұлғалы ананың ерен еңбегі ескерусіз қалмаса екен! Сыр елін исі қазаққа, қала берді бүкіл әлемге паш еткен Сәлима ананың есімі көше мен аллеяларға берілсе, ескерткіші бой көтерсе – бұл жай ғана құрмет емес, тұтас бір ұрпақтың аналық мейірімге, елдік рухқа, адал еңбекке бас июі болар еді. Осылайша, Ғасырдың анасы – Сәлима Жұмабекованың мәңгілік бейнесі тасқа басылып, тарихқа жазылып, ұрпақ жадында жаңғыра бермек.
Фатимабибі НОҒАЙҚЫЗЫ,
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
қауымдастырылған профессоры