» » ТӨРТ ТҮЛІК БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

ТӨРТ ТҮЛІК БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға кейінгі кездері көп ден қойылды. Не үшін? Мұның берері не? Біріншіден, әркім өзін жұмыспен қамтиды. Екіншіден, кәсіп ашу арқылы халық қажеттілігін қанағаттандырады. Үшіншіден, кәсібін жандандыру жолында тек өзіне ғана емес мемлекетке пайда әкеледі. Тағысын тағы. Қауқары бар, қабілеті жеткілікті, орайын тапқан жанның ойға алған ісін дөңгелетіп әкетуге мемлекет қашан да жәрдемдеседі. Бүгінгі таңда түрлі жобалар мен «Бизнес бастау» бағдарламалары арқылы белгілі бір асудан асып, белеске жеткендер де жоқ емес.
Бірде қыдырып қалаға бармақ болдық. Ағайынның біразы сонда тұрады. «Ауыл дәмі» деп алып барар құрт пен ірімшік болса. Бір-екі келі емес. Бәріне жететіндей молырақ алуым керек. Базардыкіне сеніңкіремеймін. Өткенде «қолдың құрты» деп алғаным дұрыс болмады. Ауылдан да сұрастырып көрдім. Қыс айларында сауын сиырының бәрі суалып кететіндіктен азын-аулақ екен, көп шықпады. Қызылтамда арнайы сүт өнімдерін, құрт пен ірімшік дайындап сататын апа барын айтты біреу. Ірімшігі де, құрты да керемет деп таңдайын тақылдатып, сілекейді шұбыртты. Дереу қоңырау шалдым. Байланыс аясынан тыс жерде. Ауылда ұялы телефон тартпаса керек. Кейін өзі хабарласты. Сәлемдесудің басы «Мал-жан аманбадан» басталды. Сөйлегенінен-ақ істің адамы екені белгілі. Уақыты да жоқ тәрізді. Ентігіп-алқынып тұр. Қазанға құрт қайнатып жатыр екен. Бас салып, құрт пен ірімшік емес, жөн сұрадым. Өзімді газет қызметкері деп таныстырғаннан жай хабарласпағанымды білді-ау. Шаруасын реттеп алғанша 3-4 минут күтуімді өтінді. Сәлден кейін әңгімесі шаруаның жайына қарай ойысты.
Таңмен таласа тұрсақ та үлгірмей жатырмыз. Зейнетке шыққаныма 7-8 жылдың бедері. Курорт асып, қала аралап қыдыруға шүкір зейнетақым жетеді. Бірақ жастайымнан жұмысқа жегілгеннен бе, қол қусырып қарап отырғанды қаламайды екем. Шыдамадым. Отағасымен ақылдасып, балаларды баулып, бейіміміз бар, қолдан келер деген ниетпен мал шаруашылығын дамытуға бел будық. «Ауылым Абыла» шаруа қожалығын құрып, 3 жыл бұрын ет бағытында ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге берілетін «Сыбаға» бағдарламасын алдық, – деп жай-күйін айта бастады.
Бұл қызылтамдық кәсіпкер Шырынкүл Күзенбаева екен. Шалғайда тұрса да мемлекет ұсынған жәрдемнің игілігін көргендердің бірі. Мал ұстаудың бабын білетін олар бірінші Қарой деген жерден талапқа сай фазенда салыпты. Алған қаражаттарына асыл тұқымды бұқалар әкеп, іске белсенді кіріскенімен бәрі ойлағандай нәтиже бермейді. Кедергілерге жиі ұшырасады. Дарияға жақын болғандықтан қатарынан 2 жыл су басып, тығырықтан шығу жолдары қажытып жібереді. Малдың жайын баққан біледі. Ол да тіршілік иесі. Үнемі балшықтың үстінде отырсаң қандай күй кешесің. Белшеден су кешіп жүріп біраз жөнге келтіріпті. Судан таршылық көрмеу үшін су айдау ұңғымасын салдырыпты.
– Жоспар көп. Кедергі де жоқ емес. Біз отырған орын нағыз шөбі шүйгін, пішені мол жер. Бірақ, су, жарық жоқ. Бұл мал ұстап отырған барлық шаруаның шешілмей тұрған күрделі мәселесі. Жарық болса сиырды жедел әрі сапалы саууға мүмкіндік беретін құрылғы сатып алар едік. Жем, шөпті де өзіміз даярлауға болады. Сонда сауын сиыр санын көбейтуге кедергі келмейді. Қазір 80 бас ірі қара бар. Мұнан да көп еді. Өткен қыс шаруаға жайсыз болып, біраз мал шығынын әкелді. Сиырдың барлығы ауруға шалдығып, күндіз-түні табанымыздан тік тұрып, ем-шараларын жүргіздік. Мал дәрігердің өзі қанша тырысқанымен аман алып қала алмады. 20-ға тарта бұзау бірінен соң бірі қырылып қалды. Ішің удай ашиды. Қыстай ауыртпалықпен шыққан ірі қаралар арық, көрнексіз болып тұр. Қоңды малдың өтуі жақсы ғой. Алған несиемізді қайтаруымыз керек. Малдың жем-шөбі бар. Әр демалыста Қызылорда қаласына апарамыз. Қазір мал сатушы көбейгендіктен арзанға сұрайды. Кейде 1-2 бас ғана өтеді. Кейде бос қайтамыз. Көлік жалдап барамыз ғой. Ол да бізге шығын келтіреді. Аталарымыз сиыр бақтым дегенше сидаң қақтым демей ме? Рас-ау. Қиындықсыз береке мен байлық келе ме? Мал көкке тоймай, аузымыз аққа тимейді, -дейді ол .
Ерте тұрып, ырысын арттырып жүрген ана сиыр сауып, сүтін үлгертеді. Ірімшік қайнатуында да сыр бар көрінеді. Бастапқыда құрт көбірек жаятын ол кейін сұраныспен тек ірімшік жасап жүргенін айтады. Күніне 30-40 литр сүт қайнатып, 4-5 келі ірімшік дайындайды. Сары май мен бринзасы да бар. Оны күнделікті аудан орталығындағы өткізетін дүкен мен алатын тойханаға жеткізеді.
– Бізде несие алып, кәсіп бастағандардың 60-70 проценті мал шаруашылығымен айналысады. Нәтижелі жұмыс көрсетіп жүрген, тәуекелшіл кәсіпкерлердің бірі осы Шырын­күл Күзенбаева. Фазендасы да заман талабына сай салынған, – дейді кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Қуаныш Аяпов.
Иә, саулықтың өзін малдан бастап сұрайтынынан ақ мал шаруашылығы халық өмірінде тіршілік өзегі, күнкөріс көзі болғанын ұғасың. Сүтке тойып, айранды сапыра ішіп, сары майды ыстық таба нанға жағып жеп, құрт пен ірімшіктен қуат алып өскен біз жерімізді төрт түліксіз әсте елестете алмаймыз. Сондықтан мал шаруашылығына қолдауды әлі де күшейту қажет сыңайлы. Маңдай терін жеңімен сыпара сүртіп, табыс тауып жүрген малшылардың бейнетін бағалай білсек игі. Кейде қолдан шыққан өнімдерді «қымбат екен», «у дай ғой» деп мұрнымызды шүйіретініміз бар. Ал түрлі қоспасы бар шетелден келген өнімді бағасына қарамай алып жатамыз. Өз өнімімізді өзіміз қадірлемесек, өзіміз қымбат тұтпасақ басқа біреу құнын қайдан білсін?
Іздеген құрт та, ірімшік те Шырынкүл апайдан табылды. Ертесіне-ақ үйге жеткізіп берді. Бағасы тиімді. Ең бастысы дәмін айтсаңызшы. «Қармақшыда жасалынған» табиғи таза құртты барар жеріме қысылмай апардым. Олар біздің өңірдің өніміне қандай баға берді дейсіздер ғой?! Әрине, жоғары.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
12 сәуір 2019 ж. 2 337 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031