» » Музейге Сәлима ананың заттары тапсырылды

Музейге Сәлима ананың заттары тапсырылды

Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектепте Білім күні ерекше жағдайда өтті. Білім ұясының ауласында өткен іс-шараға ауыл ардагерлері, ардагер ұстаздар, ата-аналар педагогтар мен оқушылар қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранымен басталған салтанат қонақтардың жылы лебізімен жалғасты.

Ауыл әкімі Мұрат Алдамұратов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Дәулетов, «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Айдарбекұлы, ардагер ұстаз Зарипа Тасымова, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Марат Сарыөзеновтер мектеп ұжымы мен шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, мектеп директоры Ақмарал Жарасова сөз сөйлеп, өткен оқу жылындағы жетістіктерге айрықша тоқталып кетті. Білім ұясынан түлеп ұшқандардың 1-еуі «Алтын белгіге» және 2 оқушы «Үздік аттестатқа» аяқтаған. Өткен оқу жылында барлығы 16 оқушы мектеп бітірсе, олардың Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 10-ы қатысып, 10-ы да мемлекеттік грант иегері атанған. Жалпы, жаңа оқу жылында 359 шәкірт мектеп партасына отырса, 1 сыныпқа 34 бүлдіршін қабылданған. Алғашқы қоңырау жиынында мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппе» кітабы салтанатты түрде табысталса, олар да өз тараптарынан тақпақ, әдеби-монтаж даярлап, аға буын өкілдерінің ыстық ықыласына бөленді. Елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнай берсін деген мақсатпен хормен ән салып, аспанға шар ұшырды.
Бұл күні мерекелік іс-шараға Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, Сыр анасы атанған Сәлима Жұмабекованың қызы, филолог, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы мен облысы бойынша филиалының төрайымы Ләйле Дәулет Алматыдан арнайы келді. Ол Сәлима анамыздың мемлекеттік қабылдаулар мен жоғары дәрежелі іс-шараларға киген киімін, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен болған кездесулерде, отбасында, күріш алқабында және жеке түскен естелік фотосуреттерін, Батыр ана жайында жазылған кітаптар мен көзі тірісінде шаңырағының төрінде сақталған бір уыс күріш дестесін мектеп мұражайының қорына тапсырды.

– Сонау Алматыдан арнайы келдім. Бірақ туған ауылымызда Жарылқасын, Әбілқасым есімді ағаларым тұрады. Ол кісілер де келіп отыр. Біріншіден, алғаш рет мектеп қабырғасына білім алуға келіп тұрған 1 сынып оқушыларының ерекше мерекесімен құттықтаймын. Екіншіден, мектеп директоры Ақмарал Дәуренбекқызының ұсынысымен біздің анамыз, сіздердің жерлестеріңіз, республика, Одаққа танымал болған Сәлима Жұмабекқызының өзі тұтынған заттарын жәдігер ретінде мектеп музейіне тапсыруға әкеліп отырмыз.

Оның ішінде, фотошежірелер – 1980 жылы Дінмұхаммед Қонаев атамыздың қолынан анамыздың «Алтын жұлдыз» алып жатқан сәті. Мына фотосы Тұңғыш Президенттің Сыр еліне келген іссапарында облыстың қайраткер аналарымен кездескен кезінен түсірілген. Анамыз – 42 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болса, 44 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. Ол кісі жайында бірнеше портрет салынған. Бұл суретті де музейге ұсынамыз. Осы фото Алматыдағы «Анаға құрмет» мұражайында да сақтаулы тұр. Анамыз 1973 жылы «Батыр ана» орденін алған. Соны растайтын Л.Брежневтің қолы қойылған бұйрығын да қоса ала келдік. Жас және өмірінің соңғы кездеріндегі суреттерін де енді музейден көре аласыздар.

Тұрмағамбет ауылы ақ маржанымен танылған елді мекен. Сол себепті де серіктестік төрағасы Нұржан Пірмантаев бауырымызға күзгі орақ науқанында толағай табыстар тілеймін. Анамыз жылда күріш орағы басталғанда аймақтың, ауданның басшыларымен бірге келіп, бата беріп отыратын. Мына суреті сондай сәттен көрініс. Анамыз осыдан 3 жыл бұрын дүниеден өтсе де, артында айта жүрер естеліктер қалды. Соның бірі – ол кісіге арналған «Қазақ әйелдерінің ұлттық болмысының образы» тақырыбындағы облыстық танымдық конференциясы. Мынау сол уақытта жүргізілген зерттеу еңбегі. Мұны да мектеп оқушыларының еңбек адамының өмір жолын біліп-тануы үшін мұражайға тапсырмақпыз, – деді ол жұртшылық алдында Сәлима анамыздың тұтынған заттарын мұражайға тапсырып тұрып.

Сонымен қатар, Ләйле Ноғайқызы ән салып, мектеп басшысына қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады. Іс-шара соңында Тоғанас Сарыбаев ақсақал жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 қыркүйек 2023 ж. 489 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

№70 (10335)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (10334)

30 тамыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 368

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30