» » Дүрбелең жылдар дүмпуі

Дүрбелең жылдар дүмпуі

qarmaqshy-tany.kz ТАРИХТА «ИЮНЬ ЖАРЛЫҒЫ» ДЕГЕН АТАУМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАН 1916 ЖЫЛДЫҢ 25 МАУСЫМЫНДАҒЫ ПАТША ЖАРЛЫҒЫ ОСЫ КҮНГІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ОРТА АЗИЯ АУМАҒЫН ТҮГЕЛ ШАРПЫДЫ. ІІ НИКОЛАЙ ПАТША ҚОЛ ҚОЙҒАН ЖАРЛЫҚҚА СӘЙКЕС ӨЗДЕРІ «БҰРАТАНА ХАЛЫҚТАР» ДЕП АТАҒАН, ТЫНЫШ ЕЛДЕРДІҢ АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНГЕН АЗАМАТТАРЫН ТІЗІМДЕП, МАЙДАННЫҢ ҚАРА ЖҰМЫСЫНА АТТАНДЫРУ ЖЕР-ЖЕРДЕГІ БОЛЫСТАР МЕН ОЛАРДЫҢ ШАБАРМАНДАРЫ ҮШІН ҚАУЫРТ ТІРШІЛІККЕ АЙНАЛДЫ. ЕЛ ІШІНДЕ АЛАУЫЗДЫҚ ТУҒЫЗЫП, ЖІК-ЖІККЕ БӨЛІП БӨЛШЕКТЕУ АРҚЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН РЕСЕЙ ҮКІМЕТІНІҢ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН САЯСАТЫ МЫНА ӘДІЛЕТСІЗ ЖАРЛЫҚТАН КЕЙІН ЕЛДІ ЖАППАЙ «ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ» ДЕП АТАЛҒАН ДҮРБЕЛЕҢГЕ ӘКЕП ТІРЕДІ.
Мектеп бағдарламасынан жаттап өскеніміздей, бұл кезде Амангелді Иманов, Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин сияқты батырлар Торғай, Ырғыз, Жетісу жерлеріндегі шаруалардан әскер жасақтап, патша жарлығына қарсылық күшейе түскен еді.
Әрине, біздің Сырдария облысы халықтары да бұл кезде Түркістан генерал-губернаторының облыстан 60 мың адамды қара жұмысқа тарту жөніндегі жарлығын құп көрмей, атқа мініп, жер-жерде болыс ауылдарына шабуыл жасап, шабармандары мен писарьларының қолындағы тізімдерді тартып алып, өртеу ісіне кірісіп кеткен. Кей жерлерде болыстар мен олардың шабармандарын жазым еткен жағдайлар да болды. Патша үкіметі жазалаушы әскерлерінің тез келіп, көтерілісшілерді талқандап, басшыларын қамап, каторгаға айдағанына қарамастан наразылық білдірушілер қатары молайып, оларды ұйымдастырушылар мен басқарушылар бір-бірлеп тарих сахнасына шыға берді.
Өз жеріміздегі жағдайды ғана бөліп айтсақ, Қазалы уезінің Қармақшы жеріне қараған Жамансыр болыстығынан – 460, Қуаңдария болыстығынан – 498, Көшербай болыстығынан – 560, Қармақшы болыстығынан – 360, Заңғар болыстығынан – 401 адам осы тізімге енгізілген. («Сыр бойы», 2 сәуір, 2016 жыл. Т.Дайрабайдың «Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліс» мақаласынан). Жасалған тізімдегілердің қаншасы майдан даласына барып, қаншасы бармағаны белгісіз, бірақ бұл цифрлар сол кездегі құжаттарға түскен.
Осындай толқулардың бірі Қар­мақшыда Қабылан Қашқынбай баласының басқаруымен ұйымдастырылды. 1916 жылдың тамыз айында патша үкіметінің шабармандары Жосалы жеріне келіп патшаның Июнь жарлығына сәйкес тізімді және губернатордың бұйрығын оқиды. Патша пәрмені жай болсын ба, адамдарды жиыстырып, қуырып, ауылауылдардағы болыстарға хабар тарата бастайды. Қолында арнайы бұйрығы бар шапқыншылар жібереді. Ел іші у-шу, азанқазан.
Майданға адам алу ісіне тездетіп кіріскен бұларға жауап ретінде Қабылан:
– Біз патшаның бұл әділетсіз бұйрығын орындаудан бас тартамыз. Патшаға қарсы соғысуға қазірдің өзінде дайынбыз, майданның қара жұмысына адам бермеуге бекініп отырмыз, – деп соңына ертіп келген аздаған адамымен жүз қаралы патша шабармандарының сол заматта көзін жойып жіберуге батылы жетті. Қабыланның патша жарлығына қарсы күрес жорығы тап осы сәттен басталды десек те болады.
Алғашында қолдарына қылыш, айбалта, найза, сойыл ұстаған жасақ Қарақұм ішіне жайғасып еді. Жасақ ішіндегі белгілі ұсталар осы күнгі Ақжар ауылы жерінен келген Әбілқасым, Мәтқасым Төлебаевтар мен Ақтөбе жерінен келген Әбу, Мыржақып Жәнкеев деген кісілер төс, көрік сияқты ұста дүкені заттарын түйеге артып жүріп, орныққан жерлеріне дүкен орнын жасап білтелі мылтықтар соқты. Бұрыннан зергерлікпен, ұс­талықпен айналысып, өрнектеп соқ­ қан мылтықтары аңшылар арасында айрықша бағаланып жүрген ұсталар зауыттан шыққан винтовкаларға бергісіз ұзын бердеңкелердің түр-түрін жасауға да машықтанған еді. Тіпті кіре тартқан керуеншілер арқылы уақытында Өзбек, Қарақалпақ жеріндегі ағайындарға да өз өнімдерін жөнелтіп, пұл қылатын жайлары болған. Әсіресе Әбу ұстаның соққан мылтықтары сәнділігімен де, мергеніне кездессе алыстан жазбай тиетін түзулігімен де ел аузынан түспей, ерекше есте қалған.
Ұсталар мылтық түрлерінен басқа қайқы қылыш, ауысқан темірлерден жекелеген адамдарға қоян-қолтық ұрыстарда қолдануға ыңғайлы қынымен жасалған сапылар да соғып беріп отырды.
Жазалаушы орыс отрядтарының заманауи винтовкалары мен пулеметтеріне қарсы тұрып, жаудың бетін қайырған, әрі-беріден соң, осындай мылтықпен тасада жатып көздеген сұрмергендердің жанқиярлық іс-әрекеттері еді деуге де толық негіз бар.
Ел басына қауіп төнген қиын кезеңдерде қарындастың қамқорын соғып, елдің жау бетінде жүретін, халық арасында үлкен бедел иесі, белгілі би Кемелұлы Қашқынбай батырдың баласы Қабылан көнекөз қариялардың айтуынша жастайынан өжет, ержүрек бала болып өскен. Жалшылардың еңбегін жеп, кедей, шаруаларға тізесін батырған байшыкештердің қылығына шыдамай арпалыса кетіп, маңайындағы малшылардың тиісті ақысын қолмақол алып беріп отыратын болған. Сонысымен де соңына ел ерте алатын, көпшіл, бірбеткей, әділет жолындағы азаматқа тізгін ұстатқан бір топ Жосалы стансасының жұмысшылары ереуілшілердің алғашқы легін қалып­ тастырды.
Бұларға осы күнге Ақжар ауылы тұрған аумақтан Әлмағамбет Тауболатов, Құттымұрат Қауысов сияқты азаматтар бастаған жігерлі жігіттер қосылып, жасақ күнбе-күн, кейінірек әлсін-әлсін молая берді. Қолдағы жабайы қарулары патша әскерінен тартып алынған пистолет, винтовка, бердеңке, шиті мылтықтармен толықтырыла түсті.
Қарақұмның «Қараүңгір», «Тұздақ» деген жерлеріне бекініс жасады да, Ырғыз, Торғай жағындағы көтеріліс басшыларына шабармандар жіберіп, жанжақты байланыстар орнатты. Мұның өзінен Қабылан бастаған жасақтың күнбе-күн күшейіп, жер-жердегі шаруалар көтерілісіне дем берген елеулі әрекеттер жасағанын байқауға болады.
Осы арада жасақ құрамында болған қожагелді Үргенішбаев Мырзақұл, Қабыланов Жұмаш, серкеш Тәжібаев Қожамұрат, жаппас Қараман деген кісілердің көтерілісшілердің күнделікті тамағы, киетін киімі, ұстайтын қаруына дейін есепке алып, олардың әрқайсысын өздеріне лайық қару жарақтармен қамтамасыз етіп отыруға көп жәрдемі тигенін айта кету керек. Әлеуметтік жағдайы, жас ерекшеліктері әртүрлі, соғыс қимылы мен тактикасынан еш хабары жоқ жастарды әскери қимылдарға жаттықтыру жұмыстары жасалды. Оқу-жаттығу түрлерін ұйымдастыруға қазақтың ұлттық ат спорты: теңге алу, көкпар, жамбы ату, найзаласу, аударыспақ сияқты ойын түрлері пайдалананылды. Жасақ күнбе-күн соғыс тәсілдерін үйреніп, жаугершілік уақыттың дегеніне бейімделе түсті.
Мұның өзі ұдайы далада жылқы бағып, жоқ қараған, жазғы ыстық аптаптарда таңдай кептіріп, қысқы ақ түтек боранмен бетпе-бет келіп жүрген жігіттер болмаса көтерілісшілердің көпшілігі үшін оңай шаруа емес еді.
Бірақ шешінген судан тайынбас деп ат жалын тартып мінген азаматтардың қай-қайсысы да ел басына төнген қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы патша жарлығына қарсылық көрсету екенін іштей терең сезінген. Майдан даласында өзге елдің әскеріне қызмет жасап жүріп далада өлгеннен гөрі өз топырағында жан беруге тас түйін боп бекіген.
Бұл кезде көтерілісшілер ішінде Қабыланның өзімен жақын туысы, атақты құсбегі Үргенішбайұлы Наурызбай батыр да болды. Екеуі революция сарбазы, Торғай даласындағы көтерілістің басшысы Амангелді Имановпен байланыста болып, оған деген терең құрметінің белгісі ретінде «Түркіменнің ақалтекесі» атанған асыл тұқымды тұлпар сыйлағандығы туралы ел ішінде тараған әңгімелер бар. Омырауы тақтайдай, мойнының бұлшық еттері бұлтылдаған жүрісі жайлы, шабысы өнімді жануардың бұл тұқымы аудан малшыларының қолында кешегі күнге дейін сақталып келді.
Сол заманның көне жәдігері ретінде Наурызбай батырдың ұрпағы Жетпісбай ақсақалдың үйінде сақталған, сыры кетсе де сыны кетпеген қайқы қылышты айтуға болады. Бұл туралы аудандық «Қармақшы таңы» газетіне бұрынырақта да бірнеше мәрте мақалалар жазылған. Жәкең де батырлар тұқымының жалғасы екендігін көрсетіп тұратын салалы саусақтары, кескінді келбеті, кесек-кесек ойлы сөздерімен есте қалған ел құрметтілерінің бірі еді, жарықтық.
Айтылып отырған кезеңде Перовск ұйымында күшті большевиктік топ қалыптасты. Оның басшыларының бірі 1906 жылдан большевиктік партия мүшесі, депо слесары А.Червьяков болды. Қазалы стансасында да жол қызметі шеберханасының жұмысшылары өз жиналыстарында, үйірме отырыстарында атақты Апрель тезистерін талқылайтынды шығарды.
Жалпы Орынбор-Ташкент магистралы теміржолшыларының арасында большевиктердің ықпалы күшейе түсіп, Петроград жұмысшылары мен солдаттарының үлгісі бойынша жержерде қазақ еңбекшілері де советтер құру ісіне кірісті.
1917 жылы қазан айында большевиктер революциясы түпкілікті жеңіп, жергілікті жерлерде советтер орнай бастады. Сол жылдың 30 қазанында Перовск қаласында жұмысшы және солдаттар жиындары билікті өз қолына алды.
Жосалыда өткен осындай еңбекшілер жиынының ұйғарымымен жаңа құрылған советтің председательдігіне Қабылан Қашқынбайұлын сайлапта жіберді. Осы кезде Қабылан 62 жаста еді деп көрсетіледі. Бұл жөнінде алғашқы ұсынысты жасаған Базар баласы Құлжан би болды. Бұл есім оқушыларға атақты Тұрмағамбет ақынның «Құлжан биге» деген өлеңінен таныс болса керек. Тап осы жиынға Аяпов Үбісұлтан, тағы да Тұрмағамбет ауылынан соғыс және еңбек ардагері Әбішев Ілияс ақсақалдардың қатысқандығы жөнінде жазылған қолжазбалар сақтаулы.
1919 жылдың тамызында жер-жерде революциялық комитеттер құрылып, елде тыныштық орнату, халықты азықтүлікпен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру, елдің малын ұры-қарылардан қорғау, жалпы тәртіп орнату сияқты істерге ұйытқы болды.
Осы жылдың қараша айының басында Жосалыда да тұңғыш революциялық комитет құрылып, комитет төрағасы болып Қабылан Қашқынбаев сайланды. Тағы да комитет төрағалығына Қабыланды ұсынған Базаров Құлжан би болды, – деп көрсетіледі Қуаңдария ауылының тұрғыны, байырғы механизатор Қабыланов Қайырбектің жеке архивіндегі жазбаларда.
Қайырбек Қабылан батырдың Әбдіқали деген баласынан туады. Ауылда «батыр тұқымы», «Қашқынбайдың немересі» деп құрметтелетін Әбекең ақсақал кезінде кеңшардың малын бағып, өзінің шаруаға бейімділігімен, әр нәрсенің көзін табатын іскерлігімен қой шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан адам.
Жоғарыда «Қайырбектің архиві» туралы айтып қалдық қой. Бірақ Қайрекең көне сөздерді, тарихи жырларды жинап, сақтап отырған адам емес. Қарапайым механизатордан зейнетке шығып, бала-шағасының ортасында зайыбы Достайқызы Манатпен бірге солардың қызығын көріп отырған ауыл адамы. Қазіргі уақытта Қуаңдария ауылының құрмет тұтқан аздаған ақсақалдарының бірі.
Тек сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жосалы кентіндегі бір көшенің атын «Қабылан батыр» атандыру жөнінде тиісті шешім шығару үшін жинақталған бірсыпыра құжат пен аудандық газетте, Қазалы ауданындағы «Тұран-Қазалы» газетінде басылған мақалалар осы Қайрекеңнің сандығынан шыққандығын айтып отырмыз.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист
(Басы. Жалғасы бар)

10 наурыз 2023 ж. 487 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930