Тағамнан уланудың алдын алу – денсаулық кепілі
Тағамнан улану – бактериялармен, вирустармен немесе уыттармен ластанған тағам өнімдерін тұтыну нәтижесінде пайда болатын кең таралған дерттердің бірі. Көп жағдайда оның негізгі қоздырғыштары алтын түсті стафилококк (Staphylococcus aureus) пен ішек таяқшасы (Escherichia coli) болып табылады.
Аталған ауру зақымдалған тағам ағзаға түскен кезде туындайды және бір адамда да, адамдар тобында да байқалуы мүмкін. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптардың сақталмауы салдарынан тағамдық улану жағдайлары жиі тіркеледі.
Тағамның ластануына бірқатар факторлар әсер етеді. Олардың қатарында қол гигиенасының сақталмауы, жуылмаған ас үй құралдарын пайдалану, сапасыз суды қолдану, өнімдерді дұрыс сақтамау, сондай-ақ жеткіліксіз термиялық өңдеу жатады. Әсіресе сүт өнімдері, майонез қосылған тағамдар, ұзақ сақталған немесе дұрыс қыздырылмаған тағамдар қауіп төндіреді.
Тағамнан улану белгілері көбіне зақымдалған өнімді тұтынғаннан кейін 2–6 сағат ішінде пайда болады. Негізгі симптомдарына жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы мен жалпы әлсіздік жатады. Мұндай жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды.
Аурудың нақты себебін анықтау үшін зертханалық талдаулар жүргізіледі. Оған нәжіс, қан, құсық сынамалары және тұтынылған тағам өнімдерін зерттеу кіреді. Емдеу шаралары дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады, ал көп жағдайда науқастар 12–48 сағат ішінде сауығып шығады. Дегенмен, аурудың ауыр түрлері асқынуларға әкелуі мүмкін.
Тағамнан уланудың алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау қажет. Атап айтқанда, жеке бас гигиенасын сақтау, тамақ алдында қолды мұқият жуу, көкөністер мен жемістерді таза сумен шаю, тағам өнімдерін тиісті температурада сақтау және толық термиялық өңдеуден өткізу қажет. Сонымен қатар, күмәнді қоғамдық тамақтану орындарынан бас тартқан жөн.
Әсіресе, жүкті және бала емізетін әйелдер, жас балалар мен егде жастағы адамдар тағам таңдауда ерекше сақ болғаны абзал. Өйткені бұл топтағы азаматтардың ағзасы тағамдық улануға осал келеді.
Тағам қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы көптеген қауіпті жағдайлардың алдын алуға болады.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқарма басшысы














