Ұлы дала өркениетінің қарашаңырағы
qarmaqshy-tany.kz К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде 18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Қазақстан – ұлы дала өркениетінің қарашаңырағы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті.
Шараға облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ-нің директоры Ерғазы Алданазаров, мекеменің бас инспектор-заңгері Айзат Шакизадақызы және аудан, қала мамандары, мекеме қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен өлкетанушылар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, насихаттау және ескерткіштерді орнату барысында жүргізілетін тәртібі, ескерткіштерді күтімге алу барысы мен алда тұрған жоспарларды талқылауға арналды.
Айтулы күн 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен және бұл күн 1984 жылдан бері аталып өтілуде. Сондай-ақ, 18-сәуір – Ескерткіштерді қорғау күні деп белгіленуінің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Елдігімізді әлемге танытатын – ұлтымыздың мәдениеті дейтін болсақ, сол мәдениетімізбен біте қайнасқан бір құндылығымыз, ол ескерткіштер.
Семинар кеңесті аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов ашып жүргізді. Сондай-ақ, алғы сөзді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің директоры Ерғазы Жарылқасынұлы алып, облыстық тарихи және мәдени мұраларымыз бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Одан бөлек, күн тәртібіне қойылған үш мәселе қаралып талқыланды. Атап айтқанда, «Тарихи және мәдени ескерткіштердің бүгінгі таңдағы қорғалуы мен сақталу барысы туралы» К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің маманы Айдынбек Айтбайұлы хабарлама жасаса, «Ескерткіштер – ұлттық тарихымыздың діңгегі» тақырыбында өлкетанушы, ардагер ұстаз Сақтапберген Қосбаев сөз қозғады. Оған қоса «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заң нормаларына енгізілген өзгерістер туралы» облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесінің бас инспектор-заңгері Айзат Шакизадақызы баяндама жасады.
Ұйымдастырылған семинар-кеңес тәжірибе алмасуда зор маңызға ие болды. Айтулы күнге байланысты қажырлы еңбек етіп, облыстық, аудандық деңгейде атсалысып жүрген сала мамандарына аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының алғыс хаты табысталды.
Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану, қорғаудың жай-күйі, оларды жақсарту жолындағы көкейкесті мәселелерді шешу, жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру – біздің басты борышымыз бола бермек.
Айдынбек СКЕНДІРОВ,
аудандық жыраулар үйінің маманы