ДИҚАНДАРЫН ДӘРІПТЕГЕН СЕРІКТЕСТІК
Жуырда Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе и К» серіктестігінде «Алтын күз-2018» шарасы аталып өтті. Ала жаздайғы еңбекті қорытқан ұжым бірқатар мамандарды марапат көгіне көтерді. Бәйгеде аты озған дала еңбеккерлерінің кеуделеріне «Тұрымбет Салқынбайұлы – 150 жыл» медалін тағып, құрмет төріне шығарды.
Ақсақалын ардақтайтын ауыл биыл зейнетке шыққан еңбек ардагері Басқынбай Қайырқұловтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, түрлі маман иелері өз саласында озат атанып, мұздатқыш, теледидар тәрізді бағалы сыйлықтарға қол жеткізсе, енді бірі қаржылай сияпатқа ие болды. Мекемеде қызмет істейтін 7 бірдей еңбек озаты «Тұрымбет Салқынбайұлы – 150 жыл» медалін омырауында жарқыратты. Ал, 3 еңбек озаты аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, 6 еңбек озатына шаруашылықтың алғысы жарияланды.
– «Еңбектің наны тәтті» деген. Жаз бойы маңдай терін сылып алған қызметкерлердің еңбегі еленген күн болды. Шаруашылық бойынша жалпы құны 12 миллион 500 мың теңгені құрайтын жүлде қоры тағайындалды. Мұның барлығы елдегі азаматтардың қолын аузына жеткізетін түпкілікті мақсатқа жол деп бағамдауға болады, – деді серіктестік есепшісі Гүлмайра Көбегенқызы.
Салтанатты шара соңында облыс орталығынан ат терлетіп келген өнер адамдары ауыл халқына әннен шашу шашып, марапат шарасының аспанын бимен көмкерді. Сондай-ақ, көңіл сергітетін ойындар ойналып, жеңімпаздарға сый-сыяпат табысталды.
«ҚТ» ақпарат.