КӨНЕ ДҮНИЕ КҮМБІРІ
Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайды, сөйтіп, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы «18 сәуір – тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғаудың Халықаралық күні» деп бекіткен болатын.
Бүгінгі күні аудан көлемінде 85 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған, олардың 6-ы республикалық, 43-і жергілікті маңызы бар объектілер. Ал, 36 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Ендігі кезектегі міндетіміз – тарихи ескерткіштерді жас ұрпаққа, мектеп оқушылары мен жастар арасында насихаттау, туристік нысанға айналдыру бағытындағы шараларды кешенді түрде ұйымдастыру болып табылады.
Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Е.Меңлібаевтың 18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін өткізуге арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес кент, ауылдық округтер мен мәдениет, білім беру ұйымдарында мәдени көпшілік шаралар, тарихи танымдық сағаттар, сенбіліктер өтуде.
Осы ретте К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен №121 орта мектеп ғимаратында осы мектептің «Жас Ұлан» ұйымы мүшелерінің атсалысуымен «Көне дүние күмбірі» атты тарихи-танымдық шара өтті.
Шараның мақсаты – жастардың назарын мәдени мұраларға аударуды, тарихи орындарға қызығушылықты оятуды, сондай-ақ рухани және мәдени құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.
Шара барысында өлкетанушы, жыраулар үйінің қызметкері А.Скендіров аудан көлеміндегі өңірдің қасиетті орындары мен археологиялық, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің тарихи маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ мектеп тәлімгері Т.Бұқпанов тарихи және мәдени мұраларымызға бүгінгі күні тың серпілістердің атқарылып жатқандығын тілге тиек етсе, жас ұландықтар өз ойларын ортаға салды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі