» » «ЕКПІНДІ» газетінің екпіні мықты болды

«ЕКПІНДІ» газетінің екпіні мықты болды

«ЕКПІНДІ» ГАЗЕТІНІҢ 1938 ЖЫЛҒЫ ТІГІНДІСІНІҢ АЛҒАШҚЫ ТИТУЛДЫ БЕТТЕРІНЕН «QR(B)P NЬN QARMAQCЬ AVDANDЬQ KOMITETI MEN SOBET ATQARUV KOMITETININ ORGANI (ON TYSTIK QAZ. OBЬL.)» ДЕГЕН СІЛТЕМЕНІ ОҚУҒА БОЛАДЫ.
Әрі қарай: «1932 – gьlь 12 aprelden cьga bastadь №2(419) 5-gьnuvar 1938 gьl» деп көрсетілген. Газеттің 3 күнде 1 рет шығатындығы туралы да мәлімет бар.
«Redaksijanьn adrisi: Qarmaqcь, Amankeldi kocesi, Уi №22, «Ekpindi» gaset, telepon №20» дегеннен кейін ішің жыли бастайды. Бұл кезде біздің Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентіндегі Аманкелді көшесінің бойына орналасқан редакция үйі көз алдымызға келеді. Газеттің 2 бетінің төменгі жағындағы: «Кармакчи тип. Из-ва «Екпинды» райлито 65 тир. 2400» деген жазудан редакция да, баспахана да өзіміздің ауданда болғандығын көреміз.
Газеттің бұл жылдағы ұраны: «Бүкіл жер жүзінің пролетарлары, бірігіңдер!»
Бұл жылғы газеттің 13 қазандағы №33 санына дейін редакторлық еткен Н.Жакеев деген кісі болған (Gavaptь redactor: Gakejip). Қазан-қараша айларында жауапты редактордың орынбасары деп Ә.Жанұзақұлы қол қояды да, 21 қараша күнгі №39 санынан бастап М.Наурызбаев газетке редакторлық етеді.
Тегі мен атының басқы әрпіне қарағанда бұл кісі редакторлық қыз­метке қайта келген 1932 жылғы М.Наурызбайұлы болуы да мүмкін. Ол кездегі газеттердің барлығы осылай атын, не тегін ғана жазады. Жазылған мақаладағы кейіпкерлер де тек кісінің атымен беріледі.
Газет авторлары бұл жылы әлдеқайда көбейген. «BIZ», «TILCI», «S», «N» деген сияқты псевдониммен мақала жазатындармен бірге 40-қа жуық авторлардың атын тізіп алдық. Олардың көпшілігі ауылдық советтер председательдері, колхоз председательдері, жеке тұрғындар.
Қазіргі Жалағаш ауданы жеріндегі ауылдар мен колхоздар, серіктестіктер, артельдер ол кезде бізден бөлін­бегендіктен аудандағы ауылдар мен майда колхоздардың жалпы саны 80-нің үстінде. Бұл қолымызға түскен газеттердегі мақалалардан алынған ауыл, колхоз атаулары. Жалпы одан да көп болуы мүмкін.
Алдағы мәселе көзі қарақты үлкен кісілермен тез арада жолығып, майда колхоздардың қайсысы қай ауылдарға бі­рікті, нақты тұрған жері қазір қайда де­ген мәселелерді де зерделеу ойда бар.
Авторлардан бізге таныс Smajьl Aqgigitip (Смайыл Ақжігітов), Әlijasqarьp (Әлімбай Әлиасқаров), Ganbolganьp (Төребек Жанболғанов), Omar Qocamanov (Омар Қошыманов), Garьlqasьnьp (Сахи Жарылқасынов) сияқты кісілердің мақалалары жиі кездеседі. Айта кету керек, белгілі журналист, қарымды қаламгер Рашит Жарылқасыновтың әкесі Сахи Жарылқасынов кейінгі жылдары осы газетте редактор болған.
Бұлардан басқа Іскендіров, Ауқат, Қалабай, Сырбаев, Үркімбаев (ақын), Қошқаров, Ердәулетов, Әмірхан, Бекниязов Б, Кетебаев, Сламша, Қаспай, Өмірзақ, Сүгіров, Тобашов, Құдайбергенов, Сембаев, Байсақалов, Қожахметов, Бөлтіріков, Жүсіпов, Отарбаев, Қанафия, Ержанов, Қылышбай, Тышқамбаев, Жүніс, Қалмұратов деген кісілердің атын теріппін.
Бұларды түгел жазып отырған себебім, бүгінгі азаматтар осы атал­ғандардың ішінен өзінің арғы әкелерін болмаса ағайындарын, таныс адамдарын тауып хабарласып жатса, ол кісілер туралы толығырақ баян етудің мүмкіндігі болып қалар деген ой.
Енді өндіріс, шаруашылық орындары мен ауыл атауларына келетін болсақ:
Көктөбе ауылы – Ақбел колхозы пред. Мәкібаев, Көктөбе серіктестігі (пред- Ердәулетов),
Дауылкөл ауылы – Шіленкөл се­ріктестігі (председателі – Қалабаев). «Оян» колхозы, «Жаңабағыт» серік­тес­тігі, «Қостам» мектебі, «Бестам» мек­тебі-деген мектеп атаулары кез­деседі.
Жосалы ауылы – «Ызакөл» колхозы (пред- О.Қошыманов).
Майкөл ауылы – «Далакөл» колхозы, (пред- О.Қошыманов), «Қаракөл» колхозы.
Жалғызқұм ауылы – Ленин колхозы, Ақжар колхозы, «Сай арық» колхозы.
Қашқан су ауылы – «Жігерлі» колхозы, «Ынталы» колхозы.
Мирзоян атындағы ауыл – Мирзоян серіктестігі, «Қызыл ту» колхозы. Боз арқаш ауылы – «Бозарқаш» колхозы, «Боз арық» колхозы.
Төрткүл ауылы – Молотов атындағы колхоз, «Ақ ирек» серіктестігі, «Қы­зыләскер» колхозы.
Ақтөбе ауылы – «Қостам» серік­тес­тігі.
Сталин колхозы, Ворошилов колхозы, Каганович колхозы, Жданов колхозы, Микоян колхозы, Молотов колхозы – деп сол кездегі «ұлы көсемдердің» атымен аталған ауылдар бар.
Қазіргі Жалағаш ауданына қарасты өзім нақты біліп отырған ауылдарды бұл тізімге қоспай Қармақшы ауданындағы атауларды ғана алып отырмын.
Газет көтерген мәселелер: «Ең­бек бөлу жұмысына волшевиктік бас­шылық керек», «Көктем егісіне зиянды көзқарастың тамырын жұлу керек», «Волшевиктік даярлық осындай болсын», «Дайындықтағы бюрократияға жол жоқ», «Мектептегі кемшілікті тез жою керек» деген сияқты іске тегеурінді екпін берілген тақырыптармен басталады. Алдыңғы бір-екі ауыз сөз атқарылып жатқан жұмыстың абағын баяндай келіп, соңына таман жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді тізбектей жөнеледі де, жауапты адамдарды нақты көрсетіп, кемшіліктерді тез жоймаса не істеу керек екендігі жөнінде нақты шараларды қойып қалады. Тіпті әлгі кісіні күні ертең-ақ айдап әкететіндей, қорқып отырасың.
Газет сынына сол мекеменің басшылары, партия ұйымының жетекшілері уақытылы жауап беріп отырмаса болмайтыны тағы бар.
Партия қатарын толықтыру, пар­тияға алынған кісілердің саяси деңгейі, партиялық ұйымдастыру жұмыстары да газет назарынан тыс қалмайды. Ұжымдардағы, шаруа­шы­лықтағы, мектеп, мекемелердегі саяси оқулар туралы материалдар үздіксіз беріледі. Саяси сабақты уақытылы өткізбеу партия ұйымы тарапынан қатаң қаралатын мә­селелерге жатқызылып, ұжымдарда саяси оқуға қатысқан адам санына дей­ін газет бетінен орын алып отырады.
МТС-тардың жұмысы, көктемгі егіске әзірлік барысы, соқа-сайман, айыр-тырмаларға дейін есепке алынып, әр шаруашылықтағы саны жеке-жеке көрсетіледі. Бүгінгі күнге қанша техника жөнделуге тиіс еді, қаншасы жөндеуден өтті деген мәселелер газеттің әр санынан орын алады. Қысқа даярлық науқаны да тап осылай тәптіштеліп, жұмыста кемшілік жіберген басшыларды иненің ұшына тұрғызып қояды.
Қысқасы «Екпінді» газетінің өмірдің қай саласымен де біте қайнасып, халықшаруашылығы өмірінің айнасы болғандығы жарияланған материалдардан анық байқалады.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
«Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист
26 ақпан 2022 ж. 583 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031