ОТТЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
АҚЫН ҚАДІР МЫРЗА-ӘЛІ ҚАЗАҚТЫ «МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН» ДЕП БЕКЕРГЕ АЙТПАДЫ. БҰЛ СӨЗДІҢ АСТАРЫНДА ҰЛТЫМЫЗДЫҢ СЫНДАРЛЫ ЖОЛЫ, ТАРИХИ САНАСЫ, ТАҒДЫР-ТАУҚЫМЕТІ ЖАТҚАНЫ БЕЛГІЛІ. ТАЛАЙ ҰЛТ ПЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ТАРИХ САХНАСЫНАН МҮЛДЕМ ӨШІП, ҚҰРДЫМҒА КЕТКЕНІН ЕСКЕРСЕК, АЗ ҒАНА ҰЛТЫМЫЗДЫҢ САҚТАЛЫП, БҮГІНГІ КҮНГЕ ЖЕТКЕНІНЕ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ ШЕКСІЗ ҚҰДІРЕТІ ДЕМЕСКЕ ЛАЖЫҢ ДА, АМАЛЫҢ ДА ЖОҚ.
Қазақ халқының зар замандағы, кешегі «Елім-айлап» жоқтау айтқан аналарымыз бен тарыдай шашылған ата-бабамыздың тар жол тайғақ кешкені – ешкімнің жадынан ешқашан өшкен емес. Өйткені, оның басты себебі – ата-бабамыздың қашан да ұлт болашағына бас қатырып, ұлттық деңгейде ойлай білгендігінде. Ал ұлт мүддесін қорғай білген халықтың қай кезде де өкініші өзгеге қарағанда аз болған. Сол секілді қазақ халқының зиялы азаматы мен оқыған-білімдары ұлт мұратын биік қойып, қасық қаны қалғанша оны қорғай білді. Қанды қырғынның тырнағына ілінген де осы біздің ұлт зиялысы болғаны тарихымыздан белгілі.
Сол себепті де елінің ертеңін ойлап, ұлттың ұстынына айналған біртуар тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері Қызыл империяның қасапханасында қынадай қырылды. Сансыз сылтаумен саяси қуғын-сүргін құрығына ілініп, құрбанына айналды. Ұлт көшбасшылары ауыр азапты күндерді бастарынан өткізіп, зобалаң жылдардың зардабын аяусыз тартты. Бір сорақылығы – 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастау алған саяси қуғын-сүргін Кеңес одағы тарағанға дейін жалғасты. Қуғыншылық қоғамның барлық саласына тұсау салып, ешкімге аяушылық жасамады. Тіпті оның құрығына әйел мен бала да түсті. Жалпы ұлттық рух – кез келген мемлекеттің тағдырын, болашағын шешетін негізгі фактор десек, Кеңес одағының көздеген мақсаты да сол рухты жаныштап, ұлтты жер бетінен жоғалту болғаны анық. Әйтсе де, оған олардың қауқары жетпегендей. Дегенмен, одақтың құрамындағы елдердің ұлттық келбеті мен салт-дәстүрін жойып, «өзіндік менін» қалыптастыруға күш салғаны өтірік емес. Соның нәтижесінде жылдар бойы қалыптасқан тарихи үрдістен Кеңестік қоғамның «төл перзенттері» пайда болып, тоталитарлық жүйеге қызмет етті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын қудалау елімізде сонау 1920-1930 жылдардан басталды. Халықтың еңсесін басып, ұлттық рухын тұншықтыруда көптеген айла-шарғы қолданылды.
Тарихшыларымыздың зерделеуіне сүйенсек, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құқық қорғау органдарының ұйымдасқан түрдегі қолымен жасалған. Керек болса, қуғындаудың заңдық базасы алдын ала тағайындалған. Зерделеу дерегінде: «Кеңес мемлекетінің заңдары Қазан төңкерісінен бастап тоталитарлық жүйенің орнығуына жол ашты. Кеңестік құқық «биліктен айырылған қанаушы таптарға» қарсы бағытталғандықтан, адамдар шыққан әлеуметтік тегі үшін жазаланды» деп көрсетілген.
Бұл саясат – сөз жүзінде демократиялық бағытты әспеттеп айтқанымен, іс жүзінде адамдарды ішінара жікке бөліп, өзара күресті өмірге әкелген еді. Мұндай алдын ала жоспарланған бассыздық әрбір ұлт өкілінің мәдениетіне, өркениеті мен дамуына қарама-қайшылық тудырған болатын. Өткенді жамандауға болмайды. Дегенмен, оған әділ де нақты бағасын беру – ұрпағымыз үшін аса маңызды шаруа. Тарихтың өтірікпен өрнектелгенінен асқан қауіп-қатер бар ма? Бұл – өткенімізге тас лақтыру емес, әйтсе де миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған осы бір сталиндік зобалаңның зардабын тартпаған, азабына ұшырамаған адам кемде-кем болар.
Кейде арада қаншама уақыт өтсе де шындықтың беті ашылып, шырағданы жанатыны бар. Сондай сәт бізге 1988-1991 жылдары туған еді. Өткен жолымыз бен ұлт тағдырына қатысты зобалаңды зерттеу тарихшыларымыздың еншісіне тиді. Бұл кезеңде бірқатар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен сол кездегі түрлі орын алған заңсыздық туралы құнды материалдар жарияланды. Десе де, бұл бір күннің мәселесі емес. Ғалымдардың зерттеулері әлі де жүргізілуде.
«Кеңес халқын» қолдан қалыптастыруды қарқынды іске асырған үкімет саясаты адам баласының бүкіл құқын аяққа таптады десек, артық болмас. Қорқынышы басым саясат 1920 жылдан бастап-ақ жүргізілгені байқалады. «Контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» іс-әрекеті үшін 6 айдан жоғары мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы сол кездің өзінде-ақ белгіленіп, халықтың тағдыры шешіліп қойылған-ды. 1930 жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетсе, ГУЛАГ халқының 25 процентін жазаланғандар құраған. Кеңестің «қасапханасына» ұлт қаймағын тоғыту 1928-1931 жылдары аралығында да қарқын ала берді. Жалған жала мен дәйексіз қылмыстың жазасына ұшырады. Айыбын мойындамағанға түрлі әдіс-тәсіл ойлап табылып, репрессия жүргізудің жолы жеңілдетілді. Сүреңсіз саясат 1930 жылы нықтап іске көшті. Бұрын бірең-сараң көрініс болса, енді жаппай өріс алды. Құдды бір науқандық жұмыстай қолға алынып, халықтың арасында үрей пайда болды. Байлардың малын тартып алу, дүниесін тәркілеу кәдуілгі жұмыстай жүзеге асырылды. Ауылдарында бірде-бір ауқатты адамы қалмағаны туралы мәлімет берген тұлғаларға да айып тағылып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырған. Түрмеге адам сыймай, сотталушылар адам төзгісіз жағдайда жазаларын өтеген. Мысалы, 1931 жылы 112 орындық Қызылорда түрмесіндегі 325 адамның 203-і ешқандай айыпсыз қамалған. Ал, 300 адам түрме қабырғасының жанында ашық аспан астында «қамауда» жатқан. 1930 жылдан бастап өлім жазасына кесілгендер туралы ақпарат мемлекеттік құпия ретінде сақталған. Саяси қуғын-сүргіннің сүреңсіз болғаны соншалық – бір адамның ісі 15 минутта қаралып, ату жазасына кесілген. Яғни, бір адамның тағдыры небәрі 15 минутта шешіліп, о дүниелік болып кете барған. Сонымен қоса, мұндай іске шала сауатты, болмаса сауаты жоқ кадрлар тартылды. Биліктің қолшоқпары болған осындай шаласауатты талай кадр миллиондаған адамның өмірін қиып, итжеккенге айдатты. Саяси нәубеттің құрығынан қазақ әйелдері де құр қалмады. Жауыздығы сол – әйелдер де өлім жазасына кесілгендермен тең дәрежеде жазаланып, ауыр зардапты басынан кешірді. Олар «Отанын сатқан» деген жаламен де ату жазасына кесіліп, түрмеге жабылды. Еңбекпен түзеу лагерінде тауқыметті тағдыр кешті.
Бір айта кетерлігі, 1926-1929 жылдардағы тұрмыстық қылмыс түріне талдау жүргізгенде, оның 60 проценті қазақ қыздары мен әйелдеріне тиесілі болса, 1937 жылы Орталық комитет жауапқа тартылғандардың балалары мен туыстарын оқудан шығару туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде сан мыңдаған жазықсыз баланың тағдыры ойыншыққа айналған.
Жалпы сот процесінің «жемісті» болған кезеңі – бұл 1937 жылдар. Көп адамға «Жапонның шпионы» деген де айып тағылған кез болған.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды көптеген Алаш арыстары тап күресінің қазақ ұлтының өмір сүруіне зор қауіп төндіретінін дәлелдеді. Айтты да жазды. Соның кесірінен өздері де саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Осындай жағымсыз іс-әрекеттің негізінде қазақ халқының қанында да, салт-санасында да бұрын соңды болмаған жағымпаздық, жасықтық қасиеттер пайда болды. Дегенмен, түбінде әділдіктің ақ туы желбірейтіні анық. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол ата-бабаның өзі көрмесе де ұрпағына бұйырған үлкен арналы арманы орындалды. Оған тарих та, оны сүріп отырған Қазақ елі де куә.
31-мамыр – елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Соған сай, Жосалы кентіндегі «Тағзым» алаңында арнайы іс-шара өтті. Онда аудан әкімі Сұлтан Мақашов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов бастаған бір топ қауым зобалаң жылдардың зардабын тартқан ата-баба рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Соныман қатар, саяси қуғын-сүргін құрбаны Әбен Ниетбайдың ұлы Осман Ниетбай сөз сөйлеп, әке жайлы естелігін айтты. Шарада «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы Құран оқып, әруақтарға дұға бағыштады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».