Қаралы күндер қасіреті
Бұл күн – қазақ елі үшін қасіретке толы қаралы күн. Себебі Кеңестік биліктің үстемдік құрып, қылышынан қан тамып тұрған тұсында қазақ халқының басына түскен қайғы-қасіреттің салмағы бүтін бір ұлтты жер бетінен жойып жіберуге шақ қалды. Большевиктер жүргізген қанды терордың шеңгеліне өзге ұлттармен бірге біздің жұртымыз да ілінді. Қазақ жартысынан айырылып қалды. Мұнан бөлек сол дәуірде әр уақыттарда болған тарихи оқиғалардың жалыны қазақ елін шарпымай өткен жоқ. Соның ішінде отызыншы жылдардың соңындағы саяси қуғын-сүргін оқиғасы тарихта тым ауыр кезең. Сол кездегі саясат қазақ ұлтын мақсатты түрде жоюды көздеді ме?
Тарихшылар зерттей келе оған кінәлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа деп санайды. Сан мыңдаған ұлт зиялылары жапа шегіп, түрмеге жабылды. Арыстар атылып, ұрпағы қудалауға ұшырап итжеккенге айдалды. Бұның барлығы тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірген ұлт қайраткерлеріне тойтарыс беру үшін жасалған. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды.
Дереккөзге сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Соның ішінде мәдениет және саясат, ғылым саласының зиялы қауым өкілдері атылған.
Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматтары репрессияға ұшырап, «тың игеру» деген саясаттың желеуімен Қазақстан жеріне корей, поляк, неміс, Қырым татарлары, Кавказ халқы және басқа да ұлт өкілдері көшіп келіп, еліміздің түкпіріне қоныстанды. Сөйтіп, Кеңестік тоталитарлық жымысқы саясатының салдарынан байырғы қазақ халқы өз жерінде азшылдыққа ұшырап, Қазақстан 130-дан астам ұлттық диаспораның өкілі тұратын «интернационалдық» елге айналды.
Бүгінде ауданға іргелес жатқан ІІІ Интернационал ауылы осы қуғын-сүргін жылдарында түрлі ұлт өкілдерінің жер аударылып, көшіп келуінен құралған. Сол кездегі куәгер көне көз қарияларымыз қасіретке толы суық жылдарды күрсіне еске алады. Әсіресе түрік ұлтының өкілі Мураддин Мардиевпен болған әңгімемізде ол ашаршылық жылдары қазақ елі жатсынбай құшақ жая бауырына басқанын зор қуанышпен жеткізді. Оның айтуынша, тосыннан келген хабар бүтін бір ауылды бір түнде әбігерге салыпты.
– Ұмытпасам, 1944 жылдың қарашасы болса керек. Бір түнде үйге солдаттар кіріп келді. Ол кезде мен алты жастағы баламын. Үлкен ақсақалдарды бір жерге жинап, жиналыс жасады. Әлгі солдаттар үлкендерге бір айға жер аударылып, көшетіндерін айтыпты. Сол түні түнегеннен азанда қайта келіп бәрімізді алып шықты. Кімде қандай азық бар қолға ілінгенін алдық. Төрт-түлік мал ауылда қалды. Содан бір ұжшардың адамын қырманға ұқсайтын үлкен жерге жинап, кеш батқанға дейін сонда ұстады. Өте ұзақ күттік. Бір кезде қараңғы уақытта әскери машиналар келіп, әр көлікке төрт-бес үйден сыйғанынша отырғызды. Сол әкеткеннен Ахысқа қаласына тоқтап, әрі қарай вагондарға тиеді. Вагонның іші салқын, пеш, су жоқ. Ол кездің пойыздары қазіргідей жылдам жүрмейді ғой. Бір ай жүрдік жолда. Содан Арал, Қазалыға тоқтап адамдарды қалдырып жатты. Одан кейін Қармақшыға бізді тастады. Бұл жаққа келсек күн жаман суық, жел. Ол кездің суығы әлі есімде, – дейді куәгер Мураддин көкеміз.
Қармақшыға жер аударылып келген түрік халқын Жосалы механикалық зауыттағы клубқа орналастырыпты. Онда оларды бір ай ұстап, кейін дарияға мұз қатқанда көлікке тиеп сол кездегі «Утреняя заря» қазіргі Ақжар ауылына көшіріпті. Жолда суыққа шыдамай аштықтан өлгені қаншама. «Кейін жерлеген жақындарымызды таппадық» дейді күрсініп.
– Ауылға әкелісімен әр үйге бөліп орналастырды. Ол кезде әкем соғысқа кеткен. Анам және екі бауырыммен қалдық. Қазақтар бізді бауырына басты. Күнкөріс ауыр, ашаршылық кез болды. Қазақ ағайындармен араласып күнелткен. Олар бізге барын беріп, көмектесті, – дейді кейіпкеріміз.
Кейін 1952 жылы ұжшарлар бірігіп, ІІІ Интернационалға қайта көшіріледі. Осында біржола қалып, елмен біте қайнасады. 1937 жылы Қармақшы ауданына 2155 кәріс жер аударылса, 1941 жылдың 23 қарашасында Ресей мемлекетінің Ростов облысы, Зверова стансасынан 300 украйн, орыс, еврей, неміс өкілдері көшірілген. Тағы бір айта кетерлік жайт, 1938 жылы ауданымызға көшіп келген өзге ұлттар арасында жас мамандар мен студенттер болан деседі. Олар Жосалы механикалық зауытына, аудандағы автотұрақ гараждарына, құрылысқа жұмысқа орналасқан.
Өзге ұлтты бауырына сыйғызған қазақ еліне Мураддин ағамыздың айтар алғысы шексіз. Қиын күндерде қарасып, қара нанады бөліп жеген күндерін әлі күнге немелеріне айтып отырады.
Бүгінде мамырдың соңғы күнін қазақ қоғамы қара жамылып қарсы алады. Себебі бұл күн – «Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын» еске алатын азалы күн. Қазаққа қарсы жасалған геноцидтің таңбасы күнтізбеге басылып, ресми түрде аталып келе жатқанына биыл сексен сегіз жыл. Арада аз уақыт өткен жоқ, бірақ зұлмат заманның ақиқаты әлі күнге толығымен ашылмай келеді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ