» » Ұстаз салған сара жол

Ұстаз салған сара жол

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін әрдайым қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаздың еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Өйткені, ұстаз еңбегінің арқасында ғана әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алады. Шәкірт ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады, сөйтіп өмірден, қоғамнан өз орнын табады. Сондықтан «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейтіндей, үлкен өмірге жол сілтеген жандарға құрмет қашанда жоғары болатыны анық.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» деп кезінде Абай атамыз өлеңіне қосып ұлтқа ой салса, ұлтымыздың ұлы ұстаздарының бірі Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен. Ал қазақтың тағы бір марқасқа ұлы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі» деп тебіренеді.
Әрбір адамның дүниеге келгеннен кейін қаншама ұстаздардың алдынан өтетіні белгілі. Алдымен ата-анасы, сосын қоршаған ортасы, онан кейін алғаш әріп танытып, өмірдің сан қилы құбылыстарын терең түсінуге ықпал жасап, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулитын мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Кейде мектепте сабақ берген, класқа кіріп шыққан мұғалімдердің барлығын да ұстаз деп жатады. Меніңше, ол дұрыс емес. Өмірдегі ұстанымыңды қалыптастыруда, бағытыңды таңдауыңда, адамгершілік-рухани жағынан бай тұлға болып қалыптасуыңда өшпес із қалдырған жанды ғана ұстаз деп айтуға болады деп ойлаймын. Сондықтан халқымыздың ардақты ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп бекерге айтпаған.
Маған өмірімде көптеген керемет ұстаздар кездесіп, дәріс берді. Оларды әлі күнге дейін айрықша сезіммен еске аламын. Әлі күнге дейін сол қымбатты ұстаздарымның маған сіңірген еңбектерін толығынан қалай ақтаймын деп ойлап қоямын. Сондай ұлағатты ұстаздарымның арасында алғашқы ұстазым Нұртаза Садықов ағайдың орны бөлек.
Ол кісі Қармақшы ауданының «Иіркөл» ауылдық кеңесіне қарасты Октябрь кеңшарында 1925 жылы дүниеге келген. Өмірге құштар, білімге ынтық көңілін соғыстың салқын ызғары басып, 7 кластық біліммен ғана шектеліп, Жосалы механикалық зауытында токарь болып жұмыс істеді. Жасы 18-ге толған бойы 1943 жылы майданға аттанды. Бобруйск бағытындағы жан беріп, жан алысқан ұрыстарға автоматшылар ротасының жауынгері ретінде қатысты. Соғыс кезінде үш рет жараланды. «Багратион» операциясы кезінде басынан алған ауыр жарақаттан кейін әскер қатарынан босатылды.
Нұртаза ағай елге оралғаннан кейінгі қалған өмірін жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге арнады. Төрт жыл Иіркөл ауылындағы No106 мектепті басқарып, он жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Зейнетке шыққанға дейін мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. Оқушылардың бойында оқу-білімге, ғылымға деген құштарлықты арттырып, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек сіңірді. Сабақтары өте қызықты өтетін. Әрбір тарихи оқиғаны түсіндіру барысында оларды өмірмен тікелей байланыста қарастырып, оның өмірде қолданылуына басты назар аударатын. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінің күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың өзі емес пе?
Ежелгі дүние тарихындағы спарталықтар жайлы жаңа сабақ өткенде, ағай олардың жас кездерінен бастап суық су мен қарға жуынып, шынығып өсетіндерін, олардан саны жағынан басым жаулары қаймығатынын керемет суреттеген болатын. Сол кезден бастап мен де суық су мен қарға жуынатын болдым. Ағайдың үйімен көрші тұрғандықтан ағай«мынау Бауыржан да спарталықтар сияқты жылы су дегенді білмейді. Жыл бойы мұздай су мен қарға жуынады» дейтін басқаларға.
«Адамзат баласы әлімсақтан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, мамыражай, тыныш заманды армандаған. Жер бетінде молшылық, тыныштық болса екен, ешкім бір-бірімен соғыспаса екен деп тілеген. Ұлы ойшылдар мұндай қоғамды ізгілікті дамыту арқылы жүзеге асыруға болатындығын меңзеген. Мәселен Платон «парасаты мол азаматтар одағы керек» десе, осы ойды әл-Фараби жалғастырып, «қайырымды қала тұрғындары» туралы трактат жазған» деп, Нұртаза ағай сабақ барысында мына өмірде ең алдымен адам болу қажет дегенді жиі қайталайтын.
Ағай саналы ғұмырында ел арасында абыройлы болып, көптің ыстық ықыласына бөленген жан болатын. Соғыста, бейбіт өмірде жасаған ерліктері мен еңбектері елеусіз қалған емес. КСРО Қорғаныс Комитетінің Бас қолбасшысы И.Сталиннің «Будапешт қаласын азат еткені үшін» алғысымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, мұғалімдік қызметте жасаған еңбектері еленіп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне, бірнеше рет облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.
«Өмір барда өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ. Бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгі өлмейтін нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» деп түркі жұртының ғұламасы Қорқыт бабамыз айтып кеткендей, Нұртаза ағайымыздың берген білімі мен тәлімді тәрбиесі өзі көзден кетсе де көңілден ешқашан кеткен емес. Артында ұрпақтары, шәкірттері қалды.
Бүкіл саналы ғұмырында жалықпай ұстаздық еткен Нұртаза Садықұлы секілді ұлағатты ұстазымыздың ізгі істерін кейінгі ұрпаққа жеткізу артында қалған шәкірттерінің парызы болып қала бермек.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы

21 тамыз 2022 ж. 1 846 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031