Қырықтың құпиясы
Қазақ дана халық қой. Не сөйлесе де әңгімесін әріден бастап, айтар ойын тұздықтағанды жақсы көреді. Көкейіндегісін мақалмен һәм нақыл, даналық сөзбен астарлап жеткізу халқымызға тән ерекше қасиет. Бөденедей кезден бойға сіңген қырық санының біз білмейтін қандай қасиеті бар? Сөздік қорымызда не себептен қырық санын жиі қолданып, оның маңын төңіректей беретініміз қалай?
Қырықтың құпиясын әуелі үлкендерден сұрап көруді құп көрдік.
– Қазақы түсінігімізде қырық санының тәрбиелік мәні үлкен. Ана болған соң танымды тәрбиеге қарай тартамыз. Ықылым заманнан бері аталарымыз «Қызды қырық үйден тыю» деп қызға көрегенді, көргенді тәлім берген. Мұндай қағидамен бой жеткен қыз туған жеріне де, барған еліне де сыйлы, құрметті. Өйткені қазақ халқында не нәрсенің бастау бұлағы – анамен, оның кісілік парасатымен өлшенген. Ұрпақ анадан тарайды. Анадан өсіп-өнеді. Сәби ана жүрегінің астында тоғыз ай, тоғыз күн нәр алады. Сондықтан ұлға қарағанда қыздың тәрбиесі нәзік әрі күрделі келеді. Ертеде қыз дүниеге келгенде аналарымыз осыбір ұстынды назарға алып, тәрбие берген ғой. Қырық үйден тәлім алған қыз адами қасиетті биік ұстап, қайсыбір қиындықта мойымайтын болған. Күрмеуі қиын істе жол таба білетін, жарының қабағын алыстан танитын адалдығымен көзге түскен. Осынау тәрбиемен өнген қыз аялы алақанымен әлемді де, Алла нәсіп еткен әлдиін де мейіріммен тербете біледі, – дейді кент тұрғыны Боранкүл Қаймақбаева.
«Отызында орда бұзбаған, қырқында қырқа ала алмайды» деп баласына баға берген қазекем бұл сөзбен біраз дүниенің басын қайырған. Әрбір істің алымын аңдитын аталарымыз отызға келген перзентінің аяқ алысына қарап, келешегін болжаған. Орда бұзар жасқа келгенше елдің қамын жеп, оның жолында ешбір әрекет етпеген қырма сақалдан үмітін үзген. Сол себептен әкелеріміз «Қырыққа келгенше қыр аспағаннан сақтасын!» деп ретті жерінде ұлға ескерту әрі құлаққағыс етіп отыратын болған.
Қазақ қашан да қонақжай. Үйіне бас сұққанға құрметпен қарап, барын қонағының алдына тосатын қасиет қазақта ғана бар десек, өтірік болмас. Тіпті, бала-шағасының аузынан жырып, «қонаққа тұрсын, дастарқан бос тұрса, келген қонақтан ұят болады» деп сүр еті мен тәттісін бөлек сақтайтын халқымыздың жомарт көңіліне осындайда қалай риза болмассыз. Отбасына адам айналса «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли» деп қуанып, жақсы ырымға балаған. Ұлтымызға біткен тағы бір қасиет – шыдам мен сабыр. Осынша шаруасы шатқаяқтап кері кетіп тұрса да байыз тауып, «Қырқына шыдадық, енді қырық біріне неге шыдамасқа?» деп кеуілдегісін бүкпесіз ақтаратын да біздің қазекем ғой.
Жақсыдан үйрену мен жаманнан жирену – қанымызда бар. Һакім Абайдың «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» дейтіні осындайда еске түседі. Қашық болатын нашар мінездің бірі – қырсықтық. Бұл жөнінде «Бір қыздың кесірі – қырық есекке жүк болған» деп, қырық санын қағытып өтеді. Қу адамды «қырық айлалы» деп тілдесе, ескерусіз сөзді «қырық жерден айтсаң да, тыңдаусыз қалған сөз жетім» деп өкініш білдірген. Ал ерлер атойлап жауға аттанғанда «қырық жыл қырғын келсе де – ажалды өледі» деп тағдырмен таласпағанының бәріміз куәсіміз.
Аталған сөз тіркесін қолдану ауыз әдебиетімен қоса, аңыз әңгімеде де жиі кездеседі. Мысалы Қазақстанның оңтүстік өңірінде орналасқан «Ғайып-ерен қырық шілтенді» білетін боларсыз? 2008 жылы осында ат басын тірегенімізде ондағы шырақшы: «Әулие өмірден өткенде жерленбей, жалған дүниеден ғайып болып кеткенін» айтқан еді. Мұндағы ғайып – «көрінбейтін» деген мағынада болса, ерен – «жарандар», яғни көп, қырық дегенге саяды. Шілтен – «шырақшы» ұғымына жақын. Енді осы айтылған сөздердің басын біріктіргенде «Көрінбейтін қырық құдіретті адам» дегенді білдіреді-мыс.
Қырық саны жалғыз қазақта немесе Шығыс халқында емес, басқа елде де бар ұғым. Мәселен Ежелгі Египет, Месопатия, Гректің аңыз-әпсанасында адам қайтыс болған соң одан қырық күн бойы тозақта сұрақ-жауап алынады деп сенсе, түріктерде қырық санынан келетін қайыр-садақа беру бүгінге дейін жалғасқан. Қырыққа толтырып ақша берсең – қорқыныш болмайды.
Сол секілді қырық саны дінмен етене байланысты. Адамның жалғандағы көш керуені бітіп, мәңгілікке сапар шеккенінде қазақта қырқық күндік Құдайы жолын беріп, аруағына дұға бағыштаса, татар халқында «қырқын оздыру» рәсімі, орыста «сорок дней» аталып өтеді. Қарап отырсақ, ұлтымызда қырыққа толған мерейтойды тойлау соншалықты үрдіс емес. Қырыққа қарағанда отыз бен елудің еңсесі биіктей. Бәлки бұған басты себеп, көбіне-көп қырық санының Ислам дінінде адамның қайтыс болуымен байланысты жатқанында болар. Кім қалай айтса да шындығы сол, қырық санының жұмырбасты пенденің шыр етіп өмір есігін ашқаннан бастап, одан өткенге дейінгі аралықтың барлығын қамтитыны. Медицинада айтылғандай, сәби ана құрсағында қырық апта жатса, ежелгі таным-түсінікте бала туылған соңғы қырық күнді қауіп-қатерлі деп есептеген. Себебі шарана қырық күнін толтырып, қарын шашы мен тырнағын алдырғанша әжелеріміз немересін «тіл-көз тиеді» деп бірде-бір жан баласына көрсетпейтін болған. Ит пен сұқтан, теріс энергиядан сақтайтын болған.
– Қырық саны жайлы төтемдік мағына «Қобыланды батыр» мен Қарақалпақтың «Қырық қыз», «Қырымның қырық батыры» атты батырлар эпосынан оқығаным бар. Тазша баланың «Қырық өтірігімен» орта мектептен таныспыз. Мұның бәрінің жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор ауыз әдебиетінің озық үлгісі, – дейді жас маман Құралай Төлепова.
Түйін
Қазірге дейін ғылымның шыңына шықтым деген елдердің өзі қырық санының құпиясын аша алмаған. Ал біздің білетініміз қайсыбір сан, күн, ай болмасын Алланың пендесіне берген өлшеусіз нығметі. Әрине, жігіттеріміз отызында орда бұзып, қырқында қамал алса, қыздарымыз қырық құбылмай қылығымен қызықтыра білсе қырық санын неге жақсы көрмеске?!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК