» » СӘТБАЙ – БОХАЙ ЖОЛЫ

СӘТБАЙ – БОХАЙ ЖОЛЫ

«Қарақұм» тарихи-танымдық экспедициясы негізінде кезіндегі ел аузындағы естелік әңгімелер, архивтік құжаттар (қаулылар мен хаттамалар) және ХХ ғасырдың 2-жартысындағы фотосуреттерге сүйеніп, Қарақұм даласында мал жайлаған көнекөз қариялардың көзін көрген, әңгімелерін естіген кісілермен сұхбаттасып, біраз кісілермен жүздесіп музей қызметкерлері тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мақсатымыз – Қарақұм даласындағы жер-су атауларының тарихы туралы деректер жинақтап, музей қор дерегін аңыз-әфсана, тарихи ақпараттармен толықтыру.
Ауданға қарасты Қармақшы ауылы бұрынғы Қармақшы совхозы 1970 жылдары қой шаруашылығын дамытып, жоғары жетістіктерге жеткен аудандағы іргелі совхоздың бірі болған. Совхоз 1976 жылы Қарақұм даласындағы Тышқантам деген жерге 2 қой фермасын орналастырып бірнеше отар-отар қой жайлаған.
Совхоздың бір отар қойын баққан Мешітбай деген кісінің баласы Медетбай жас кезінде үлкендерден естіген әңгімесін біздің зерттеу жұмысымызға тұздық қылып айтып берген еді. Медетбай ағамыздың айтқаны өлкемізге қатысты ел аузындағы Қармақшы ауданының шығыс солтүстік-шығыс беткейіндегі жер-су атауы туралы тарихи деректердің бірі болатын.
ХІХ ғасырда Ақмешіт қамалын басып алған қоқандықтар қамалдың маңайындағы елдерді шауып маза бермей, алым-салық төлеп отыруға және салыққа қоса қыздарын да беруге мәжбүрлеп, қысым көрсетеді екен. Содан Сәтбай деген кісі «Бұлай болмайды, бұған бір амал жасап, қоқандықтардың озбырлығын басу керек» деп орыс патшалығынан көмек сұрау керегін айтады. Ол уақытта орыс патшалығының Қазақ жерінде бекіністер салып, Орталық Азияны жаулап алу саясатын мақсат тұтқан кезі еді.
Сәтбай көзі ашық оқыған кісі болса керек, атбасы алтыны мен елден қаржы жинап, сыйсияпатымен орыс патшасына барды. Патшаға еліндегі жағдайды айтып, мен тек елімнен қоқандықтарды ығыстырып жіберсем болды деп әскеріне еш зиян, шығын келмейтініне сендіріп, әскер беруге көндіріпті.
Сонда Патша бір генералын қару-жарағымен, екі мың атты әскерін береді. Ел жауда жатыр, тездетіп жету керек, қарулы қалың әскерді ертіп, күн-түн демей жүріп отырады. Ұзақ жүрістен шалдыққан әскердің біреуі генералға барып «Мына мұсылман сатқын. Бұл бізді алдап келе жатыр, біз демалмаймыз ба, атымызды суармаймыз ба, қырылатын болдық қой. Мұны өлтіріп тастап, кейін қайтайық, қашып кетті» деп айтармыз дейді. «Жоқ болмайды. Бұйрықты орындау керек, шыдайық» деп генерал басу айтады екен.
Қарақұм даласын жүріп өту үшін қалың құмды басып өту керек. Құмда табиғи ағын су жоқ болғандықтан, жер құдықтар қазып көміліп қалмас үшін бетін жауып кетіп отырады екен. Ал жер құдықтар тура жолдың бойларынан табыла бермейді, құмның арасында әр жерлерден қазылған. Елге тез жету үшін әскерді туралатып жүргізіп бастап келе жатқан Сәтбайға әскердің басшысы әлгі генерал келіп «Әй, сен өзі бізді қайда алып бара жатсың? Мынау не су жоқ, ел жоқ. Бізге дұрыстап жөніңді айт, қане» деп қыспаққа алғанда, Сәтбай генералдан шамалы шыдауын сұрап, әскерді тағы біраз жүргізген екен. Сәтбай айтқан уақытындай жүргеннен кейін қараңғы түн болса керек, астындағы атынан түсіп жерді сипалап құдықтың бетін тауып қақпағын ашқанда, картасыз ми далада, оның үстіне қараңғы түнде құдықты тауып дәл үстіне түскеніне орыстар таң қалып, мына қазақ тегін емес деп Сәтбайдың жершілдігіне риза болыпты.
Содан діттеген жерге әскерді жеткізіп, бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласының қасындағы Қарауылтөбе деген жерге орналастырып, зеңбірекпен атқылап қоқандықтарды ығыстырып жіберген екен. Айтқаны айтқандай-ақ мақсатына жеткен Сәтбай патшаға әскерін аман-есен бірде-бір шығынсыз қайтадан апарып табыстап, патшаның ризашылығын алып, құрметіне бөленіп, қонағы болып еліне қайтқан.
Сол уақыттарда өмір бақи жол торып жүретін Бохай деген ұры Сәтбайдың патшадан қайтып келе жатқанын естіген, бұл Сәтбай патшаға әскерін еш шығынсыз қайтадан табыстады, не де болса көп олжаменен келе жатыр деген оймен жолын ториды. Аңдып жатып, Сәтбайды кездескен жерінде атып өлтіріпті. Қалтасын қараса жиырма тиын ғана шыққан екен. Ол уақытта мұсылман адам қалтасына жиырма тиын немесе пышақ салып жүреді екен. Егерде дүзде жүргенде қапыда мерт болып жатса, сүйегін тауып алған адам бетімді жапса ақысы болсын деген ойменен.
Сонда Бохай «қап, бекер істедім-ау» деп өкініп жиырма тиыны мен үстінде патшаның арнайы тігіп берген мондер костюм-шалбарын олжалап, Сәтбайды жасырып көміп кеткен.
Арада уақыт өткен. Патшаға әскерін қайтарып тапсыруға кеткен Сәтбай жоқ, ел халық оны іздеп патшадан сұрастырады. Патша Сәтбайдың қайтып кеткенін, үстіне арнайы тіктіріп костюм-шалбар кигізіп жібергенін айтады.
Сәтбайды іздеушілер патшаның айтқанындай костюм-шалбарды Бохайдың ел арасында киіп жүргенін көріп, оны ұстап алып мойындатып, Сәтбайды жасырған жерін анықтайды да, сол жерде Бохайдың өзін де өлтіріп көмген.
Патшаның қалың екі мың атты әскері жүрген ізі тапталып, жол болып, Сәтбайды өлтірген, Бохай да осы жол бойында жерленгендіктен «СәтбайБохай» жолы деп ел аузында қалған екен. Кейінде бұл жолмен керуен жүріп үлкен күре жол болып, кешегі ХХ ғасырдың басына дейін болған. Көнекөз қариялардың айтуынша 1980 жылдары бұл жолдың сүрлеу болып ізі ғана көрініп жатқан деседі.
Әзірбек ІЛИЯСБЕКҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
23 қазан 2024 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 991

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031