» » Жаяу, Сырдан – Қарақұмға, Қарақұмнан – Сырға!

Жаяу, Сырдан – Қарақұмға, Қарақұмнан – Сырға!

«Осындай дамыған заманда сырдан – қырға, қырдан – сырға жаяу барып келіп жүрген кім?» деп таң қалып отқан боларсыздар, ия таң қалатындай реті бар, себебі Сырдария мен Қараөзекті тел емген «Абыла» ауылының орталығынан Қарақұм мал жайылымы 250 шақырым болады, барып қайту 500 шақырым және жүргіншіміз салт басы емес, алдында 600 бас қой, бірнеше сиыр, жылқы, жетегінде 2-3 бас жүк артқан түйесі бар.
Бұл кейіпкеріміз 1926 жылы «Абыла» ауылында дүниеге келген «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «В. Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының озаты», «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Озат шопан» төс белгілерімен, бірнеше рет облыс, аудан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарының иегері, бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаты, бұрынғы «Қармақшы» кеңшарының озат, шопаны Қашақова Мыршай апамыз болатын.
Апамыз мұндай жетістіктері мен марапатқа оңайлықпен жеткен жоқ. Апамыздың өткен өмірін сараласақ, әкесі ерте қайтыс болып, жанұясына бас көтерер адам болмағандықтан 13 жасынан ұжшардың жұмысына кіріседі, әсіресе соғыс басталғаннан кейін майданға аттанған ер-азаматтардың орнын жоқтатпай олар атқарған небір ауыр да қиын кезек күттірмейтін ұжшардың жұмыстарын атқарып, әбден шынығып шыңдалады.
Бұны байқаған басшылық Мыршай апамызды 1945 жылы соғыстан кейін тұралаған Қарағанды көмір өндіру комбинатына жібереді. Қарағанды қаласында №1 шахтада, көмір шығаратын лентада алдыңғы қатарда абыроймен еңбек етіп, 1950 жылы елге оралады. 1959 жылы коммунистік партияның жолдамасымен «Қармақшы» кеңшарына бас шопан болып қой бағуға келеді. Содан 1983 жылға дейін бас шопан, 1983 жылдан бастап баласы Қайыржанды бас шопан етіп, өзі көмекші шопан болып, бас аяғы 30 жылдай абыроймен еңбек етіп еліміздің мал шаруашылық саласын дамытуға, азық-түлік қорын молайтуға жанұясымен бірге үлесін қосып, жоғарыдағы марапаттаулардың иегері атанды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ауыл өміріне қоғамдық шараларға белсене араласып, ағайын-туған арасында абырой, беделге ие бола білді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін жергілікті, республикалық газеттерді жаздырып алып көзәйнексіз оқитын. Дүниеде не болып жатқанын күнделікті баспасөзден, теледидардан оқып, көріп біліп отыратын.
Әрине, мұндай абыройға жеткізген апамыздың құдай қосқан жары марқұм Қашақов Зейнолланың, кейінірек баласы Қайыржанның еңбектерін атап өтпеске болмайды. Бұл кісілерді мен бала кезімнен танимын. 1969 жылы «Қармақшы» кеңшарына мал маманы болып қызметке араласқаннан бастап жақсы білемін. Мал шаруашылығында күнделікті таусылмайтын аты жоқ жұмыстар өте көп, міне осы «таусылмайтындарды» ұйымдастыру Мыршай апамыз атқаратын. Қой бағу жары Зейнолланың мойнында еді. Ағамыз қой бағудың хас шебері болатұғын, ал «таусылмайтын» жұмысқа жақындап кетсе бүлдіреді не айқай шығарады. Сондықтан, ол кісіні апамыз атын ерттеп беріп, мінгізіп, қой бағуға шығарып салады. Келгенде, атынан түсіріп алатын.
Ерте көктемде қар алағат болып енді ери бастағанда қырға қой айдау басталады. Күзде қырдан сырға айдайды, алғашқы қармен араласып желтоқсан айының 5-10 аралықтарында қыстауға да жетеді.
Міне осы қой айдау кезінде апамыз таңертең ерте ағамыздың алдына қойды салып беріп өзі қораны, қосты бұзып жинап, азық- түлік, отын-суды 2-3 түйеге артып, жаяу жетектеп жайып, айдап бара жатқан қойдан озып барып, түскі тамақ дайындайды. Түскі астарын ішіп алғаннан кейін тағы түйелерін жаяу жетектеп, қойдан озып барып қонатын жерді ыңғайлап, бағанағы жинаған қораны соғып, қосты тігіп, кешкі тамақты әзірлейді. Қойды қораға қамап, кешкі ас ішіп болам дегенше түн жарымы болады. Осы жағдай барғанша он күндей, қайтарда он күндей қайталанады.
Мұндай бейнетке азаматтың азаматы шыдайды. Қой айдау кезінде шопандарға қосымша көмек пен көмекшілер беріледі. Бұл кісілер көмекші де алмайды, өз отбасымен атқарады. Апамыз жасынан еңбекке шыңдалып, кешегі соғыс уақытында, соғыстан кейін де небір қиын кезеңдерде, аш-жалаңаш жүрсе де еңбектерін ешкімге міндет қылмай келешек үшін игілікті істерді күн-түн демей атқарған азаматтармен иық тіресіп бірге жұмыс істеп өскендіктен болар.
Апамызды «бейбіт күннің Әлиясы мен Мәншүгі» десе де болады. «Қармақшы» кеңшарының 7 рет Бүкілодақтың, 10 рет Республиканың жарыс жеңімпазы атанып, Мәскеуде, Бүкілодақтың Халықтар жетістігі көрмесінің алтын медалымен марапатталып, Алтын кітапқа жазылуы – осындай жандардың еңбегі. Шаруашылықта 150-дей шопан болды, барлығы дерлік еңбекқор, апамыз солардің бірі ғана.
Мұндай жандардың еңбектерін бағалап, еске алып, жастарға үлгі етіп мал шаруашылғын дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Мыршай апамыз 2019 жылы 94 жасқа қараған шағында дүние салды.
Бұл кісінің саламатты өмір сүріп, жақсы қартайып ұзақ ғұмыр кешуіне себепкер әуелі Алла Тағала, одан кейін өзінің еңбекқорлығы, аңқылдаған алдыр-салдыр ешкімге зияны жоқ мінезі. «Алла пейілі, ниеті түзу жандарға береді» дейді. Апамыздың пейіл ниетіне келінді адал қылып берген. Роза келіні қазақтың салт-дәстүрімен енесін сыйлап, осындай еңбек адамын жасы келген шағында бағып-күтіп, ақтық сапарға жөн-жоралғысымен шығарып салғанына ауыл тұрғындары дән риза.


Қ.АЙТЫМБЕТОВ,
еңбек ардагері
28 шілде 2020 ж. 800 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031