» » Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – міндетіміз

Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – міндетіміз

qarmaqshy-tany.kz Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді.
Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» қабылданған Конвенцияларды атауға болады.

Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарынан бастап, қоғам мен мемлекеттің тарихимәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, киелі обьектілер, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондайақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.
Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кездесетін сұрақ болғандықтан монументті өнердің жаңа құрылыстары уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына сәйкес, ұсыныстар уәкілетті органның монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясымен қаралады. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Археологиялық зерттеулерді заңсыз жүргізу жағдайларына келер болсақ, қазіргі таңда далалық жерлерде белгісіз кен іздеушілер немесе «қара археологтар» металл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқандап кету жағдайлары көп кездеседі. Олардың әрекеті ескерткіштің мәдени қабатын жойып, сақталған құрылысын анықтауға нұқсан келтіреді, құнды жәдігерлердің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады.

Сондай-ақ, осы аталған заңдылықта уәкілетті органмен археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспары жасақталып бекітіледі. Жоспардан тыс археологиялық қазба жұмыстары заңсыз болып табылады. Осы орайда, арнайы тексеру рейдтерін жүргізіп, кез келген күдікті деп танылған әрбір әрекет бақылауға алыну керек. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодексiнің 295-бабына сәйкес, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу бойынша тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – іздестірудің арнайы техникалық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихы мен мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіні белгілі. Қазіргі таңда, аудан бойынша Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №28 «Қызылорда облысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысымен 42 ескерткіш мемлекеттiк тізімге енгізілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 30 мамырдағы №156 бұйрығымен бекітілген республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне ауданнан 6 нысан кірген.

Ауданда бұған қоса 39 тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері де өздерінің мәртебесi туралы түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн, заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiштерiмен бiрдей қорғалуы тиiс.

ҚР-ның 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі №86 бұйрығымен тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтары белгіленеді. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдары бекітеді және олар тиісті жердің тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған объектілердің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі. Сәулет және қала құрылысы ескерткіші жерден оның ең биік нүктесіне дейінгі арақашықтық көлеміне тең, бірақ 20 метрден кем болмайтын қорғау аймағымен қоршалады, археологиялық ескерткіш оның сыртқы шекарасынан 50 метр болатын қорғау аймағымен қоршалады (археология ескерткіштері үшін радиусы оның ортасынан 200 метрге тең көзбен шолуға болатын қорғау аймағы қамтамасыз етіледі). Қазіргі таңда, аудан бойынша 22 тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтарының жобалары жасақталып, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген.

Оның ішінде, республикалық маңызы бар 4 ескерткіш: «Қорқыт ата ескерткіш кешені», «Шірік-рабат қалашығы», «БәбішМола ескерткіштер кешені», «Жетіасар ІІІ (Алтынасар қалашығы)», сондай-ақ 18 жергілікті маңызы бар «Моншақты асар қалашығы», «Тас асар қалашығы», «Жалпақ асар қалашығы», «Жаман асар қалашығы», «Базар асар қалашығы», «Томпақ асар қалашығы», «Бидайық асар қалашығы», «Қаралы асар қалашығы (Жеті асар №6)», «Тік асар қалашығы (Жеті асар №10)», «Робинсай (Бұзық асар) қалашығы», «Құрайлы асар қалашығы», «Үлкен Қос асар қалашығы», «Кіші Қос асар қалашығы», «Жоласар қалашығы», «Марал ишан кесенесі», «Қалқай ишан кесенесі», «Алыпқорған қалашығы», «Абыла жел диірмені» ескерткіштері.Қорғау аймағының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихимәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмейді (жаңа қабірлер орнатуға, құрылыстар салуға, т.б.). Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұра объектiлерi мен ландшафтарды сақтау жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының 10-бабында да қарастырылған.

Тарих және мәдениет ескерткiштерi мен қорғалатын ландшафтық объектiлер деп танылған аумақтар мен объектiлердiң сақталу талаптарына негiзделуге тиiс. Тарих және мәдениет ескерткiштерi, қорғалатын табиғат объектiлерi бар аумақтарда ерекше реттелетiн шекара белгiленедi, оның шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүргiзуге тыйым салынады немесе шек қойылады.

Қасиетті Қармақшы өңірінде бағзы замандардан бері ата-бабалар әруағын құрмет тұту, рулық қорымдардағы халық батырлары, билер, ақындары, қоғам қайраткерлерінің қабірлеріне зиярат ету, марқұм болған тумаластарын киелі орындарға жерлеу дәстүрлері сақталған. Біздің өңірімізде атабабаларының бастарына күмбездер мен кереге тамдар көтеру, ескерткіш-белгілерін салу қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, ежелгі сәулет пішіндерін ата-бабамның қабірі деп өз бетімен құлаған күмбездерді қайта қалап, заңға қайшы әрекет етеді. Осы орайда, тұрғындарға жаңадан салынған қабір құрылыстарының өлкеге тән діни-қабірлеу кешендерінің тарихи қалыптасқан бастапқы және жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғатынын айтқымыз келеді. Мемлекет қорғауындағы қорымдардағы ежелгі қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заңбұзушылық әрекет болып табылады. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуде лицензиясы бар ұйымдарды тарту арқылы ең алдымен ғылымижобалау құжаттамасын дайындау жұмыстары жүзеге асырылатыны қаперіңізге беріледі.

Ғылыми-жобалау құжаттамалары – тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін ғылыми-зерттеу құжаттамалары, реставрациялау жобасы, жобалау-сметалық құжаттамалары, ғылыми-реставрациялық есеп құжаттарының кешені.

Одан әрі бекітілген ғылыми-жобалау құжаттама және келісімшарт негізінде мердігер жүргізеді.
Жаңа заң жобасына сәйкес, ғылымиреставрациялау жұмыстарын жүргізу облыстардың жергілікті атқарушы органдарының келісуімен, уәкілетті орган – Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына енгізіледі.

Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiшi немесе оның қорғау аймағына зиян келтiрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткiшiн немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге мiндеттi.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңының 145- бабы бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 203-бабы бойынша ерекше құндылығы бар заттарды қасақана бүлдіру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес, жергiлiктi жердің атқарушы органдары өз аумағында тарихимәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап қалудағы негізгі шаралардың бірі – аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бө¬ліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексі 127- бабы бойынша тарихи-мәдени мақсаттағы жер тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады. Бұл жөнінде «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» заңының 39-бабында да аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс деп қарастырылған. Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 145- бабы бойынша аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектiлердi анықтау жөнiнде зерттеу жұмыстарын жүргiзбеу заңбұзушылық болып танылып, жауапқа тартылады. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету болып табылады.
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ,
заңгер, өлкетанушы, К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің маманы
26 сәуір 2023 ж. 856 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031