ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАУ ДЕРТКЕ ДУШАР ЕТЕДІ
Балаларымды бір айдың жүзі боп қалды емханаға кезек-кезек апарып тексертіп жүрмін. Балаларды қорғау күніне орай аудандық емханада «Ашық есік» күні өтіп, соған үлкен ұлымды апарғанмын. Балада дәрумен жетіспеушілігі бар секілді, анализ тапсырып көрсеңіз деген дәрігер кеңесінен соң көп ұзатпай тексерілуді бастадық. Ауырғанда ғана әзер деп баратын жерге алдын алу мақсатында анализ тапсырып, көзге көрінбейтін іштегі (асқазан жолындағы) түрлі нәрсеге тап болдық. Оның басты себебі – тәттіні көп тұтыну мен дұрыс тамақтанбау.
Қазір бала тұрмақ ересектердің өзі дұрыс тамақтануға ден қоймайды. Тез дайындалып, тапсырыс бере қоятын фасфудты қолайлылау көреді көбі. Қала берді жаз болған соң тәтті, энергетикалық сусындарымыз және бар. Ағза құнарлы тағаммен қоректеніп жатқан жоқ. Ал баланың жейтін асы туралы өзіңіз де біліп отырған шығарсыз. Қытырлақ чипсы, ащы түрлі таяқшалар. Осының бәрі ағзадағы қоқыстардың жиналуына себеп болып жатыр. Біздің отбасындағы балалар да осы мәселені айналып өтпеді.
Иә, бала денсаулығына ең бірінші жауапты – ата-ана. Ұлт денсаулығын сақтау – қашанда әлеуметтік маңызы зор мәселе. Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те, күнделікті өмірде бұған аса мән бермейтініміз рас.
Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қазірде ем-дом қабылдап жатырмыз. Балаға ананың айтқаны бөлек, дәрігердің айтқаны тіптен басқа әсер етеді. Балалар бүгінде мезгілімен дәрісін ішуге дағдыланды. Бұл да балаға ерте бастан жауапкершілік жүктеудің бір түрі болса керек. Сол үшін де әрбір бала жастайынан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыланса, оның саламатты адам, сауатты маман болып қалыптасары сөзсіз.
Негізгі айтпақ болған ойым бәрінен басты байлығымыз денсаулықты ерте бастан күту керек. Жылына кемі бір рет өзіңіз де, балалар да дәрігерге қаралуға кеңес беремін. Балаңыз сау болсын десеңіз, дұрыс тамақтаныңыз. Сізге қарап бала бой түзейді. Өзіңіз зиянды дүние тұтынып, балаға оны жеме деп қалай айтасыз? Кейін сатып алған ауруға ұласпасын деп айтып отырмын. Кеше бір құрбымның «мен баламның дұрыс білім алуы деп жүгірсем, сен баламның денсаулығы деп жүгіреді екенсің» дегені бар. Әуелі тәнің сау болмаса қалғаны бекершілік қой. Солай емес пе?
Біз бүгінде баладан мінсіз тәрбие, сапалы білімді талап етеміз. Алайда денсаулығы жоқ баланың оқуға, ізденуге, білім алуға құлқы бола ма? Сол сияқты, ішер асы, киер киімі сай болмаса, яғни қатарынан қалыс қалса, ол да баланың көңіл-күйіне кері әсер етпей ме? Осы жағын да ойлағанымыз жөн сияқты…
Ақнұр Сағынтай