Өнерімен даңқты – Ешнияз сал
qarmaqshy-tany.kz Сыр Елі – Жыр Елі. Сырдың бойы сан қырлы тарихымен, жалынды жырымен, өнерлі халқымен, әуелеген ән-күйімен, шоқтығы биік шайырларымен танымал мекен.
Қазақ жеріне әлденеше рет келіп, әр келген сайын жаңа қырынан таныған өнерлі халықтың ән-күйімен, жырымен ләззат алып сусындаған Шоқанның белгілі досы Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай көрінеді», - демеп пе еді! Бұл сөздің мағынасы өте зор. Өткен заманда шоқ жұлдыз болған сал серілер, әнші-жыраулар, суырып салма ақындарды еске алсақ уақыт өткен сайын өнерімен жарқырап тұлғалана түскендей. Сондықтан Сыр бой ы көне заманнан бері талай оқиғаның кіндігі, өлең-жырдың ордасы болып келеді. Осындай қазақтың салдық-серілік дәстүрінде танымал болған ұлы өнер иесі Ешнияз Жөнелдікұлы. Ешнияз Жөнелдікұлы 1834 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, бұрынғы Қуаңдария болысында дүниеге келген. Кіші жүз, Кете руы, Құлыс аталығынан шыққан. Ешнияз ақын, әнші, сазгер, оның үстіне сал-сері болған. Халық ортасында Ешнияз сал деген атымен мәлім болған. Жасынан сауатты болған, жүрген жерінде ойын-тойды әнге, жырға бөлеп ақындық орта қалыптастырған. ХІХ ғ белгілі Базар жыраудан бастап Ерімбет Көлдейбекұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Әлиакпар Жұматайұлы, Жүсіп Ешниязұлы т.б. ақындар Ешниязды ұстаз тұтып, үлгі-өнеге алған. Күй атасы Құрманғазы Сыр бойына келгенде атағы осы өңірге кең жайылған Ешнияз салмен кездесіп дос болады. Ешнияздың «Ой, ой, Айтжан ай», «Гөй – гөй», «Жүрек сазы», «Дүрдараз», «Желдір мая», «Әуия» т.б. өлең жырлары халық арасында кең тараған. Қазақ әндерін зерттеуші А.Затаевич 1925ж Орынборда шыққан «Қазақтың мың әні» жинағына Ешнияз Жөнелдікұлының 6 (алты) әнін енгізген. Сондай-ақ даңқты бабамыздың терме толғаулары, тақпақ өсиет жырлары, хикая дастандары, көңіл қос, ғашықтық жырлары, айтыс өлеңдері көптеп саналады.
Өзі туралы өлеңінде:
Атандым Жөнелдіктің Ешниязы,
Еленбейді «есерліктегі» - естің азы.
Жарқын жаз жадыраған жастық дәуір,
Секілді Сырдың самал кешкі жазы.
Мен едім Ешниязы Жөнелдіктің,
Сейісіндей сындарлы сөз шеберліктің,
Жай-жаздай жас жеткен соң өзгерілді,
Болмай жүр бар қадары сенерліктің, - деп өзін маржан сөз, ұтымды ұйқас кесек жырларымен шебер таныстыра білгендей. Өз заманында белгілі ақындар Ешнияз сал шығармашылдық өнерін жоғары бағалап, атақты өнерпаздар қатарына қосады.
Сыр бойының шайыры, белгілі ақын Жұматаев Әлиакпар атамыз өзінің «Шежіре» атты жыр толғауында:
Ешнияз ерке туды Жөнелдіктен,
Өлеңнен кесте тікті жібек жіппен.
Ерлігі билігімен қатар болды,
Бахаста бас тартпаған ауыр жүктен, - деп жырлауында Ешнияз бабамыздың білімділігін, ел алдындағы жауапкершілігін, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа өсиет еткендей. Ешнияз салдың «Қадірлей біл қартыңды» атты өлеңінде:
Балалық дәуір байқаусыз,
Өте шықты білінбей.
Оқи алмай ойынмен,
Бос қалдық қолға дым ілмей.
Сәдірмек келді сабылтып,
Ұлы жиын дүбірдей.
Өткіздік бастан оны да,
Жаманат жайға ілінбей.
Сөйтіп жүріп сырт беріп,
Жігіттік жетті жайнаған,
Көктемнің қызғылт гүліндей,
Кісілік келді керіліп.
Келген соң ол да кетпеді,
Көп уақыт қарайлап.
Қимайтын достың біріндей,
Маң-маң басып, жүгірмей.
Балалық, жастық, жігіттік,
Өте шықты бір күні.
Күз бен жаз, көктем күніндей.
Көз жазып қалдық олардан,
Кәрілік шіркін келді де,
Түнерген қыстың түріндей.
Келе сала құрығын,
Икемдеп кетті кем-кемнен.
Еске алып еңбек сіңірмей,
Сонда да болса соңғылар,
Естеріңе салғаным
Қадірлей біл қартыңды.
Күдер үзіп түңілмей.
Кәрілік деген ғанибет,
Көлеңкелі күжімдей.
Бұтақтар оның патшасы
Түрленген гүлдей жүзімдей.
Тілеңдер тілек жетіліп,
Мезгілсіз миуаң үзілмей.
Ендігі мақсат біздердің
Санаулы өмір бітсе де
Жөнелсек фәни жалғаннан
Жаманат ерген жандардың
Қатарына ілінбей, - деп жырлауы арқылы адам атаулыға, өсер ұрпаққа жақсылық тұғырында адами болмысын сақтап қалуды, қарттарын қадірлей білуді аманаттап, өткеніне тәубә деп, келешегінің кемел болуын арман еткендей. Ешнияз сал айтыс жанрында да ерекше ақындық қабілетімен танылады. Шынар қызбен айтысы, белгілі журналист ақын Мұхаметжанның әкесі Серәлы Қожамен айтысқан. Екеуі құрдас болған атақты әйел ақын Ырыстының жұмбағын шешуге қатысқан он алты ақынның бірі, әрі алғашқы шешу айтушы Ешнияз ақын болған.
Ырысты сұлудың жұмбағында:
Керуен түйең бар ма қос артқандай,
Қос артып, жүк түйесін босатқандай.
Өзің де қартқа басқан кісі екенсің,
Кәріні бар ма амал жасартқандай?
Бұл жұмбақтың шешуін он алты ақынның алғашқысы болып Ешнияз сал:
Керуенмін түйем артып, келіп ем кез,
Кездестік жол үстінде сіз бенен біз.
Өзіңдей нағыз сейіс қолға түссе,
Кәрінің жасармағы бір сұлу қыз, - деп шешкен екен.
Ешнияз сал ақындық өнерімен, өнер табиғатындағы өлең сөзбен әсем саздың тоғысуы қазақ мәдениетіне қосқан телегей – теңіз рухани қазынамыз деуге болатын байлық. Өнерлі бабамыздың бойындағы киелі өнердің ұрпаққа берілуі ғажайып құбылыс. Кете Жүсіп, Мұзарап, Сабыт аталарымыз да атадан балаға мирас болған асыл мұраны жалғастырушылар. Ешнияздың баласы Кете Жүсіп пен Жұбанияз ақын айтысқанда:
Серілік мінезінен сенің әкең,
Аталған «Ешнияз сал» дәрпін шашып – деп Ешнияз салдың даңқы көпке жайылған, кеңінен танылған ақын болғанын паш етеді. Ешнияз сал мен Кенекес айтысында да екі ақынның да батырлығымен, серілігімен танымалдығы байқалады. Қартайған шағында жазған Айтжан-ай өлеңінде:
Серілікті де мен қылдым билікті де,
«Хан мен төре келді», - деп иліктім бе?
Дариядағы наһандай бұлқып-бұлқып,
Кәріліктің ауына киліктім бе – деген өлең жолдарын оқи отырып өзінің өмірлік мұратына еш өкінбейтіндігі, мәрттік, қайсарлық келбетін көруге болады. Талантты бабамыздың бойындағы асыл қасиеттерінің ұрпақтарынан жалғастығын табуы да асқан ерекшелік қасиет.
Баласы Ешниязұлы Жүсіп 1871 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Кете руынан болғандықтан халық Кете Жүсіп атап кеткен. «Шаһзада», «Сұр мерген», «Мекер қатын», «Зейпін қыз», «Бір қарт адам», «Барымта» дастандарын жазған. Кете Жүсіп айтыс ақыны болған. Белгілі ұлы ақындардың шығармашылдық топтық айтыстарына қатысқан. Әсем әнімен, көркем шығармаларымен танымал болған ақын Кете Жүсіптің «Адамдық пен надандық» өлеңінде:
Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,
Табиғат-түбі терең қол жетпеген.
Өтерін өмірінің біле тұрып,
Маңдайын пенде барма терлетпеген?
Баз біреу көп ақылға ие болып,
Ауруын адамдықтың емдетпеген.
Ақылдың ауырлығы қорғасындай,
Көңілді бұзық іске өрлетпеген – деп адамдық істің өміршеңдігін көрсетеді. Киелі өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы, атадан балаға берілуінің тағы бір дәлелі Мұзарап атамыздың бойындағы ақындық, әншілік, поэзияға деген жанашырлық өміршең өлеңдерінен ойып орын алғандай. Мұзарап әкеміздің бойына қанмен келген қасиеттің өмірде шыңдалуы, өнерде кең қанат жаюы шайырлар мекеніндегі ұстаздары тарлан талант иелері Жиенбай, Тасберген, Омар, Тұрмағамбет аталарымыздың ықпалы деуге толық негіз бар. Өнер киесінің ұрпақтар сабақтастығы, ақындық, жыршылық қабілеттерінің өміршеңдігі бүгінгі ұрпаққа өлмес мұра, өшпес өнеге. Сыр бойы, Қармақшы мекені ақындық, жыраулық өнердің киелі мекені. Зерделі жандардың талантты бабаларымыздың заманның сан қилы өткелдерінде ұрпақ тәрбиесі үшін халық жадында, тарих қойнында зерттеуді қажет ететін бай мұралары өте көп. Хал- қадірімше өз білгенімді жас ұрпаққа танытуды жөн көрдім. Себебі, қазақ тарихы, оның ішінде Сыр бойы халқының сандықты сырлары көп зерттеуді, ізденуді қажет етеді. Өсер ұрпақ өткеннің қадірін білсін. Ұрпаққа таныту біздің міндетіміз.
Зарипа Тасымова Жаппарқызы
Ардагер ұстаз
Аудандық мәслихат депутаты