Венгрия көтерілісінің жауынгері

Жас жауынгер 1934 жылы №3 ауылдық кеңеске қарасты Калинин атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Алғашқы бастауыш білімді ауылдан алып, кейін оқуын Молотов атындағы №26 мектепте жалғастырған. Мектеп қабырғасында жүргенде үздікке оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Білімді, алғырлығымен көзге түсіп, оқушылар ұйымының бірін басқарады. Комсомолға өтерде тегі Уәлиев кедергі жасаған. Себебі, бабасы Уәлі ел басқарған би болған. Ол кезде бастауыш комсомол ұйымына өту қиын еді.
Мектепті 1953 жылы бітірген соң Мәскеудегі Буман атындағы техникалық жоғары оқу орнының Алматыдағы филиалына құжат тапсырады. Нұрадиннің арманы – инженер болу болатын. Емтиханды жақсы бағаға тапсырғанымен, орыс әдебиетінен жолы болмайды. Ол осыдан кейін Алматы геологиялық барлау экспедициясына жұмысшы болып орналасады. Осы жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Прикарпатье әскери округіне түседі. Әскери бөлім жас сарбазды сержанттар даярлайтын 6 айлық курсқа жібереді. Бұл курстан сержант шенін алып шыққан ол командирдің көмекшісіне тағайындалады.
Венгрия көтерілісі кезінде Нұрадин Байзақов 27 механикаландырылған дивизияның 66 танк полкінің құрамындағы пулеметті-зенитті расчетінің командирі болады. 1956 жылы Кеңес әскері Венгрия жеріне енгеннен кейін көшелердегі тәртіпті бақылау кезінде, үйдің төбесіне жасырынған мергеннің оғынан ол қаза табады. Осылайша ержүрек батыр Венгрияның Дьер қаласына жерленеді. Бұл қырғында қазақ жерінен бес жауынгер қаза болған.
Н.Байзақов қазақ ұлтынан және Сыр бойынан шыққан алғашқы интернационалист жауынгер. Бүгінде ауданда батыр атында көше бар.
Ерсін СӘДУҰЛЫ