» » АҚЫЛ-ОЙДЫҢ қазынасы

АҚЫЛ-ОЙДЫҢ қазынасы

«Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еңбек даңқы», «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медальдерінің иегері және Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Жақсыбай Жәкеевті аудан халқы қоғам қайраткері әрі құрылыс саласының майталманы ретінде жақсы біледі. Себебі ағамыздың ауданның күрделі де жауапкершілігі мол құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы, ел басқару ісінде де ол кісінің қоғаммен біте қайнасып, талай шаруаның басын қайырғанын замандастары әңгіме қылып айтып отырады. Ж.Малбағарұлы – бүгінде ұзақ жылдарғы бейнетінің зейнетін көріп отырған ел ағасы. Ағайынның ұйытқысы. Соңғы жылдары Қызылорда қаласына қоныс аударған.
Ардақты азаматтың қай кезде де тынымсыз тірлік кешіп, пайдалы іс жасап жүретінін білетін біз оның ауданның қоғамдық өмірінде де белсенді рөл атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Ол аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңестерінің мүшесі болса, екі тарапты сотқа дейін жібермей, татуластыру мақсатында құрылған қоғамдық негіздегі медиаторлық қызметті де абыроймен атқарғаны жергілікті жұртшылыққа кеңінен белгілі. Зейнеткер болдым екен деп қарап отырмайтын еңбекқор жанның жақында жақсы жаңалығының тағы бір куәсі болып отырмыз. Ол оның жуырда оқырман қауымға жол тартқан «Өркен жайған өнеге» атты 15 баспа табақтан тұратын жеке кітабының жарық көруі еді.
Кітаптың алғысөзінде «Адамзат қоғамының дамуы бір орында тұрмайды. Уақыт ағымымен өзгеріп дамып отырады. Қамшының сабындай ғана қас-қағым өмірде артына беделді із, бейнелі сөз қалдыру парыз. ...Дүние – шексіз, ал өмір – өлшеусіз. Мен жазушы болмасам да өмірде өсіп-өніп отырған белестерімді кейінгі ұрпаққа қалдыруды мақсат еттім. ...Кітапты жазарда тебірендім. «Талпынған жетер мұратқа» деген, негізінен осы істі қолға алуыма жан-жарым, құдай қосқан сүйенерім Рауабану қолдау көрсетті. Халық, ел үшін жазда ыстыққа, қыста суыққа төзгеніңді кім біледі. Сондықтан жазушы болмасам да «Ойдан ой туады» деп қалай кіріскенімді білмей қалдым» деп ағынан жары- лады.
274-беттен құралған кітап «Алғысөз», «Жақсы көрер інілерім», «Жаны жайсаң ағалар» атты тараулардан тұрады. Онда ел басқарған азаматтардың автор жөніндегі айтқан құнды пікірлері, өзінің өмір тарихы мен еңбек жолы, қызмет еткен әр кезеңдерде мерзімді баспасөздерде жарық көрген мақалалары, отбасы және тағы басқасы топтастырылған.
Облыстың Құрметті азаматы Жақай Бодықбаевтың «Елге елеулі, халыққа қалаулы азамат» мақаласында «Мен өтпелі кезеңде Жақсыбаймен бірге жұмыс атқардым. Мақсатымыз, бағытымыз бір болды. Ағалы-інілідей сыйластықта болдық. Бір-бірімізге әлі күнге дейін жанашыр тілектеспіз. Бізді осындай жағдайға жеткізген Жақсыбай мен Рауабанудың жолдасқа, ағайынға деген адалдығы, тазалығы, құрметі, адал ниеті, ақ тілегі» деген өрнекті ой қалдырса, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Нұртілеу Салықов «Ақиқаттың ақ жолы» атты мақаласында Жақсыбай Малбағарұлымен таныстығының қалай басталғанын, қызмет еткен кездердегі қызықты оқиғаларды, өнегелі істерді баяндайды. Сонымен қатар кітапты парақтаған адам Сайлаубай Әбішев, Аббас Камалатдин, Биғали Қаюпов, Рзақұл Нұртаев, Гүлжауһар Раева секілді ел азаматтарының ыстық ықыласы мен ақеден пейілін оқи алады.
«Кітаптың жұмысына: материал жинақтау, жазу, сонымен қатар шығару жұмыстарына бір жылдай уақытым кетті. Кітап шығару оңай шаруа емес екен. Бірақ кейінгі ұрпаққа артымызда кітап қалып жатса, мол мұра деп білемін» дейді ағамыз әңгіме арасында.
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп қазақтың бас ақыны Абай айтқандай, әрбір шығарманың да оқырманы алдында өз мақсат-мүддесі болатыны анық. Жастар аға буынның келешек ұрпақ үшін істеген ісін, атқарған шаруасын осындай кейінге мұра болып қалатын жазбалардан оқып-біліп отырса, ғанибет емес пе?! Біз де бұл кітапты біріншіден, аудан руханиятының қорына құйылған құнды тарихи дүние деп тапсақ, екіншіден, жас ұрпақ үшін жадында сақтар алдыңғы буын ағалардың өнегелі де үлгілі жолы деп ұғындық.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
24 ақпан 2024 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 200

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930