» » Жауынгер жайлы толғаныс

Жауынгер жайлы толғаныс

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ҚЫРКҮЙЕГІНДЕ ИМПЕРАТОРЛЫҚ ЖАПОНИЯНЫҢ ЖЕҢІМПАЗ ЕЛДЕР (КСРО,АҚШ,ҰЛЫБРИТАНИЯ,ФРАНЦИЯ ЖӘНЕ Т.Б.) АЛДЫНДА ТІЗЕ БҮККЕНІНЕ 75 ЖЫЛ ТОЛАДЫ, ЯҒНИ СОЛ УАҚЫТТАҒЫ ӘЛЕМНІҢ 74 ЕЛІНІҢ 62-СІ ҚАТЫСҚАН АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ АЛАПАТ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА ОСЫНША УАҚЫТ. ОСЫ СОҒЫСҚА ҚАТЫСЫП, ЖАНКЕШТІЛІКПЕН АТОЙ САЛҒАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ҚАНШАМА.
Сонау 1942 жылы Жосалы кентінен батысқа қарай 20 шақырымдай жердегі Сырдың оң жақ бетіндегі атақонысымыз «Байзақ тоғайының» шығыс шетіндегі «Қойшыбай талы» деп аталатын екі кісінің құшағы жетпейтін алып ағаштың түбіне жиналып, сол ағаштың жуан бұтағына есімдерін бәкімен ойып жазып, маңайдағы елдің бір топ құрдас жігіттері (ішінде әкемнің тетелес інісі Бөкен ағам бар) майданға аттану үшін әскери комиссиариатқа жол тартыпты. Содан тиісті әскери дайындықтан өткен соң бірі – батысқа, бірі – шығысқа дегендей әртүрлі майдан даласына бөлініп кете барыпты.
Ендігі әңгіме сол топтағы жігіттердің бірі – Мәжит Бәйімбетов жайлы болмақ.
Мәжит Арықұлы 1924 жылы ауданға қарасты Қорқыт теміржол бекетінде дүниеге келіпті. Балалық шағын атақоныс «Байзақ тоғайында», Қорқыт бекетінде өткізген. Сол жердегі мектепте сауатын ашып, аудан орталығы – Жосалы кентінде орта білім алған. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 1942-1943 жылдары дайындықтан өтеді. 1943 жылдың наурызынан бастап әскери қызметін Забайкалье әскери округінің 183-атқыштар полкінде жалғастырған, 1945 жылы осы майдан құрамындағы 9-атқыштар полкі сапында Жапонияның Квантун армиясына қарсы Маньчжурия жеріндегі соғысқа қатысады. Сондағы шайқастардың біріндегі түнгі ұрыс кезінде жаудың атыс ұясын талқандап, шабуылға шыққан бөлімшесінің алға жылжуын қамтамасыз еткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1946 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін елге оралып, С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің «физика» факультетіне оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң 1953-1957 жылдар аралығында осы факультеттің «жалпы физика» кафедрасында жұмыс істейді. 1957-1968 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының баспа саласында мектеп және жоғарғы оқу орындары үшін қазақ тіліндегі оқулықтардың шығуына араласып, өскелең жас ұрпақтың жаңаша сапалы білім алуына атсалысады. 1968 жылдан 1985 жылы зейнет демалысына шыққанша Қазақ Кеңес энциклопедиясында бөлім басшысы, редакцияның жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Энциклопедияның негізін қалаушылардың бірі болып, оның 12 томдығының жарық көруіне еңбегін сіңірді.
Біз, Байсүгір мен Бәйімбет әулеттерінің осы күнгі ұрпағы, менің әкем Шамғұнды «аға» деп, ал Мәжит ағамызды «көке» деп атайтынбыз. Мәжит көкеміз әңгімешіл еді, энциклопедист-ғалым болғандықтан ба, қай салада болмасын: дін, тіл, шешендік сөздер, бұрынғы қазақы даулар, салт-дәстүр, әдебиет, ғылым, техника тақырыптарында үлкенмен де, кішімен де еркін әңгімелесе алатын терең білімді, қарапайым да көпшіл кісі болатын. Алайда соғыс туралы жақ ашпайтын, «соғыста болғаныңызды айтыңызшы» дегенімізде, қабағы түнеріп: «маған ол туралы айту қиын, көрген қиындықтар мен қаза болғандар, Қиыр Шығыстың бет қаратпас аязына тоңғанымыз, сол суықта тоң жерді окоп үшін ойғанымыз, қалың орманды Тайгада жүре алмай әбден сілелегеніміз, қарша бораған оқ пен соғыстың тарсылгүрсілі есіме түсіп, ұйқым қашып мазасызданамын» деп тақырыптан қашқақтайтын. Бірде үлкен-кішіміз аралас отырыста, өмір мен өлім жайлы пәлсапалық әңгіме үстінде көкемнің кенеттен «менің бір өліптірілгенімді білесіңдер ме?» деп сұрағаны. «Жо-жоқ, ол қалай?» деп жамырасып жатырмыз. Сөйтсек, соғыс кезінде көкемнің әскери бөлімі бір орыннан екінші орынға автокөліктермен орын ауыстырып жатады. Көкеміз көлік кабинасындағы өз орнын жаралы жауынгерге беріп, кузовқа шығып отырады. Маньчжурия жеріндегі көп төбешіктердің біріне әскери автоколонна көтерілген кезде жапондар минометтен оқ жаудырады. Атылған минаның бірі көкем отырған көлікке тиіп жарылған сәтте ол кузовтан ұшып кетіп, топыраққа көміліп қалыпты. Көліктегі барлық жауынгер қаза тауыпты, ал көмілген көкемді таба алмапты да, қаза болғандардың тізіміне қосып, ауылға «қара қағаз» жіберіліпті. Солай үш күн көміліп жатыпты. Сол маңайдағы орманшы кездейсоқ тауып алып, жаралы екенін біліп, әскери госпитальға апарып тапсырыпты. Ол кісінің «бір өліп-тірілгенмін» деген сөзінің мәнісі осылай екен.
Студент кезімізде көкеміздің үйіне барып тұрамыз. Шаңырағы қонақтан арылмайтын. Ауылдың амандығын, жаңалығын білу үшін онда бір мезгіл бас сұғып шығу жеткілікті болатын. Ешкімді алаламайтын, елдің баласын өз баласындай көріп, ақыл-кеңесін аямайтын, осы күнгі елдің көзіне, аузына түсіп қызмет көрсетіп жүрген белгілі кісілердің біразына көмегін көрсетіп, олардың өз жолдарын табуына септігін тигізген.
Тағы бір ерекшелігі – қарапайымдылығы. Ешқашан біреуге кеуде көтермейтін, мақтанбайтын. Үйінде жұмыс істеп отырғанда бізді баласынбай кейбір орыс сөздерінің қазақша аудармасын, оның баламасын, мағынасын сұрап, ақылдасып отыратын. Сондықтан да үлкенге де, кішіге де сыйлы, беделі биік болатын, айтқан әрбір сөзі біз үшін бұлтартпайтын командирдің бұйрығындай еді. Майдангердің 60 жылдық мерейтойы университет бітіретін жылыма, диплом жұмысын жазу уақытыма тура келгендіктен бұл тойға аса араласа алмадым. Той Алматыда басталып, Жосалыдағы «Байзақ тоғайында» аяқталды. Сондағы мерекелік отырыстардың бірінде, кім екені есімде жоқ, ағамызға «кеңпейілді, сәби жүректі азамат» деп баға бергені есімде.
Дүниеден озғанша елмен байланысын үзбеді. Жыл сайын қоңыр күзде ауылға кеп ағайынның қуанышына «құтты болсын», қайғысына көңілқосын білдіріп кететін. Тетелес Хамит інісінің үйінде аунап-қунап жататын. Негізі Бәйімбетовтер әулетін «ғалымдар әулеті» деп атауға болады, өйткені оның екінші інісі Нұрбай аға да техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ политехникалық институтында дәріс оқыды, үшінші інісі Абрек биология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның алғашқы ихтиолог-ғалымдарының бірі, ал қарындасы Миуа апамыз педагогика ғылымдарының кандидаты, ардагер-ұстаз, Алматыдағы жоғары оқу орындарында сабақ берді.
Мәжит көкем Қарлығаш апа екеуі Сатқар (марқұм, сейсмолог-математик), Алмагүл (химик-фармацевт), Мейіз (марқұм, экономист), Мәлік (инженер-электрик), Нұрлан (архитектор-дизайнер) атты екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір солардан тараған немерелері әр салада жұмыс істеп, елге қызмет көрсетуде.
Мәжит Арықұлы майдан даласындағы ерлігі, бейбіт өмірдегі елдік істері ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдармен, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының, Қазақ КСР кәсіподақтар Кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
М.Бәйімбетов 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Батырдың ерлік және елдік істері бізге зор мақтаныш. Жарқын бейнесін ұмытпай, жүрегіміздің түкпірінде сақтай береміз.
Құдабай ШАМҒҰНҰЛЫ
12 қыркүйек 2020 ж. 680 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031