» » Зерделі ойдың иесі немесе ардақты азамат, тұғырлы тұлға

Зерделі ойдың иесі немесе ардақты азамат, тұғырлы тұлға

Жаратылыс заңы бойынша ұрпақ пен ұрпақ алмасып жатады. Осы аралықта өзінің өнегелі ісімен, ізгілікті ізімен көптің көкейінде қалып, есімі үнемі ескеріліп тұратын тұлғалар болады. Жалпы өмірде көргені мен түйгені мол, қызметтің талай сатысынан өткен, ауданның бірнеше басшысымен қызметтес болған, мақтан тұтарлық шәкірттер тәрбиелеп, өмірде адамгершілік пен азаматтықты бәрінен биік қойған, қандай жетістігі болсын мақтануды, «мен атқардым», «мен істедім» деуді білмейтін, еңбегін пәлденбеген, табысының да сырын айтып жар салмайтын азаматтың бірі – мақалаға арқау болған ауданның «Құрметті азаматы» Жаңаберген Сәденов.
ір ауылдың түлегіміз. Сол кісінің ізін қуып жұмыс жасасақ, кейіннен бірге қойын-қолтық қызметте болдық. Ол кісі туабітті мұғалім, аудан кадрларының ұстазы болды. Мен «Сіз маған сабақ берген жоқсыз, сондықтан да маған мұғалім, ұстаз емессіз» десем, «иә, сен дұрыс айтасың» деп сыпайы ғана жауап қайтаратын. Бірақ ол кісі өмірде мен үшін шынайы ұстаз болғаны анық. Осындай ұзақ жылғы қызмет кезеңде алған әсерімді жоғарыда келтірдім. Ол кісінің өмір жолы мен атқарған істері жайлы қалың том кітап жазуға болады. Бірақ ол менің қолымнан келмейтін жүк. Олай болса, ұстазымды мақтан тұта отырып, оның бойындағы естіген, өзім куә болған тек белсенді қызметтері жөнінде қысқаша хабардар етуді жөн көрдім.
Жаңаберген Сәденов 1934 жылдың 10 мамырында Ақжар ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен орта білім алған соң Қызылордадағы педагогикалық институтын физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1955 жылы өзі оқыған №28 орта мектепте мұғалім болып, ұстаздық жолын бастаған. Ол мамандығын сүйетін, жауапкершілігі жоғары мұғалім болып қалыптасып, көп ұзамай оны оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатады. Осы қызметте абыройлы жұмыс жасауының нәтижесінде Ақжар кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланып өндіріске араласса, 1965 жылы мәдениет саласына, яғни аудандық киножүйесінің директоры қызметіне келді. Білімін, іскерлігін, күш-жігерін өзінің оқыған, қызмет бастаған ауыл халқының мәдени, рухани өсуіне, шаруашылықтың дамуына, азаматтардың өсуіне бағыттады. Адал еңбегі ескерусіз, еленбей қалған жоқ.
Жалпы Жәкеңді толығырақ тану үшін кейінгі лауазымды қызметтерінен бұрын алдымен алғашқы өмір бастауына үңілу қажет сияқты.
Үлкен азаматтық жол сол балалық шағынан, оның шыққан тегі, алған тәрбиесінен басталады. Негіз сонда жатыр. Сол негіз болмаса, қазақ отбасының асыл қасиеттерін ата-анаға, жалпы үлкенге құрмет, бауырға қамқорлық, ағайынға рақымшылық, азаматтық әліппелері – адалдық, әділдік, мәрттік сияқты қасиеттерді бойына сіңірмеген болар еді. Ой-өрісі кең, адамдардың алдындағы өз борышын, жауапкершілігін жете түсінетін.
Жәкеңнің Назымкүл апайдай жар тауып отбасын құруы, өмір мақсатына жетуде өзіндік негіз болғандай, өміріне мән бергендей. Сол отбасындағы береке арқасында жайсаң жандармен танысып, керемет достар табады, біртіндеп қызмет сатыларымен биіктейді. Қамқор адамдар, берекелі отбасы, өзін қаумалаған достары мен күнделікті тіршілікте жан-жақты араласқан азаматтары қызметте абырой биігінде жүруіне негіз болған. Кадр мәселесін іріктеуде, олардың қарымқабілетін жан-жақты зерттеп, зерделеуде, жауапкершілік сұрауда сол кезде қалыптасқан тәртіп ерекше болатын. Ілуде біреу болмаса кездейсоқ кадрларға есік жабық еді. Ауданның ақ үйі атанған партия комитетінің кадрмен айналысатын бөліміне қызметке алынады. Сондағы сатылардан өтті. Нұсқаушы, аудандық ұйымдастыру және партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болды. Аудандық партия комитеті аудандағы ақылой орталығы болса, оның ұйымдастыру және партиялық жұмыс бөлімі, яғни кадр бөлімі, оның жүрегі болып саналатын. Аудандағы барлық басшының кадрлар есебі осы бөлімнің қолында, соның сүзгісінен өтеді. Ол кезде қазіргідей командамен жүру жоқ, тамыртаныстық тежелген, кейбір мансапқор мен пысықайдың өзі осы сүзгіден өте алмас еді. Содан да бұл бөлімнің орны ерекше болатын. Жиырма жыл бойы сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары А.Жанпейісов, Е.Көшербаевпен және одан кейінгі аудан басшылармен қойын-қолтық жұмыс жасауы, өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық, принципшілік, жағдайды жан-жақты байыптап, нақты жағдайды көре және оны зерделей білуі, жауапкершілікті жете сезіну қасиеттеріне тікелей байланысты болды. Сол жұмыстарды қалай атқарғанының өлшемі жоқ, оны метрмен немесе келімен, көлеммен өлшей алмайсыз. Тіпті алған марапаттаулары да өлшем бола алмайды. Басты баға – жұрттың бағасы, айнала бірге қызмет жасағандардың бағасы. Олардың қай-қайсысын сөйлетсең де Жәкең туралы жақсылық жағын, парасаттылығы мен ұйымдастыру қабілетін, қарапайымдылығы мен сыпайылығын, іскерлігі мен кішіпейілдігін, таза да адал екенін шын ықыласпен айтады.
Әрине, кадрларды бюро бекітеді, бірақ сол бюроға мәселені дайындайтын бөлім, оның қызметкерлері. Олар негізінен басшылардың назарындағы кадрлар. Бірақ кадрлардың ішекқарнын ақтарып, зерттейтін бөлім. Сол кезде жақсы адамның аяғынан шалуға да болады, кейбір пысықайды өткізіп жіберуге де болады. Жұмыс істеген кезінде алдынан ондаған емес жүздеген адам өтті. Алғашында кейбіреулері жан-жақты пісіп-жетілмеген жас болса да, кейін байсалды басшыға айналып, көз алдында өсті. Солардың көпшілігі өмірде, қызметте өз орнын табуға көмек көрсеткен, жол сілтеген ұстазы есебінде сыйлап құрмет көрсетті, әркез жолы түскенде арнайы келіп сәлем беріп, ықыласын білдіретін. Ал Жәкең болса «қызмет солай болды ғой, солай етуге тиісті едік қой» деумен шектелген. Сол адамдардың өмірі, тағдыры, оған өзінің араласқаны туралы жазса, ол бір ғибратты дүние болып шығар еді.
Қазір өмірінен естелік жазып, әйтпесе біреуге жаздырып, кейбір болмағанды болғандай, бар істі өзі атқарғандай, барлық адамға қамқоршы да қолдаушы, біреулердің өскеніне тікелей себепші болғанын көрсете отырып кітап шығарып жатқан көп. Жәкең олардың ауылынан емес. Жазатыны, айтатыны көп-ақ. Айту өз алдында, жазу да қолынан келетіні баршаға белгілі. Қандай бір анықтама, ақпарат, хабарлама, қатынастарды жедел жазса, баяндамаларды да тез арада дайын ететін. Өзі айтатын баяндаманы ой елегінен өткізіп жүріп, екі-үш күнде жазып тастайтын. Ол кезде баяндама машинкаға басылған 30- 45 бет аралығында болатын. Міне, сол баяндамаларды тасқа басқандай, өшірмей, қайта көшірмейтіндей жазып, дайын еткенінің талай куәсі болдық. Маржандай көркем жазылып шыққан сол баяндаманы қолжазбамен де оқуға болатын. Сол кезеңде аудандық партия комитетінде Жәкеңе, Әмірхан Жомартовқа, Тұрсынбек Бекпановқа кез келген уақытта маңдай тіреп барып, ақыл-кеңес алатынбыз. Әсіресе дайындаған анықтама мен қаулы, хабарлама мен баяндаманы апарып, ол кісілердің тезінен, күзеуі мен түзеуінен шыққаннан кейін тіпті басқаша сипаттағы мазмұнға мазмұн қосылған, сөзі де, сөйлемі де жатық, ерекше дүние болып шығатын. Ол кісілер менің уақытым жоқ, болмаса менің жұмысым емес, міндетті емеспін деген сөз айтпай-ақ ағалық көмегін көрсететін. Жомартов Әбекең аупартком бірінші хатшысының көмекшісі, әрі жалпы бөлім меңгерушісі есебінде келіп түскен барлық қаулы мен хат-хабарды және өздерінен шығатын бүкіл ақпаратты өзі тіркеп, барлық конференция, пленум, бюро қаулыларын таратып, бақылау орнатып хатшының жұмыс кестесін жасап, өткізген түрлі мәжілістердің хаттамасын жазып, қабылдауларын ұйымдастырып, бақылауға қойып, кеңсенің бүкіл шаруашылық жұмыстарын бір өзі үйлестіріп отыратын. Сөйтіп отырып біздің ақпараттарымызды, әсіресе орыс тілінде жазылғандарын қарап беруге қалай уақыт табатынына таңғалмасқа болмайтын. Соның бәрі ол кісілердің біліктілігі мен қабілетінің нәтижесі деп ойлаймын.
Жәкең сезімтал, байқағыш қандай басшы немесе қызметкер болсын психологиясын жақсы меңгеріп, алдын ала сезе білетін. Көп оқып, көп ізденетін. Жаңалықтарды, тың ұмтылыстарды тез зерделейтін. Ойлау қабілеті өте жоғары болатын. Қандайда бір күрделі мәселелер мен сұрақтардың шешімін алдын-ала болжап отыратын. Басшылықтың көзқарасын, ұстанымдарын, жұмыс бағытын алдын ала түсіне, ой елегінен өткізе отырып, көп мәселені үндемей-ақ, жарияға жар салмай шешімін жасай беретін. Мамандығы пән мұғалімі болғанымен аудан өміріндегі қандай бір мамандықты болсын өзінің көп оқуы мен зерделілігінің арқасында меңгерді десем, артық айтпаған болармын. Қай саланың кадры болсын сол саланың маманы сияқты тең пікір алмасып, тең сөйлесетін, ақыл-кеңестерін беретін. Күріш егісінің агротехникасында Ипатовтың әдісін қолдануды жете зерделеп, оны ауданның семинаркеңестерінде хатшының аузымен сөйлетіп, бүкіл аудан егіншілеріне жеткізіп, қолданысқа енгізуі Жәкеңді ауданның «Ипатовы» атандырды. Міне, мұндай жағдайларды ол кісінің қызметтік өмірінде көп кездестіруге болады.
Еліміз егемендік алып, енді ғана тізгінін қолына ұстап, дербес саясат жүргізе бастаған кезеңде әлеуметтік саясатқа байланысты үкіметке берілген тапсырманы жергілікті жерде үйлестіруде, ұйымдастыруда Жәкеңнің аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруы өзіндік бір белес болды. Сол кезеңдегі елдегі экономикалық, әлеуметтік мәселе күрделеніп зейнеткерлер білім мен денсаулық, мәдениет пен әлеуметтік салалардың қызметкерлері зейнетақы мен жалақысын, мүгедектер мен аз қамтылған отбасылар жәрдемақысын 5-6 айлап алмай, егемендігімізге сызат түсіріп жатқан уақытта ауданымызда Жәкеңнің атқарған қызметі ерекше атауға тұрарлық болды. Жоғарыда аталған топтардың қандай өкілі ашу-ызамен барып, ештеңені қолына ұстап шықпаса да алғандай болып, риза көңілмен қайтатын. Ол кісі қабылдауға келгендердің өтініш-тілектерін байыпты тыңдап, тең сөйлесіп, жете түсіндіріп, абзал азамат, ел ағасы ретінде өзінің біліктілігі мен тәжірибелілігін көрсетті. Оның қабылдауынан кейін, аудан әкіміне шағыммен келетіндер санаулы болатын. Сөйтіп, өзіне түскен жүкті, жауапкершілікті ерінбей, уақытпен санаспай еңбек етіп, қызмет биігінен көріне білді.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене араласты, 2011 жылға дейін «Отан» саяси партиясының аудандық ұйымы төрағасының орынбасары, атқарушы директоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқарды.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарында халықтың еңсесін түсірмей, ұйымшылдықпен еңбек етіп, бірлігімізді нығайтуға, Президент саясатын қолдауға шақырып, баспасөз беттерінде мақала жариялап, Тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған насихаттық шараларға белсене араласты.
Облыстық, аудандық баспасөзде «Ұлттың қуаты – тілінде», «Тілге құрмет – елге құрмет», «Қазақ тілінің құдіреті» «Елдің ертеңін ойласақ», «Ана тілі – арымыз» секілді мақала жариялап, мемлекеттік тіл ретінде ана тіліміздің өз орнын алуы жолындағы кедергі мен қиыншылықты ашық көрсетіп, жұртшылықты тілді құрметтеуге, оның болашағына жол ашуға шақырып, тіл үшін күрес, тәуелсіз еліміздің болашағы мен қалыптасуы, мықты ел болуы үшін күрес екенін жан-жақты түсіндірді.
Газет бетінде жарық көрген мақалалары қомақты еңбек деуге болатындай. Адам баласы тіршілігінің тұтқасы ар-ұят екенін, рақымшылдыққа, қанағатшылдыққа үйрену керек екенін ескерту арқылы әркімді өз орнын табуға шақырады. Сөз ұғатын, ой қадірлейтін әр адамның таным көкжиегін кеңейтуге атсалысар қадау-қадау ой түйіндері, өміртаным толғамдары тек ұлттық емес, жалпы адамзаттық биіктіктен үн қатады.
Ол өзінің адамгершілігі, әділ де таза жүрегі, атқарған істерімен халыққа қамқоршы болып, есімі елдің есінде қалды. Атқарған істері, сіңірген еңбегі халықтың көз алдында. Ол туған халқына қалтқысыз қызмет еткен, өзі де, жүрегі де, қолы да таза, әділетті әрі принципшіл, жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсеткен адал адам. Өте ұстамды, сабырлы, көп сөйлемейді, егер сөйлей қойса, нүктесін қойып бір-ақ айтатын мінезі болатын. Әңгімені өте тауып айтуымен, отырған ортаны тарта білетін қасиетімен ерекшеленетін. Қандай бір кісімен қалжың айтса да сыпайылығы мен парасаттылығы көрініп тұратын.
Жәкең отбасын қасиетті санап, қай уақытта да жоғары қоятын. Жалпы үлгілі шаңырақ иелеріне айналған жұбайы Назымкүл апа екеуінің өзгелер үшін де берер өнегесі жетерлік. Ол кісінің жеткен биігіне апайдың сүбелі үлесі бар екенін жоғарыда да атап өттім. Ол үйге қашан барсақ та, қанша отырсақ та қабақ шытпай ақжарқын қалпында үлкен ілтипатпен, дастарқанын жайып, ыстық пейіл көрсетіп отырады. Отбасының тәрбиесін бойына сіңіре білген балалары, немерелері ешқандай у-шусыз, ашық-жарқын қызмет көрсетеді. Әке өмірінің жалғасы Қайраты, қыздары Анар, Айна, Алма, Айнұр, Ақботалар жоғары білімді маман атанып, мемлекеттік қызмет пен ұстаздықты кәсіп етіп, ата-ана атына сын келтірмей абыроймен еңбек етуде.
Таудан қанша қашықтағаныңмен ол биіктігін жоймайды дейді. Қазір өмірге келгеніне 90 жыл толып отырған Жәкең де бізге, кейінгі ұрпақтарға сол биіктіктің үлгісіндей болып есте қалуда.
Ата-бабаларымыз жақсыларға «сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға беретіні белгілі. Мен де Жәкеңдей «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың иманы жолдас, алды пейіш, арты кеніш болып, ұрпақтары ата жолын жалғай берсе демекпін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы
30 сәуір 2024 ж. 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031