» » Әке аманатын арқалаған хат

Әке аманатын арқалаған хат

Соғыс уақыты. Қанша тағдыр иесінің арманы мен үмітін үзген қиын кезең. Ұлы Отан соғысы жылдары азаматтардың елім-жерім деген, арман қуған бозбалалардың елдің болашағы деген, ана көз жасымен, жар сағынышымен бейбіт заманды аңсаған, арпалысқан шақ болатын. Сол қиын-қыстау кезеңді еске түсіретін сұрапыл соғыс жылдарында өмір сүріп, Жеңісті жақындату үшін жан алысып,
жан беріскен атам Ахмет Алтынбайұлының бүгінгі күнге
аманат етіп қалдырған хаты жайлы жазбамды
жолдаудамын. Ұрпақтар сабақтастығы – әкелеріміздің жүріп өткен өмір жолдары кейінгі ұрпақтары, біздерге, сабақ болғанда ғана жүзеге асатыны хақ.
Менің әкем, Аманкелді Ахметов 1942 жылы соғыс уақытында дүниеге келген кісі. Бүгінде Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында тұратын сексен жастың сеңгіріне шыққан ақсақал. Соғыс уақытында дүниеге келген әкем көпшіл, бірсөзді, балалары бізді де мызғымас тәртіпке, еңбекке тәрбиеледі.
Атам Ахметтің әкесі Алтынбай. Алтынбай алдында қоралы малы бар, ұсталық қасиет дарыған, сол уақытта Ташкенге қатынап сауда жасап, тұрмысқа қажетті мата бұйымдарын елге әкеліп, сатумен айналысқан жан. Қаймағы бұзылмаған қалың ел ішінде қолында дүниесі барларды кәмпескелеу басталғанда, Алтынбай біраз қудалау көріп, қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Ашаршылық уақытында Алтынбай атамыз дәм-тұзы таусылып, дүниеден өтеді. Атамыздың сүйегі Ақжар ауылының тұсындағы «Алтынбай табаны» деген жерге қойылған.
Алтынбай өз уақытында «Алтынбай табаны», «Алтынбай қыстауы» деген жерлермен қатар, «Үлкен асарға» дейінгі аралықтағы жердің меншік иесі болған. Алтынбайдан қалған тұяқтары Ахмет пен Ақкөл атты ұлдары еді. Алайда, ашаршылық нәубат жылдарында Алтынбай атамыздың әйелі Көркем анамыз ұлы Ақкөлден көз жазып қалады. Ақкөлден қазір сол Алтынбай табаны жанындағы «Ақкөл» деп аталған көл ғана қалған. Көркем анамыз Алтынбай атамыздың мал-мүлкі, дүниесі тәркіленіп, ашаршылық жан алқымнан алған кезде, Ақкөл баласын уақытша балалар үйіне өткізген. 9 жасар бала Ақкөл: «Бидайдың сабағын сорып та жан бағар едік қой, апа» деп, анасының өзін балалар үйіне келе бермеуін қиыла өтінген екен. Себебі, айналадағы жұрт балалар үйіндегі жағдай өте қиын деп ескерткен көрінеді. Таңды ұйқысыз қарсы алған Көркем анамыз, ертелеп балалар үйіндегі Ақкөл баласына барса, ешқандай бала жоқ қаңыраған бос үйді көріп, жүрегі қақ айырылады. Анамыз қалған өмірінде «Ақкөлім, Ақкөлім» деп аңсаумен өтіпті.
Алтынбайдың көпті болжай алатын сәуегейлігі де болыпты. Екі ұлы жайлы «Ұлдарым аман болса, Ақкөлім мүше тістейді, Ахметім бәйгеден келеді» деп айтып отырады екен. Ақкөл өте өткір, алғыр болған деседі.
Ал, Алтынбайдың баласы, менің атам Ахмет 1914 жылы жылы дүниеге келген. 7 кластық орыс мектебін Қа­залы ауданында оқыған. Өйткені, дүниесі тәркіленіп, қудаланып жат­қанқа Алтынбай балаларының жырақ­та білім алғанын қалаған екен. Ахмет Алтынбайұлы бұдан кейін Бейсен­бай Қасқырбайұлының тікелей қол­дауымен Ташкенттегі Қабыланбек атын­дағы агротехникалық училищеде зоотехник мамандығы бойынша білім алып шығады. Бейсенбай Қасқырбайұлы мұғалім, ақын, Халық ағарту ісінің үздігі, Мәскеу қаласындағы Шығыстану университетінде оқыған белгілі азамат. Бейсенбай бүкіл өмірін оқу-білім саласына арнаған жан. Бейсенбай әкеміз арғы аталардан жақындығы бар, бізге немере болып келеді.
Ахмет атамыз табиғатынан аса дарынды, өте сауатты, қағылез, қабілеті мықты кісі болған. 17-ауылдық округте бас есепші қызметін атқарған. Есепке жаны құмар екендігі жөнінде Көркем анамыз «Шам жарығы таусылғанша кітап оқып, есеп жазатын» деп айтып отырады екен. Онан кейін Ахмет Москваға барып, әскери училищеде оқиды. Арнайы әскери білім алып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы оң қолынан жараланып елге келеді. Сол уақытта әйелі Раушан анамызбен дәм- тұзы жараспай, Сұлу атты қызды қалыңдық ретінде алады. Елге келіп еңбекке араласып, бой түземекші болғанымен, ел ішіндегі бақталастық қатты өрбіп, жалғыз шешесі мен жас әйелін тастап, бір түнде соғысқа қайтадан аттанып кетеді. Соғыс аяқталғанша, 1945 жылдың қаңтарына дейін елмен, анасымен хат алысып тұрады. Әскерде капитан шенінде бөлім басқарады. 1945 жылы 20 ақпанда Берлинге 17 шақырым қалған жерде шайқас үстінде қаза табады. Ахмет атамыз өлең жазатын, сөз байлығы мол шешен, көзі ашық және математикалық сауаттылығы мықты болған екен. Өйткені, мектепте оқып жүрген біздерге ұстаздарымыз «Аталарың Ахметтің есімін кірлетпеңдер, ол кісі елге сыйлы болған» деп жиі айтатын. Атамыздың сол уақытта ел ішіндегі тірлікке белсенді араласқанын өзі жазып кеткен қойын дәптерлерінен көретінбіз.
Қан майданда жүрген атамыз Ахмет анасына жазған хатында: «Алдағы өмірім – жұмбақ. Ажал кебіні қашан келері белгісіз, бір арманым – құрсақта қалған ұлымды көру. Егер мен оралмасам, ұлымды бауырыңа бас» деп жазған екен. Ол ұлы – менің әкем Аманкелді. Анасына жазған тағы бір хатында «Ұлымның есімін Нағымет» деп атаңдар деген екен.
Әкесі соғыстан аман-есен келсін деп, үлкендер балаға Аманкелді деп ат қойыпты. Әкем Амангелді 3 жасқа толғанда, Көркем анамыз сол уақыттағы ауыл ақсақалдарын ертіп, құдасының босағасына бір қап бидай мен бір сауын сиырды байлап, менің әкемді пұлдап алыпты. Сол себепті атам Ахметтің хаттарының басты сыры, сағынышы бауыр еті баласы еді. Бұл хаттардың аманат арқалаған хат деп аталуының сыры да осында. Көркем әжеміз Ахмет атамыздың құнды қағаздарымен қоса, соғыс уақытында жазған аманат хаттарын ақ орамалына түйіп сақтаған.
Көркем әжеміз немересі Аманкелдіні тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, «қарашығым» деп аялап өсіріп, анам Зылихамен отау құрғызып, шөбере қолынан су ішкен ана. Көркем әжем Ыдық Керейт руының қызы. Ол аузы дуалы, адуынды, тік мінезді болыпты. Лезде қағып тастайтын көзі де болған екен. Әкем Аманкелдіні ел ішінде «Көркем Амангелді» деп атап кеткен. Себебі, Көркем әже сұм соғысты, ашаршылықты көрген ана, Аманкелді немересін ел қатарына қосқан қайсар ана ретінде ел аузында қалған.
Шағын мақаламның қорытын­ды­сын­да атама:
«Сыр бүккен Әке хаттарың,
Көңілге үміт жаққаның.
Майданның алау күнінде,
Сағыныш хатын сақтадың.
Тұяқ деп жалғыз балаңды,
Аңсаумен өткен шақтарың.
Еліме келсем бір иіскеп,
Мауқымды бассам деп аңсадың.
Сұрапыл соғыс жалмаған,
Жаныңды бердің Отанға.
Ел үшін туған – Ер болып,
Тарихта қалды аттарың» деп және әжеме:
«Жалғыз шешең жаулығына сақтады,
Жаны түйген-асыл ұлдың хаттарын.
Сағынышын бар асылдың ізімен,
Ұрпақ өсіп әке үміті ақталды» деген жыр жолдарын арнағым келеді.

Жазира АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
ұстаз
05 мамыр 2021 ж. 734 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 995

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031