Халқының құрметтісі
Парасат сөзі әдетте адам баласының кісілік қадір-қасиеті, толымды болмысы мен жақсы мінез-құлқына қарата айтылады. Көптің арасында уәлі сөзі бар, ұсынақты ойы мен пікірін тыңдата да сыйлата білетін марқасқа азаматтарды да осы өлшемнен көріп жататынымыз жасырын емес.
"Халық айтса, қалт айтпайды" дегендей, бүкіл саналы өмірін мемлекеттің дамуы мен елінің өркендеуіне арнаған парасат иесінің бірі– Қармақшы ауданының құрметті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов ағамыз.
Алдымен ағамыздың өмір жолына тоқталып өтелік.
Ол 1947 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1965 жылы осындағы No28 орта мектепті бітіріп, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, мал дәрігері мамандығын алып шығады.
Ардақты азаматтың еңбек жолы сонау 1962-1965 жылдары ауыл мектебінің оқу өндірістік бригадасының мүшесі болудан бастау алады. 1970-1971 жылдары аудандық ветстансаның, 1971-1973 жылдары аудандық ветеринариялық лабораториясының мал дәрігері, 1973-1975 жылдар аралығында аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, 1975-1978 жылдары Қармақшы кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметтерін атқарса, одан әріде кез келген жұмысты жүйелі жолға қоя білетін маманның қызметі сатылап өсіп отырғанын байқаймыз. Мұнан соң аудандық малдәрігерлік лабораториясында мал дәрігері, директоры қызметтерін абыроймен істей білді. Әбдірахман Құлдүйсенов бұған дейін өз саласының білікті маманы және жетекшісі ретінде танылса, енді басқару ісіне араласып, одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді.
Бес жыл қатарынан аудандық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, сондай-ақ екі жыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің нұсқаушысы, артынша аудандық Халық депутаттары кеңесі төрағасының референті болып еселі еңбек етті. Ал 1992-1993 жылдары аудан әкімшілігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің инспекторы, 1993-1995 жылдары Қызылорда аймақтық мемлекеттік мүлік комитетінің бас экономисі, бас маманы секілді қызмет сатыларынан өтсе, 1995-2001 жылдары аудан әкімі аппаратының басшысы, 2001-2006 жылдары «Қармақшыветсервис» ЖШС директоры қызметтерінде болды. Өзінің талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында іскерлігін танытқан Әбдірахман ағамыз әркез жоғары үдеден көрініп отырды. Оның ұжыммен, халықпен жұмыс істей алу тәжірибесі басшылықтың сенімінен шығып, жауапкершілік жүгін артуына септігін тигізді. Соның бір дәлелі – үшінші шақырылған аудандық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы, "Қармақшыветсервис" ЖШС атқарушы директоры Жосалы кенті әкімі, ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқаруы.
Әбдірахман ағамыздың тағы бір қыры – зейнет жасына келдім деп үйде отырып қалмай, қоғаммен, ондағы әртүрлі топ өкілдерімен, әсіресе мемлекеттің болашағы саналатын жастармен біте қайнасуы көпке үлгі болғандай.
Өмірден көрген-түйгені мол атпал азамат әлі күнге қоғамға белсенді қызмет атқаруда. Қайсыбір мәселе болмасын оған бей-жай қарай алмайды.
Ана тіліміздің жанашыры 2011 жылдан бастап Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы ретінде ілкімді жұмыстарды қолға алса, 2019-2021 жылдар аралығында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін де өз дәрежесінде атқарды.
Ағамыздың өзі алқалы жиынның бірінде "Ауданның қоғамдық-саяси және әлеуметтік өміріне белсене араласып келемін" дегені бар еді.
Расымен де, қазіргі кезде ол аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, аудан әкімі аппараты бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы және аудандық қоғамдық кеңестің, қоғамдық келісім комиссиясының төрағасы. Сонымен қатар "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының алқа мүшесі және аудан әкімдігінен құрылған бірнеше комиссияның құрамында жұмыс жасап келеді. Екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы болып сайланған.
Ардагердің ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалмады.
"Қармақшы ауданының құрметті азаматы" атанса, бірнеше мемлекеттік және мерекелік медальдың иегері, Мемлекет басшысынан бастап бірнеше республикалық, облыстық жоғары органдардың алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен, тағы басқа да марапаттармен мадақталған.
Әбдірахман ағамыз елінің елеулісі болумен бірге отбасында асқар таудай әке. Өнегелі отбасының отанасы Үрзада апаймен балалары мен немерелерінің қызығын теңдей көруде.
Ағамыздан үлгі-өнеге алған азаматтар жетерлік. Солардың қатарында бүгінде өзі де ауданның құрметті азаматы атанған Гүлжауһар Раева былайша ой тарқатады.
– Ағай Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының төрағасы болып 10 жыл қызмет атқарған. Осы жылдарда мемлекеттік тілдің дамуына, тілдік мұрамыз бен ұлттық салт санамызды қалыптастыруда үлкен еңбек жасады. Аудандық филиалдың жұмысын облысқа алдыңғы қатарлы филиал ретінде танытты. Бастауыш ұйымдардың жұмысын жолға қойды. Сондай-ақ түрлі тәсілді пайдаланып жастар арасында тілдің насихатын күшейтіп, олардың ана тілге деген құрметін арттыруға көптеген сайыс, байқау өткізіп қамқорлық етті. Соның негізінде облыстық жарыстардан да алдыңғы қатарлы орын алуының өзі – үлкен дайындығының, ізденісінің, беделінің арқасы. Қазірде де аудандық филиалдың алқа мүшесі ретінде ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетіп отыр. Біз ол кісінің өмірлік бай тәжірибесін пайдаланып жатырмыз. Ағайдың ауданның саяси-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі зор. Өмірге деген құштарлығы мол. Қандай жағдайда да ақыл-кеңесін беріп қана қоймай, мемлекет қызметінде жүрген аудан азаматтарының жол сілтеушісі. Филиал жұмысында да абыройлы қызметтер атқарды. Өзінің ойын, пікірін ашық айтып, соны халыққа жеткізіп отыратын насихатшы, өңірімізге белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі десем орынды болар. Ағайдың отбасылық өміріде қазаққа үлгі-өнеге деп айтар едім. Үрзада апаймен сыйластығы, бірге жұмыс жасауы – аудан экономикасының дамуына да үлкен үлесін қосып келеді. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған Үрзада апайымыздың да еңбегін ел жақсы біледі. Ол кісілерден тараған ұл-қыздары да ата-ана жолын қуып, елге адал қызмет етуде. Апайдың аналық, мейірімділік қасиеттерін ерекше айтар едім. Сондай бір екеуі үндескен жұп болса, өмірден өздерінің бақытты жолын тапқан мерейлі, өнегелі отбасы. Құрметтейміз, қадірлейміз, – дейді Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Төлегенқызы.
Әрбір жастың өз қызық-қуанышы болады десек, Әбдірахман ағамызда бүгінде жетпіс бес жасқа серпінді ой, сергек көңілмен, ұрпақ шаттығымен жетіп отыр. "Көргені жақсы көш бастайды" дегендей, ағамыздың елге бергенінен әлі берері көп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ