» » Тренд немесе жаңа өлшемдегі жастар

Тренд немесе жаңа өлшемдегі жастар


Hip Hop, К-pop Q-pop – жастарды еліктіріп әкеткен жанрлардың бірі. Өзге мәдениетке төселіп, бой түзегені былай тұрсын көзі бояулы, құлағы сырғалы жігіттерді көріп жағамызды ұстадық. Уақытымен көз үйренсе де күн сайын жаңа дүниелер індеттей жайылуда. Мәселен, соңғы кездері хайп қуып айып болған жастар көбейсе, тренд іздеп, өзінің брендін паш еткісі келетіндер артты. Қазаққа керегі өзгенің қаңсығы ма еді?
Айтпағымыз, жасы, үлкені, есері мен естісі де мәні жоқ дүниеге қызығып, еліктеп бара жатқаны. Осындайда «осы жұрттың басқа тірлігі жоқ па?» деген ойға қаласың. Әрине, құмарту әркімде бар. Бірақ жөнсіз желпілдеу қазаққа жат. Тау көтерген Толағайдай сәт санап, жұртшылыққа кең тараған Тик Ток әлеуметтік желілердің бірі. Онда түрлі қысқа форматта қалаған видеоны түсіре аласыз. Оның несі әбестік деп отырған боларсыз? Ендеше мына қызықты қараңыз. Жақында таныс жігіттің осы Тик Токка ессіз есі кеткенін аңғардым. Күнде 2-3 видео жүтемесе құдды зомбидай көзі бақырайып, шашы тік тұра видеоға түсетін жер іздеп сабылып кететіні бар. Сондайда «Айналайын-ау, не істеп жүрсің?» десем «Тик Ток қой, бүгін видео жүтемесем «охватым» төмендеп кетеді» деп жауап қатады. Бірде сүйкімсіз қылығына куә болғаным тағы бар. Кезекті видеосын трендтен қалмай түсіріп жатса керек. Қалтафонды ыңғайына қарай қойып, аузын жыбырлатып, түрін қозғалта денесін бұлғаңдатады. Сырттай қарасаң есінен адасқан ба дерсіз. Солай біраз уақыты видеоны түсірумен, одан қалды оны монтаждаумен өтті. «Міне, дайын» деп көрсете бергені сол еді еріксіз күлкі қысқанын қайтерсіз. Онымен қоймай осы желіні қолдануға кеңес бергені де бар. Апыр-ау, жұртты сонша еліктірген бұл не ғажап деп әлгі Тик Токты смартфоныма жүктедім. Көк экранды аша бергенім сол еді бүгінгінің трендтері бірінен соң бірі шыға бастады. Соның ең көп тараған түрі екі қытайлық жігіттің видеожазбалары екен. Сюжеттің желісі мынадай. Көшеде қарапайым киіммен келе жатқан екеуі музыка ырғағымен қолын бір сермейді. Сол кезде әп-әдемі кәстөммен образға ене кетіп, талайын көзбен «сындырады». Не түсіндіңіз? Ештеңе. Оны көрген біздің кей жастарымыз, артынша трендке айналдырып алып қайталап жатыр, қайталап жатыр. Сорақысы, сондай дүниені өзіміз төбемізге көтергеніміз. Әлгі қытайлық тиктокерлердің Инстаграм парақшасындағы оқырмандардың басым бөлігі қазақстандықтар. Пікірде де қазақ жастарының түрлі сөзі бірінен соң бірі шыға береді. Қарайсың да тағы басыңды шайқайсың. Білімділер заманында жалындайтұғын жастардың бұл қылығы еріккендік демей немене?
Осыдан-ақ, қисынсыз, жат, жаман әдеттің адам бойына тез сіңсуі рас екен дерсіз. Жоқ емес, әрине, жастайынан кәсіп ашып, білімділер бәйгесінде топ жарған жастарымыз бар. Олардың осылайша көлеңкеде қалып қоюына әлеуметтік желідегі есерсоқ дүниелер кінәлі. Бірақ солай екен деп кінәні өзгеге арта салуға тағы болмайды. Жақсы, пайдалысын алып, қажет емесін тізімнен сыза білу керек.
Бірде жасы үлкен қарт кісі немересімен үй алдында ырсылдап жатқан екі итке қарап отырады. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара екен. 12 жасар немере есін білгелі осы иттер үнемі атасының үйі алдында алпарысып жататын көрінеді. Осы кезге дейін атасы көзін алмай қарайтын ірі иттер еді бұлар. Осындай сәтте немересі атасына:
– Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен. Үйді қорғауға біреуі де жетер еді ғой. Неге екеуін ұстайсыз? Ал неге біреуінің түсі ақ, екіншісі қара? – деп сұрайды.
Жасы 70-ке жеткен атасы күлімдейді де:
– Бұл иттерім мен үшін екі таңба, балам, – деп жауап береді.
– Ненің таңбасы? – деген немересі тағы да сұрағын қояды.
– Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын, – дейді атасы.
Мұндай жауапқа таңырқай қараған немересі:
– Қалай ойлайсыз, екеуінің күресінде қайсысы жеңіп шығады екен? – дейді.
Сонда атасы:
– Қайсысы дейсің бе, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем, сол жеңеді, – деген екен.
Бұл мысалдан біз не түйдік? Әрине алдымен бойдағы қажетсіз қасиетімізді жеңу үшін жақсылықтың орнын толтыруымыз қажет. Біз қозғаған мәселедегі жақсылық – жақсы дүниелердің, жақсы қасиеттердің бейнесі. Қазаққа кім керегін ескерсек, шектен шықпаған өнерлі, бос жатпаған білімді керек. Ендеше «ақылға бірлік керегін» санаға сіңіргеніміз жөн болар.

Айнұр ӘЛИ
04 тамыз 2020 ж. 995 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031