» » » Анамдай ғазиз жан қайда?!

Анамдай ғазиз жан қайда?!

Бұл дүниеде адамның басында қандай атақ-даңқ, құрмет, байлық, жақсылық бар болу керек болса, соның барлығы анамыз – Сәлима Жұмабекқызының басында болды.
Ойланып қарасам адам үшін бақ-дәулет деген осы екен ғой.
Батырлық, қайсарлық, қайраткерлік, еңбекқорлық, ардақтылық, мейірімділік, батагөйлік!
Анамды ел сыйлаған тұлға ретінде емес, аялаған, тәрбиелеген ана ретінде көз алдыма келтірсем, яғни балалық шаққа бұрылып қарасам, айтарым өте көп...
Анамның тігін машинасымен тігін тіккені, көзі көрмейтін екі бірдей әжеме қарағаны, жаздың ыстығында күнге күйіп, ерні кезеріп, иығына кетпенін салып егіннен келе жатқаны, сабан сылақ жасау үшін жалаң аяғымен лай балшықты езгілеп жатқаны, қазанның астына отты жағып, ет жуып салып жатқаны, түтіндік қойып сиыр сауғаны, бізге самаурыннан шәй құйып беріп отырғаны, жиын-тойда көңілденіп құрбыларымен ән айтып отырғаны, біздің мектептегі ата-ана жиналысымызға қатысып отырғаны, еңбегінің жемісі ретінде сыйланған ақ Волга машинасын өзі жүргізіп, айдап бара жатқаны, барлығы-барлығы көз алдыма оралады.
5-6 жасым болу керек, аппақ капроннан әдемі көйлек тігіп бергені тағы есіме түсті, аяулы сәт!
Қолымнан ұстап, інім екеумізді бала-бақшаға апара жатқанын ұмытпаймын.
Үстінде қоңыр қара джерси күздік пальтосы болатын. Алақаны жып-жылы, қолынан “Любимое” деген қол кремінің иісі бұрқырап шығып тұратын...
Барлығы-барлығы есімде, әсіресе күлімсіреген көзі!
Адам біткенмен тек күлімсіреп амандасатын.
Анамыз – ана деген аяулы атқа өте лайықты асыл ана болатын.
Еңбек пен отбасы берекесін, балаларына махаббат, мейірімін аямай үйіп-төккен қайсар жүректі – сұлу ана еді!
Мейірімі шексіз ғой анамның! Бірде күзде менің мектепке киетін, жаңадан дүкеннен алған сұркөйлегімнің өлшемі үлкендеу болып, сіңілім Фатимабибіге алынған көйлек шақ болған соң, оған ескі сұр көйлекті кигізу үшін жыламасын деп анамыз “Әдемі-ау” әнін әдемілеп тұрып айтып, одан қалды сіңіліме түсіндіріп, содан жаңа көйлек менікі болып керемет қуаныш сыйлағаны есіме түсіп отыр.
Мейірімімен тоң-мұзды еріткен анашым-ау!
Біз әке-шешемізден тараған он бала анамызды он түрлі қырынан көріп, әрқайсысымыз өз естеліктерімізді айтамыз.
Анамыз ауылдық кеңесті де басқарған, трактор да айдаған, сатушы да болған, бірақ, еңбек бақытын күрішші болудан тапқан жан болатын.
Ел ағалары қызметтес боп жүргенде, анамның әйел ретінде ең керемет қасиеті – естіген әңгімесін отыз тісінен шығармайтын, сөзге беріктігіне риза болып, бұл Сәлима Жұмабекқызының ең биік адами қасиеті деп бағалаған екен.
Сөзге беріктігі, естіген сөзін елге жаймайтын қасиеті менің де бойыма сіңген.
Білімге құштарлығы да асыл қасиет!
Қартайған кезінде қолынан әдеби, танымдық кітаптар түспейтін.
Кітапқұмарлық менің де бойымдағы қасиет.
Ешкімді өсектеп жамандамауды, үйге сөз тасымауды өзі үлгі бола жүріп үйреткен еді, анамыз.
Есімде, мереке күндері жұмыстан босап, үйде болған сәттерінде құттықтап келген абысын-ажын, құрбы-құрдастарымен арқа-жарқа әңгімелесіп отыратын. Сонда біз дастарқан басына келіп, тамақтанып отырсақ, әңгімесін айтып отырған абысынына ”Балалардың көзінше ондай әңгімелер айтуға болмайды!” деп тиып тастайтын.
Өсек-сөзді ұнатпайтын, тыңдамайтын. Осы қасиет өз бойымнан табылғанына қуанамын!
Еңбекті сүюге, маңдай терін төгіп еңбек етуге үйреткен де асыл анам. Адамдарды сыйлауды, қадірлеп, құрметтеуді де үйреткен анам. Ол ел азаматтарын айналып, толғанып ақ батасын беріп отыратын.
“Ел-халқымнан айналайын, елімізді өркендетіп, ұлт ретінде мықтап ұстап отырған елімнің ер азаматтарынан айналайын!” деген сөзін ешқашан ақ батасынан тастаған жоқ!
Қазақ халқы аз-ақ болса да, ақ пейілі мен мейірімі – әлемді орап алатын халық қой, ал аналарымыздың мейірімді жүрегі он есе орап алады емес пе?!
Анам 25 тамызда дүниеге келген екен. Тамылжыған тамыз – күзгі байлық, берекенің бастауы. Анам да өте берекелі жан болған.
Алақаны ашық, жүрегі кең, мейірімі шексіз. Бірақ...
Иә, Алла Тағаланың үкімі жеткенде адам баласы мына дүниедегі барлық жиған-терген атақ-даңқын, бала-шағасын, байлық дүниесін, уайым-қайғы, тіпті ауруынан біржолата ада болып о дүниеге сапар шегеді. Болды, адам рухы бұл дүниеге бұрылып қарайын десе де, қарай алмайды. Қиыны... Сол адамның артында қалған жақындары қайтыс болған кісінің адами пішін-келбетін, бірге өмір сүрген сәттерін, істеген әр ізгілікті ісін қимай жылайды. Біз де анамызды қимаймыз, қиналамыз. Екі жыл да зуылдап өтіп барады. Ардақтымыз да тарих бетінде өзінің жақсы атымен жазылып, ғасыр қойнауына сіңіп бара жатыр. Дұға қыламыз, рухына тыныштық тілейміз.
Ләйле ДӘУЛЕТ
23 тамыз 2022 ж. 1 331 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 384

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 463

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930