» » БІР МИНУТ ҮНСІЗДІК ТОЛҒАМЫ

БІР МИНУТ ҮНСІЗДІК ТОЛҒАМЫ

Шариғатта адам дүниеден өткенде артынан Құран оқып, дұға тілейді. Діни жөн-жоралғысын жасайды. Ал, бір минут үнсіздікпен еске алу, елді жинап митинг өткізу, сондай-ақ шеру ұйымдастыру қаншалықты қажет? Қай заманда да қазақ елі өмірден озған пендесіне айрықша көңіл бөлген. Салт бойынша мәйітті арулап жер қойнына тапсырған. Қате-күнәсінің Алладан  кешіруін тілеген. Артында қалған ұрпағына әкесінің немесе анасының көре алмаған қызығын көруіне тілекші болған. Атам заманнан бергі үрдіс осы. Әйелдер жағы жоқтау айтып, армасын айтып келушінің сай-сүйегін сырқыратса, қаралы шаңырақта бір аптаға дейін қазан асылмаған. Тиісінше, бұл жағдайда ағайын-туыс, көрші-көлем көмекке келіп, азалы үйдің қайғысына көп болып ортақтасқан. Қолдан келгенше бөлісе білген. Осындай адами жолмен қайғының сейілуіне үлесін қосқан. Әйтсе де, қазақтың ежелден келе жатқан діни салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан бір минут үнсіздік, иә болмаса митинг жасау дәстүрі кездеспейді. Шынымен де, бұл дәстүр бізге қайдан келді? Оның түпкілікті мақсаты бар ма? Осы арасын саралап көрсек. Ислам діні бұл тұрғыда нендей жауап береді?
– Митинг – бұл атеистік дәстүр. Қазақ халқында бұрын-соңды болмаған дүние. Тоталитарлық жүйенің қалдығы. Мұны – өмірден озған жанға құрмет дегеннен гөрі, «құрметсымақ» дегеніміз дұрыс болар. Тарихқа алыстан көз жіберсек, о дүниелік болған қай қазақ зиялысына митинг жасалып, үнсіздік жарияланып еді? Марал бабамызға ма, Абай атамызға ма? Қармақшы қасиетті топырақ қой. Қай арысымызды соңғы сапарға шығарып салғанымызда төбесінен қарап сұңқылдап өлең оқып едік? Алған марапаты мен жеткен жетістігін моншақтап тізген кезіміз бар ма? Мәйітті мекеніне аттандырып тұрып молда шариғат заңдылығын айтады. Уағыз етеді. Халыққа имани ой салады. Керекті ақпаратпен құлақтандырады. Бақилық болған кісі мұсылман болса, мұсылманша жайғалуына септігін тигізеді, – дейді бас имам Жақсыбек Әбенов.
Дінтанушы ғалымның пікірінше, митинг ұйымдастыру – кешегі құдай­сыздық жүйесі қалыптасқан кеңестік одақтың қолдан жасаған жалған шарасы. Өйткені, Ислам дінін жоққа шығарып, онымен өле-өлгенше күрес­кен қызыл қоғамның ойлап тапқан дәстүр­сымағы бұл. Оның қаншалықты өміршең болғандығы көпке мәлім. Дегенмен, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының салт-дәстүрі мен діни әдет-ғұрпына мұнан орасан зиян келгені де жасырын емес. Кеңестік жүйе қағидасында қаралы жиында имам не молданы халықтың алдына шығаруға болмайтын-ды. «Қаз орнын қарға басыптының» кері. Жаназаның орнына шеру, митинг топ ете түсті. Бір қызығы, Ресейде Кеңес одағы ыдырағанға дейін биліктегілер атеистік рәсіммен, горн, барабанмен жерленсе, тәуелсіздік жылында ана дүниелік болған  орыстың бірінші басшысы Борис Ельциннің жаназасы проваславтық дәстүрмен атқарылыпты. Соған қарағанда, ежелгі көршіміз дінсіздіктен бас тартып, тәубесіне келгендей.
Негізі, осы халық қаралы митингіні керек ете ме? Үнсіздік жариялауды қалай қабылдап жүр? Кент тұрғыны Қонысбек Тұрғановтың айтуына қарағанда, өлік­тің басында әйел адамның сөз сөйлегені тарихта болмаған. Оның сауабы тиеді дегенге де сенбейді.
 – Мұсылман болған соң мұсылманша жерлену рәсімін қолдаймын. Бәлкім, митингіні басқа еске алу шарасымен ауыстырған дұрыстау шығар. Үнсіздік жариялау да санаға сыйымсыз. Кеңес дәуірінің өткені қашан. Ол тұрғыда Құран Кәрімде болмаса, шариғатта жазылмаса, хадисте айтылмаса – не үшін үнсіздік жарияланады? Мейілінше, уланған сананы өзгерткен абзал, – дейді ол.
– Кімнің кім екенін халық біледі. Егер қайтқан адамның жаназасына ел көп жиналса, онда ол жақсы адам болғаны. Өз басым митингіге қатысып көрмеппін, – дейді дәрігер Парида Сарыбаева. Сондай-ақ митингі жасауды қолдағанның  бірі – Алмагүл Елеусінова. Ол үнсіздік жариялауды құптамайтынын айтса, алайда өмірден өткен кісінің жақсылығын айту – жас ұрпаққа өнеге деп біледі. 
– Пәлен жыл қалыптасқан жағдайды бір демде өзгерту мүмкін емес.  Бұл – бірте-бірте жаңа бір толқынның ауысуымен, ақыл-ойдың өзгеруімен, сана-сезімнің қалыптасуымен жемісін беретін құн­дылық, – дейді Жақсыбек қажы.  
Түйін:
Әсілінде, біз еліміздің Ата заңымен зайырлы мемлекет ретінде шекарамызды шегендегенбіз. Әйтсе де, одан дінді бөліп қарай алмаймыз. Себебі, адамның шыр етіп өмірге келгенінен бастап жер бесікке дейінгі жалғасатын ғақлия ғұмыры салт-дәстүрімізбен тығыз байланысты. Ал, бүгінгі тақырыпқа келсек, мәйітке көрсетер бар құрметіміз – Алладан дұға тілеу. Көпшілікпен бірге бейітке барып, басына бір уыс топырақ салу.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
13 наурыз 2019 ж. 1 605 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031