» » ІЛКІМДІ ІСПЕН СЕРПІЛІСКЕ

ІЛКІМДІ ІСПЕН СЕРПІЛІСКЕ

Алтын күз – 2018» мерекесі аясында сала үздіктері марапат көгіне көтерілді. Н.Бегежанов атындағы облыстық драма театрында өткен айтулы шарада аймақ басшысы Қ.Көшербаев сөз алып, облыстың жетістігіне тоқталып өтті. Агросалада тың серпін алып, бағындырған биік шыңдарымыз бен асқан асуларымызды сөз еткен аймақ басшысы диқандар қауымына ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасаған қамқорлығының арқасында кейінгі жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасты. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд. теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы ауа райы, әсіресе мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар арқылы облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, диқандарымыз заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбегінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиында еңбектің нанын жеп, маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген еңбек иелерін құрмет төріне шығару ауданның ғана емес, аймақтың атын Алашқа танытқан Батыр Ана, Еңбек Ері Сәлима Жұмабековаға көрсетілген қошеметтен басталды.
– Құндақтаулы баланы қамыс күркеге қойып, күріш еккен Еңбек Ері. Елбасының тапсырмасына сай көпқабатты үйдің үшінші қабатынан пәтер дайындағанбыз. Үлкен кісінің кіріп-шығуы қиын болған соң, елдегі азаматтар ойласа отырып, облыс орталығынан бес бөлмелі бір қабатты баспананы тарту етіп отырмыз, – деді Қырымбек Көшербаев салтанатты шарада.
Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру аясында аймақтағы Агрокарта шеңберінде ауылшаруашы­лық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету жолға қойылған. Бір ғана Сыр күрішінің өзі Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып үлгерсе, Иранға шығару жоспарда тұр. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер мен бақша өнімдері Қытай мен Ресей тәрізді мемлекеттерге жөнелтіледі. Осындай іргелі істерге еңбегі сіңген агросала мамандары түрлі номинациялар бойынша марапат биігін бағындырды. Олардың қатарында жерлестеріміз де жетерлік. Еңбек адамын насихаттап, жерден несібе терген жандарға құрмет көрсететін қоғамда «Еңбек ардагері» медалін омырауда жарқыратқандар қатарында «Ақтөбе и К» ЖШС инженері Мырзабек Смағұлов бар. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Төлеген Өмірқұлов пен «Әсіл» ШҚ сушысы Мұқан Әбдімәліков ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасы «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаевқа табысталды. «Жаңажол» ЖШС механизаторы Сердалы Бегімбаев ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісіне қол жеткізсе, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін «Достық – Жер» ЖШС бригадирі Бақыт Меңлібаев кеудесіне тақты. «Жаңажол» ЖШС күрішшісі Аманкелді Мәмбетов Ы.Жақаев атындағы төсбелгіге қол жеткізді. «Озат күріш өсірушілер» қатарында «Тұрмағамбет» ЖШС күрішшісі Темірбек Сейітбаев құрмет төріне көтерілсе, «Ақтөбе и К» ЖШС жатка машинисі Нұрлан Әбдіхалықов «Үздік жатка машинисі» атанды. «Озат егін шаруашылығы» аталымына қол жеткізген «Жаңажол» ЖШС мерейі үстем болды. Облыс бойынша үздік шаруашылықтардың көшін бастаған Орынбасар Төлепов басқаратын серіктестік І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Түйін.
Көсегесі көгерген қаймана қазақ қашан да тамағын Жер-Анадан және мал шаруашылығынан алған. Табиғат-Анадан тамыры ажырамайтын халықтың бүгінгі «Алтын күздегі» табысы да толайым болды. Еңбектері еленген жұрттың жүзінде қуаныш лебі еседі. Арайлы Ақмешітке арқаланып барып, ынталанып қайтқан мамандардың мәртебесі қашан да биік болғай.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы»,

01 қараша 2018 ж. 1 077 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 114

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930