» » Тағам мен талғам

Тағам мен талғам


БӘРІМІЗ ЖИЫН ТОЙ МЕН ҚОНАҚҚА БАРАМЫЗ. АЛДЫМЫЗҒА ӘКЕЛІНГЕН АСТЫ ҚЫЗЫҒА, КЕЙБІРІ ҚҰНЫҒА ЖЕП ЖАТАДЫ. ОСЫНДАЙДА «АС БІРЕУДІКІ БОЛҒАНЫМЕН, АСҚАЗАН ӨЗІҢДІКІ» ДЕГЕН ТӘМСІЛ ОЙҒА ОРАЛАДЫ. ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ, ҚАЛАЙ ДӨП АЙТҚАН ДЕСЕҢІЗШІ. АЛДЫҢА КЕЛГЕН АСТЫҢ БАРЛЫҒЫН ОҢДЫ-СОЛДЫ АУЫЗҒА АПАРА БЕРМЕЙ, ОНЫҢ АҚЫРЫН ДА ОЙЛАҒАН АБЗАЛ.
Иә, алғаш жер бетінде адам пайда болғанда, оның ең бірінші қажеттілігі – азық болды. Олар қолына түскен аң мен өсімдікті талғажау етті. Кейіннен қоғам түрлі даму сатысынан өтіп, тариx алға жылжыған сайын азықтық қажеттіліктің де түрі артты. Өркениет пен мәдениеттің эволюциясына жол ашқан – ас, бүгінде көптеген дерттің себебі болып отыр. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Айналамыздағы әрбір жанның мазалайтын ішкі органдары бар. Бірі оны біледі, ал екіншісі тіпті білмейді де. Ал оның көпшілігі тамақтан десем сенер ме едіңіз?
Дәрігерлік зерттеулерге сүйенер болсақ тағам өнімдерінен пайда болатын аурулар көп. Қоғамдағы жиі кездесетін түрлеріне ішек аурулары, гастрит, бауыр циррозы, бруцеллез, бүйрек аурулары, өт жолы қабынуы жатады. Ал аталған дерттерге шалдыққан адамдардың 82 процентінің ауыру себебі дұрыс тамақтанбаудан екен. Бұл дерттерді емдеу барысында барлығына табиғи әрі құнарлы өнім тұтыну деген дәрігерлік нұсқау берілген. Дерт түрлеріне нақтырақ тоқтала кетсек.
Тағамнан пайда болатын аурудың басым бөлігі – бауыр циррозы. Өкінішке орай, Қазақстан мен Ресей жерінде цирроздың жеке статистикасы жарияланбайды. Жалпы бауыр жетіспеушілігі статистикасы жылына 300 мың адам деген көрсеткіш көрсетеді. 300 мың науқастың 22 проценті бауыр циррозына шалдыққан. Осыдан-ақ ішер асымыздың бауырдың жұмысына қаншалықты әсері барын бағамдай беріңіз.
Әлемде ең көп таралған дерт, әрі көп еститініміз – гастрит. Ол – асқазанның созылмалы қабыну сырқаты. Бұл дерт көбіне мектепке дейін және мектеп жасында басталады. Статистикалық дерекке сүйенсек, әлемдегі халықтың 60 проценті осы дертке шалдыққан. Оның 37 проценті дұрыс тамақтанбау мен тағамнан уланудан болады екен. Аурудың басталу кезеңі тым ерте болғандықтан, өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың болашағын ойласақ, бала күннен талғаммен тамақтандырған жөн.
Тағамнан пайда болатын тағы бір гельминтоздық дерт – аскаридоз. Бұл аурумен әлемде 1,3 миллиард адам ауырады. Көпті қынжылтатын бұл дерттің шешімі болғанымен, дертке шалдыққандардың санының тым көп болуы ойландырмай қоймайды. Дұрыс тамақтанбаудан асқынатын аурулар қатарына – көздің көру жетіспеушілігі де жатады. Қазақстан халқының 38 проценті көз жетіспеушілігі бойынша тіркелген. Көзіміз мазаласа оны қолымыздан түспейтін ұялы телефонымыз бен жұмыс жасайтын компьютерден көретініміз анық. Алайда оның түпкі себебі тағам құрамындағы минералдық заттар мен дәрумендердің жоқтығы немесе химиялық заттармен алмастырылуы­нан екен. Ал біз атаған факторлар оның сыртқы себебі ғана.
Сондай-ақ соңғы уақытта елімізде аллергиямен ауыратын жандар жыл санап көбейіп келеді. Бұрын «аллергия» деген сөзді ғылыми термин ретінде білсек, қазір екінің бірінен «анаған аллергиям бар, мынау маған жақпайды» деген сөздерді жиі естиміз. Мамандар иммундық жүйенің әлсіреуінен пайда болатын бұл ауруға экологиялық ахуал мен тағам сапасы да айтарлықтай әсер ететінін алға тартады.
Түптеп келгенде, адам бойында кездесетін аурудың басым көпшілігі күнделікті тамақтан бастау алады. «Ауру – астан, дау – қарындастан» демейді ме? Қарап отырсақ, тұтынатын тағамды сатып аламыз. Сонда біз өзімізге өзіміз ауруды сатып алып жүрген жоқпыз ба? Ал қонаққа барғанда «Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым» деген үй иесінің пейіліне, кеңпейіл көңіліне қарап, дастарқандағы дәмнен ауыз тиеміз. Сондайда алдыңа келген асты шамасынан асырмай, орнымен ғана дәм татқан жөн. Біз ауырғаннан кейін ғана дұрыс тамақтануды қолға алып жатамыз. Неге ауырмаудың жолын іздеп, алдын алмасқа. Қорыта айтқанда, қай кезде де талғаммен тамақтанған жөн. Ас өзгенікі болғанымен, асқазан өзіміздікі екенін естен шығармайық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 қыркүйек 2021 ж. 724 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 552

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 622

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031