» » Еңбектен бақыт тапқан Ана

Еңбектен бақыт тапқан Ана


«Бір ана бар Сыр бойында еңбеккер,
Күні-түні дән сәбиін тербеткен.
Маңдай термен табысқа арна салады ол,
Шабытты еңбек өз даңқында өрлеткен» деп ақын Запа Дәулетбаев әкеміз жырлағандай шоқтығы биік тұлға, ерен еңбегімен, халыққа көрсеткен адал қызметімен, қоғам, ұрпақ тәрбиесіндегі озық ұлағатымен, халқының құрметіне бөленген абзал Ана, Қазақ елінің мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, «Ғасырдың Батыр анасы» Сәлима Жұмабекова анамыздың жүрген жолы тұнған тарих. Ол өмірдің мәні еңбек екенін жас күнінен жадына түйіп, бала күнінен заман қиындығын, тірлік тауқыметін тартып жастайынан ауыр еңбекке белсене араласып ерте есейді. «1942 жылы әкем соғысқа аттанғанда небәрі жеті жаста едім, анамыз Ақсалы қандай жұмыс тапсырса да бас тартпай, қабақ шытпай атқаратынмын» деп күрсінуші еді. Дегенмен оған туған жер төсінде еңбек ету, түтін түтету, халықтың қалаулысы болу бақыты бұйырыпты. 1963 жылдары қолына диқан кетпенін ұстаған еңбеккер ана 1973 жылы 20 гектар күріштің әр гектарынан 113 центнерден өнім жинаған. Ел-халық қуанып, еңбек бағаланып Сәлима анамыз КСРО Жоғарғы Кеңеске депутат болуы нағыз еңбеккердің еңбегінің жануы еді. КОКП-нің ХХVI съезіне, Қазақстан Компартиясының ХІІІ-ХІV съездеріне делегат болып қатысты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Д.Қонаевтың кеудеме алтын жұлдыз таққан сәтінде «Айналайын қарындасым жұлдызың құтты болсын!» деген жан толқытар сөзі мәңгі жадымда деуші еді. Осындай қарапайым қазақ әйелінің зор құрметке бөленуі қажырлы еңбегінің арқасы болатын. 1953 жылы Ноғай әкемізбен шаңырақ көтеріп, 11 бала тәрбиелеп қоғамға қосқан анамыздың әр қадамы ерлікке толы болды.
«Жас кезімде Ыбырай Жақаевтың лебізін естіп, қолынан алып амандасқан адамның арманы бар ма?» деп ойлаушы едім, кейін Сыр өңірінен шыққан еңбек ерлері Айша Меңлібаева, Шырынкүл Қазанбаева сияқты апаларымызды үлгі тұттық деп мақтанышпен айтушы еді. Еңбек еленді, халық қалады. «Депутаттық мандатымды текке кетірмей халық игілігіне жұмсадым» деп мектеп оқушыларымен өткен кездесулерде жастарды патриоттыққа үндейтін тамаша әңгімелерін естіп өстік.
Қармақшы кеңшарының жерін тегістетіп, ауданға кірер жолда үлкен көпір салдырғанын халық мақтанышпен еске алады. Ауылдардағы әр бригаданың еңбекшілеріне төсек-орын, ыдыс-аяқ алып беріп, тапшылық туғызбайтынын, халықтың қажетін өтегенін білеміз. 1980 жылдары Жаңақорған санаториясын күрделі жөндеуден өткізіп, 10 жылдық мектеп салдырып, халыққа қуаныш сыйлағанын мақтан тұтатын. Осындай депутаттық уақытында Жамбыл гидромелиоративтік институтының Қызылорда қаласынан филиал боп ашылуына көп жәрдемім тиді деп отырушы еді. Өткен ғасырдың 1970 жылдардың ортасына дейін Қызылорда қаласында Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтынан басқа жоғары оқу орны жоқ еді. Ол тек педагог мамандар ғана даярлайтын. Ал облысқа техника саласындағы мамандар өте қажет болды. 1976 жылы КСРО ауыл шаруашылық министрінің бұйрығымен Қызылорда қаласында Жамбыл гидромелиоративтік институтының филиалы ашылды. Оған филиал директоры етіп техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Уәлихан Бишімбаев тағайындалды. Енді жаңа институттың құрылысын жүргізу жұмысын атқаруда қаржы тапшылығы қол байлау болды. Өйткені одақтық билік арқылы шешілетін қаржы қажеттілігін шешу үшін КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың ғана мүмкіндігі бар еді. Осы мәселеде академик Уәлихан Бишімбаевтың еңбегі елеулі болды. «Ол маған Жамбыл Гидромелиоративтік институтын Қызылорда қаласынан филиал болып ашу жөнінде көмек сұрап хат жолдады. Мен осы мәселені орындау үшін Мәскеуге қаржы министрлігіне хат жолдадым. Бірақ 3 айға дейін хатыма хабар болмады. 1981 жылы КПСС-тің ХХVІ съезіне делегат болдым. Осы Мәскеуге барар тұсында Уәлихан Бишімбаевтан өзіммен бірге Сұлтан Маханбетов деген азаматты сұрап алдым. (Себебі орысша білмейтін едім). Сұлтан Махамбетовты ертіп Мәскеудің қаржы министрлігіне арнайы бардым. Маханбетов Сұлтан хатшы қызға Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова екендігімді министрге айтуды өтінді. Сол сәтте ұзын залда министр өзі алдымнан шығып күтіп алып, кабинетіне ертіп барды. Амандық-саулықтан кейін жазған хатымның жауабын сұрадым. Ол кісі хатты алмағандығын айтып, дереу хатшы қызды шақыртып хатты іздетті. Сөйтсе хат басқа бөлімде жатып қалған екен. Хатпен дереу танысып, шұғыл институттан өкіл шақыртып екі миллионның үстінде қаражатын шешіп берді. Келгеннен кейін Уәлихан Бишімбаев көп ұзамай жұмыстың басталғанын хабарлады. Сол қаржыға бүгінгі қолданыстағы үлкен комплекс салдырып, оқу орнымен, жатақханамен қамтамасыз етілді. 1981 жылы филиал өзінің алғашқы түлектерін ұшырды.
Халықтың қаншама баласы білім алып, республиканың әр аумағында қызмет етіп жүр. Сонымен Қызылорда облысының тарихында жаңа бір үлкен жоғарғы оқу орны дүниеге келді. Филиалдан жеке дара институтқа айналды.
Бұл қызметімді көп іс тындырдым демеймін, еліме пайда келтірген перзенттік борышым деп білемін» деген еді Батыр ана. Ел халықтың жағдайы жақсарып, еліміз егемендік алған тұста да өзі дүниеге келген Ақжар ауылына, келін болып түскен «Атам ауылы» деп атайтын Тұрмағамбет ауылына заманауи мәдениет үйін салып беруге бастамашы болып, халық игілігіне жарағанын көзімен көріп қуанып отыратын. Еңбегімен елге танылды, халық мақтанды, ұрпақ шаттанды. Ақын, жыршылар өз жырына қосып, ұлы еңбектің даңқын асырды.
«Кете Жүсіптің «Адамдық пен надандық» өлеңінде:
«Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,
Табиғат түбі терең қол жетпеген.
Өнерін өмірінің біле тұрып,
Маңдайын пенде бар ма, терлетпеген» дегендей, өз өмірінде Сәлима апамыз еңбекпен маңдай терлетіп, сол еңбектен бақыт тапқан ана.
«Батыр Ана жүрген жолы бәрі аңыз,
Халқын сүйген ардақ тұтқан данамыз.
Жұмақ болсын мәңгі мекен тұрағы,
Иман нұрға бөлен Батыр анамыз.
Алтын дәнмен бой түзеген сымбаттым,
Ұлы еңбек ырғағымен үн қаттың.
Қарапайым қара қызы қазақтың,
Еңбегіңмен бар ақынды жырлаттың».
Ес білгеннен өмірдің мәні еңбек деген ұстаныммен ізінен шәкірт ерте білген абзал Ана тек Сыр бойы ғана емес, барша Қазақ халқының біртуар мақтанышы. Жауапкершілік жүгін зор сеніммен арқалаған, ұлы еңбектің көрігін қыздырып, қарапайым диқаншылықтан даңқты Еңбек Еріне айналуы Сәлима анамызға Алланың берген бағы деп бағалаймын. Отбасында қажырлы да қадірлі ана, ал қоғамда дала төсін еңбек дүбіріне бөлеген майталман ана бола білген тау тұлғалы бейнесімен, пайым-парасатымен ұрпаққа өшпес үлгі болып қала береді.

Зарипа ТАСЫМОВА
27 наурыз 2021 ж. 762 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (10301)

07 мамыр 2024 ж.

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031