» » Ұлттық тағамнан ұтарымыз көп

Ұлттық тағамнан ұтарымыз көп

ҚАЗАҚ – ӨТЕ ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ. ЕЛ МЕН ЕЛДІ ТАТУЛАСТЫРУ, ЖАҚСЫ МЕН ЖАЙСАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕУ ЖОЛЫНДА, ТІПТІ ЖОЛАУШЫЛАП КЕЛГЕН ҚОНАҚҚА ДА КЕҢ ДАСТАРҚАНЫ АРҚЫЛЫ ӨЗІНІҢ МӘРТТІГІН ДӘЛЕЛДЕП ОТЫРҒАН. «АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ» ДЕГЕН ХАЛҚЫМЫЗ ОНЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАП, ҚАДІРЛЕЙ БІЛГЕН. КӨШПЕЛІ ӨМІР СҮРСЕ ДЕ, ТАБИҒИ ӨНІМДЕРДЕН ТҮРЛІ ТАҒАМ ДАЙЫНДАП, ОНЫ ӘЗІРЛЕУДІҢ, САҚТАУДЫҢ РЕТІН ТАПҚАН.

Бағзы заманнан мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың негізгі асы – ет пен сүт. Етті асып, қуырып жесе, сүттен құрт, кілегей, қаймақ, сары май, ірімшік пен түрлі сусын дайындаған. Бұл өнімнің барлығы табиғи, таза өнім. Сол себепті де адам ағзасында дәрумендер жеткілікті болған. Бүгінгі таңда табиғи өнімге қарағанда, қоспасы көп дайын өнімдерді тұтынатынымыз жасырын емес. Бұған себеп, өзге елден келген ас пен басқа ұлттың асханаларының ашылуы. Америкалықтардың жылдам дайындалатын гамбургер, чизбургер, хотдогі, түріктің донері бүгінде көпшіліктің, әсіресе жас буынның сүйікті асы. Алайда, ғалымдар бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін айтып дабыл қағуда. Олардың құрамында ағзаға қажетті дәрумен болмайды және адамның тез толысуына себепші.
Алайда тосыннан келген індет ұлттық тағамның орнын, мәнін ұқтырды. Өз өңірімізде де қымыз бен шұбатты ел іздеп сабылып жүр. Қой еті мен құйрық майы ем дегенді естіген халық күнде сорпа ішіп, майын тұтынуда. Олардың қанша дәрі-дәрмектен артық екенін, ұлттық тағам тұнып тұрған дәрумен екенін енді ұғынғандаймыз. Абзал халқымыз мұны ертеден біліп, қуаты жоғары, құнары мол тағам түрлерін дайындай білген екен. Сол кездегі ұлттық тағамдардың көпшілігі бүгінде ұмыт қалуда. Әрбір астың тағамдық құндылығы мен бойға дарытар қасиетін аңғарған халқымыздың әр тағамының орны ерекше. Қалың көпшілік біле бермейтін, атының өзін естімеген ұлттық тағамдардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Мұндай тағамның бір түрі – «үлпершек». Бұл – тұрмысқа шығып, алысқа ұзатылған қызға төркінінің әзірлейтін тағамы. Оны қайда жүрсе де атаанасының жүрегінде екенін ұғындыру мақсатында дайындайтын болған. Атаананың сәлемі ретіндегі тағамды жылқы немесе сиыр секілді ірі қара малдың жүрегінен жаңадан сойылған кезінде даярлаған. Жүректі кітапша секілді ашылатындай, қатпарлап тіліп, тазалап жуып, тұз-бұрыш қосқан. Ет пен майды жіңішке етіп турап, оны жүректің тілінген қатпарларына салған. Содан кейін оны салқын жерде бір айға қойып қойған. Өте дәмді, әрі жұмсақ болып шығатын бұл тағам бүгінде қажетті В2, В12 дәрумендері мен микроэлементтерге бай болып келеді.
«Быламық» деп аталатын келесі тағам түрі босанған келіншектерге арнайы дайындалған. Ол түйілген тары мен сүттен жасалады. Тары жас босанған ағзаның тез қалыпқа келуіне көмектесіп, гемоглабинді арттырады. Сондайақ құрамында кальций де көп. Бұл тағамды дайындау жолы да қарапайым. Ұнды майға қызарғанша қуырып, оған сүт қосады. 5 минуттан кейін тары қосады. Мұны тұтынған жас келіншек босанғаннан кейін күйзеліске ұшырамай, тез қалпына келген. Белдің қатаюына көмектесіп, іштегі артық заттардан тазалаған. Быламық жеген ананың сәбиінде іш шаншуы да көп болмайды екен.
Ал «жаужүрек» қойдың бауырынан ерлерге арнайы дайындалатын тағамның бірі. Себебі, қойдың бауырында батылдық гармонын бөліп шығаратын элемент бар. Ұл баласын батыл, қайсар етіп тәрбиелейтін ел атұстарларына осы тағамды арнайы әзірлеген. Сондай-ақ қойдың бауырында гепарин деп аталатын зат бар, ол миокард инфарктісінің алдын алуға көмектеседі екен.
Күйеу балаға арнайы дайындалатын тағам түрі – «өрметөс» деп аталған. Бұл екі жағы тілінген төс. Күйеуге құрмет ретінде берілер төстің де астарында біраз мән жатыр. Онда, яғни төсте жастықты сақтайтын, ер адамға қуат берер пайдалы заттар бар. Мәселен, коллаген мен эластан. Иә, ғылым білім дамымаған заманның өзінде көрегенділігінің арқасында халқымыз сүт пен ет өнімдерін өзара үйлестіре, орынды пайдалана білген.
Төрт-түлік төлдетіп, оның етін, сүтін, жүнін пайдаға асырған халқымыз қандай дана болған десеңізші. Өйткені әрбір түлік өнімінің өз ерекшелігі бар. Оны кейіннен ғалымдар да ғылым тілінде дәлелдеп шыққан. Мысалы, жылқы етінде көмірсулар аз және ол ағзаға жеңіл сіңетін ақуызға бай. Сол себепті де қой етіне қарағанда жылдам қорытылады. Жылқы етінің құрамында холестериннің мөлшері аз болғандықтан, қандағы холестеринді төмендетуге ықпал етеді. Бұл еттің құрамында А, С және В тобының дәрумендері бар. Аталмыш ет темірге бай болғандықтан, оның қан аздықтан зардап шегетіндер үшін пайдасы зор.
Ал қойдың етінде пайдалы көмірсу қосындылары, темір, фосфор, ақуыз мол. Бұл еттің семіздіктен арылуға, әлсіздікке, босанған ананың денсаулығын қалпына келтіруге тигізер көмегі мол. Сойылған жас малдың етін және сорпасын науқас адамға, іш ауырған жағдайда үздіксіз ішкізсе, денсаулығы жақсарып, іштегі желі қайтқан. Тағамдық қуатымен қатар, емдік қасиеті мол қой етін дәрі ретінде де қолданған. Қой етін күйдіріп, жылан, шаян шаққан жерге таңса, уды қайтарып, сыздап ауырғаны басылатын болған. Еті сылынып алынған сүйекті ұзақ қайнатып, мешел балаға ішкізсе, қойдың бауырын қаны аз, көру қабілеті азайғандарға берсе, бір-екі аптадағы нәтижесі көңіл қуантқан.
Әлемде ең көп қолданылатын өнім түрі – сүт. Себебі сүт және сүттен жасалатын тағамдар денсаулыққа өте пайдалы. Ол ас қорыту бездерінің жұмысын үнемі жақсартып, ағзаны тазалап отырады. Жылқының саумалы мен қымызы, түйенің шұбаты көптеген ауруға ем және ағзаны қалпына келтіруші дәруменге толы құнарлы сусындар. Бұл қасиетті сусындарға газеттің алдыңғы сандарында жекелей тоқталған болатынбыз. Ал сиыр сүтінің құрамында адамды қажетті аминқышқылдармен қамтамасыз ететін құнарлы ақуыз, А, В1, В2, В12, D дәрумендері, қальций, калий бар. Сүйектің саулығын қамтамасыз ететін сиыр сүтінің бүйрек, жүрек-қан тамырлары ауруы кезінде де тигізер көмегі аз емес. Сондай-ақ уыз – жаңа туған сәби мен жас төлді ауруға шалдықтырмайтын ерекше құрамға ие. Оның құрамындағы дәрумендер саны, жай сүтке қарағанда 3-6 есеге артық, минералды элементтері де жоғары. Ал сүт өнімінің бірі – құрт өкпе, асқазан, сүйек ауруларына ем. Дәрігерлер де балаларға құрт жеудің тиімділігін жарыса айтуда. Сайып келгенде, халқымыз ағзаға қажетті заттың барлығын күнделікті ас мәзірінен алып отырған.
Осы астардың пайдасын медицина пайда болмай тұрып білген ата-бабамыз нағыз данышпан болған десек артық емес. Сайын даланың төсінде таза ауамен тыныстап, қымыз-шұбатын ішіп, құрт-ірімшігін жеп-ақ халқымыз талай дерттің алдын алған. Ата-бабамыздың алып тұлғалы, батыр да дана, ойы ұшқыр болуының бір сыры осында болса керек. Ұлттық құндылығымыздан ажырамай табиғи өнім тұтынып, ұлттық тағамды қолданар болсақ ұтылмасымыз анық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


25 шілде 2020 ж. 925 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 552

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 622

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031