» » «Күртік» жеп көрдіңіз бе?

«Күртік» жеп көрдіңіз бе?


БІР КҮНІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ОТЫРСАМ, КӨНЕНІҢ КӨЗІНЕ АЙНАЛҒАН ТАС ДИІРМЕНДІ АЙНАЛДЫРЫП, ӘЛДЕНЕНІ ҰНТАП ОТЫРҒАН БЕЙНЕРОЛИКТІ КӨЗІМ ШАЛДЫ. БЕЙНЕ ҮСТІНЕ «БҮГІН «КҮРТІК» ДАЙЫНДАМАҚШЫМЫН. ҮЙДЕГІ ОТАҒАСЫНЫҢ СҮЙІКТІ АСЫ» ДЕП ЖАЗБА ҚАЛДЫРЫПТЫ. АТЫ БІЗ ҮШІН ТАҢСЫҚ КӨРІНГЕН АСТЫҢ СЫРЫН БІЛМЕККЕ, БЕЙТАНЫС ЖАННЫҢ ЖЕКЕСІНЕ ХАТ ҚАЛДЫРДЫМ. ДОСТЫҒЫМДЫ ҚУАНА ҚАБЫЛДАҒАН ОЛ, КӨП КҮТТІРМЕЙ ЖАУАП ЖАЗЫПТЫ.
«Іздегенге – сұраған» дегендей әлеуметтік желідегі бейтаныс жан ауданға қарасты Ақай ауылының тұрғыны Ұлаш Жұбатқанқызы екен. Әңгімесінің алғы сөзін «Айнала­йынмен» бастаған ол тың дүниеге қызығушылық танытқан бізге ризашылығын білдірді.
– Көне жәдігерге қызығып сұрап жатқандарыңа рақмет. Бүгінгінің жас­тары дайын дүниеге үйренген ғой. Олар ата-бабаларының қандай қиын күндерді бастан өткергенін, «Ас атасы – нанның» нендей қиындықпен дастарқанға келгенін білуі тиіс. Ал Кеңес дәуіріндегі көзбен көрген кезеңді, атамыздан естіген тәлімді әңгімемізді жастарға біз айтпасақ қайдан біледі? Сондықтан тыңдар құлақ болса, өткеннің өнегелі сөзі мен үлгі тұтар ісін айтуға қашанда дайынмын, – дейді ол.
Ұлаш Әлжанова Арал ауданы, Ұялы балықшы ауылында өмірге келген. 1980 жылы Қазалы ауданының Қаукей елді мекенінде тұратын Шалғынбай есімді жігітпен бас қосқан. Кейіннен өмір ағынымен Ақай ауылына көшіп келген. Бір ұл, бір қыз өсіріп, олардан 7 немере сүйіп отырған бақытты әже.
Ал күртікке келсек, бұл негізінен қарақалпақ елінің ұлттық тағамы. Бұл жақта оны «жүгері күртік» деп атайды. Алайда бұл біз білетін жүгері емес. Осы тұқымдас, бірақ дәні майда болып келеді. Жүгерінің мұндай түрі біздің мекенде өсірілмейді. Ал бізде дайындалатын түрі күріштен жасалады.
– Диірмен – ата-бабамыздан келе жатқан жәдігер. Мұны көбінесе ұн тартуға пайдаланған. Менің қолымдағы диірмен ата-енемнің көзі, үйіміздегі үлкен мүлік деп есептеймін. Біз мұндай диірменді бала кезімізден көріп, қажет кезде жүгері, күрішті ұн етіп тартып өстік. Тоқсаныншы жылдары елде ұн тапшылығы болған уақытта Алматының Кеген ауылында тұратын сіңлім осы диірменді алып кетіп, бір ауылға ұн тартып беріп отырған. Атадан қалған құнды мұра деп бұл диірменді өзім қайта алып келіп, сары майдай сақтап отырмын. Мұражайларға сұрап келушілер бар, алайда өткізу әзірге ойымда жоқ. Ал мен күртікті күрішті диірменге тартып, одан шыққан ұнды аздаған бидай ұнымен араластырып жасаймын. Қамырды міндетті түрде ыстық суға илеу қажет. Жылқы, түйенің семіз еттерін асып, піскен соң сорпасына қамырды саламыз. Оның да өзіндік әдісі бар. Ең бірінші қамырды қолмен бөліктерге бөлеміз. Бір бөліктің ұшын үшкірлеп алып, қамыр үзіп аламыз. Бас бармақ және сұқ саусақтың көмегімен үзіп алған қамырдан жүз теңгенің көлеміндей етіп күртіктер дайындаймыз. Жасаған күртіктерді сорпаға біртіндеп салу қажет. Ол 40 минуттай қайнатылады. Еттің майы күртікке сіңіп, дәмді қамыр болып шығады. Піскен соң, табаққа алдымен күртікті, сосын етті, бетіне тұздығын саламыз. Отағасым осы күртік салған етті жақсы көреді. Сондықтан біз аптасына екі рет міндетті түрде осы тағамды дайындаймыз. Әрі табиғи, әрі тойымды, әрі дәмді тағам, – дейді зейнеткер Ұлаш Жұбатқанқызы.
Көпшілік біле қоймайтын күртіктің қыр-сыры осындай екен. Әжем де «бұрынғылардың батырлары жорыққа аттанбастан бұрын жүгері күртік жейді екен. Сонда ертеңіне дейін тоқ жүретін болған» деп айтып отырады. Ескінің есті әңгімесімен, дәстүрлі тағамның жасалу жолымен бөліскен Ұлаш апай «Диірмен тапсаңыз, күртік жасау қиын емес. Бастысы ынта болса болғаны. Ал күртіктің бір дәмін татқан адамның қайта-қайта жегісі келетіні сөзсіз» деп қызықтырып қойды. Ал сіз «күртік» жеп көрдіңіз бе?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 наурыз 2022 ж. 1 949 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031