» » Тарих беттерін парақтағанда

Тарих беттерін парақтағанда


Осыдан 5 жыл бұрын ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толған мерейтойын өткізгеннен кейінгі уақыттарда аудан өмірінің айнасы «Қармақшы таңы» газетінде осы жылдар бойында жарияланған мақалалар мен басқа да материалдарды қарап шығу ойымда болып жүретін. Жуырда Алматы қаласында өткізген аз күнде Ұлттық кітапхананың «Мерзімді баспасөз» бөлімінде отырып, көне газеттер қоймасына тапсырыс беру арқылы бірсыпыра газет тігінділерін ақтарып шығудың сәті түсті.
«Газет 1932 жылдың сәуір айынан бастап шығады» деген сілтеме бойынша алдымен 1932-1941 жылдар арасындағы газеттерді көріп шығу үшін арнайы тапсырыс бергенімде қолыма 1932 жылғы және 1938 жылғы тігінділер ғана ілікті.
Көріп отырғаныңыздай, бұл уақыт сонау еліміздің басынан өткен қилы қияпатты кезеңдер – ашаршылық жылдары мен қуғын-сүргін зобалаңынан кейінгі жылдарға сәйкес келеді екен.
Алғашқы саны жоқ «EKPINDI» газетінің 1932 жылғы тігіндісі «3 mart, №2» деп көрсетілген санмен басталып, «24 dekabr №45» санымен аяқталған. Түптемедегі газеттің барлық саны – 23. Түрлі жағдайлармен жетпеген болар, осы жылғы газеттің 11 саны тігілмеген. Газет А3 форматтағы қағаздың екі бетіне ғана басылып, «Жер жүзінің пролетариаты, бірігіңдер!» деген ұранмен шығып тұрған. Газет атауының төменгі жағындағы «Orta azija temirgol 6 audan parfrja ujim men kәsipciler odagьnьn kәzeti» деген сілтемемен қатар паравозбен жарысып келе жатқан ат суретінен газеттің аудан шаруашылықтары мен темір жол саласының органы екенін аңғаруға болады.
Газеттің екінші бетінің төменгі жағында «Райлито №135 Кзыл-Орда гостифография ЦСНХ №1. заказ №312» деген сілтеме бар. Мекен-жайындағы «Адрес: ст. К-Орда райправсож. ред. газет. «Экпинды» и «Штурмовик» деген жазуларға қарап: «Штурмовик» деген атпен орысшасы да шығып тұрды ма екен деген де ойға келдік.
Алғашқы санынан бастап жыл аяғына дейін «жауапты редактор» деп қол қойған М.Наурызбайұлы деген кісі.
Бұл кездегі бір ерекшелік, газет авторлары мақала соңына өзінің тек атын ғана жазады екен де немесе көпшілігі мақаланы псевдониммен береді екен. Әбен, Есен, Шәмші, Мәлдібекұлы деген авторлар мен «Шаян», «Соқа», «Егеу», «Тыңдаушы», кейде «С.Т.» , «М.Қ» деген авторлар жиі кездеседі. Сондай-ақ, кейбір мақаланың бас жағына «Өз тілшімізден», «Арнаулы жұмысшы тілшімізден» деген айдарлар қойылып отырады.
Газеттің бір санында:
«ЕКПІНДІ ТІЛШІЛЕР!
Еңбек тәртібін бұзушылармен кезінде күресе біліңдер!
Еңбек тәртібін ұйымдастыру жұ­мысы қалай?
Үзбей жазып тұрыңдар!» деп бояуы қалың әріптерді қоршап қойып ұран тастаған уақыттары да бар. Бұл сол кездегі газет тілшілеріне қойылатын қатаң талап ретінде қабылданған.
Ақпарат құралдарының аз кезінде барлық артельдерде, колхоздарда өндіріс мекемелерінде, мектептерде қабырға газеттері шығарылып, аудандық газет пен штаттағы, штаттан тыс тілшілері олардың барлық жерде үзбей шығып тұруын және көрнекті жерге ілінуін, әрбір санының көтеріп отырған мәселелерін қадағалап отырғандығы байқалады.
Уақытылы шығып тұрмаған қабырға газеттеріне рейд жүргізіп сынап алатындары да бар. Онымен де қоймай газеттің кейінгі сандарында бұған немқұрайлы қараған мекеме басшыларының немесе мекемедегі ұйым басшыларының қабырға газетін шығаруға жауапты адамдардың мәселесін қарағандығы туралы хабарламаларын да жариялап отырған.
Бұл жылдардағы газеттен «kәpqoz» деген терминді көруге болады. Бұл сол кездегі шаруашылық құрылымының қысқартылған атауы – «кооперативтік шаруашылық» дегені болар.
«Avdandьq temir gol tutьnv qogamьnьn kәpqozьnda 690 adam gumьs qьladь, gumьs kөliginen 56 at bar, ger ajdajtьn 2 traktor bar. ...Gospar bojьnca 10 kektir guva, 2 kektir sәbiz еgуv kerek edi» деп алады да, жос­парлы жұмыстың өз уақытында орындалмаған төменгі көрсеткіштерін тізбектеп жазып: «Kәpqozdьn bul qarqьnь qanagattandьrmajdь» деп түйіп тастайды.
Мұның өзі сол кездегі кез келген мекеменің, кәсіпорындардың өзіндік шаруашылық ұйымдары болып, өзіне қажетті азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандығын көрсетеді.
Кәпхоз сондай-ақ ұжымның қызметкерлеріне үйлер, сарайлар салып, құрылыс жұмысын да жүргізіп отырған.
Газет 1932 жылдың желтоқсан айындағы бір санында «Qazaqьlandьru gosparь, gospar bojьnca qaladь» деген тақырыппен аудандағы өндіріс буындарында қазақ жұмысшыларынан маман даярлау, өндірісте бұрыннан істеп келе жатқан қазақ жұмысшыларын қабілетіне қарай жоғарылату ісінің мардымсыз екенін сөз етеді. Аудандағы кадр даярлау бюросының қазақтар мен қазақ әйелдері үшін арнайы курстар ашып, сол курсты бітіріп шыққандарын жоғарылатуға мән берілмей отырғанын қатаң сынға алады.
Сондай-ақ тұрмыстық қажетті­ліктер бойынша жұмысшыларға деген заттарды сәудегерлерге сататын кооператив бастықтары мен «кәперативтегі нанды картешкесіз берумен» айналысатын сатушылар жөнінде де қалам тербеген тілшілердің жазбалары сол кездегі уақыт тынысынан хабардар етеді.
Газеттің алғашқы сандарының бірінде, дәлірек айтсақ, 4 сәуірдегі санында сол кезде қолданылған латын әліппесінің кестесі берілген. Қазіргі латын қарпіне көшу жөніндегі мәселелерге ой түрткі болсын, қазақ елі өткен ғасырдың басынан бері қолданылып келген «төте жазу», «латын әліппесі», осы күнгі қолданыстағы «кириллица» жазуы туралы да бүгінгі жастарымыз, мектептегі оқушы балаларымыз біле жүрсін деген оймен латын әліппесінің газеттегі суретін түсіріп алып едім.
Иә, аудандық газет тігінділерін парақтау – аудан тарихының беттерін парақтау. Мұндағы жер, су аттарын, өндіріс, өнеркәсіп орындары мен мекемелер атаулары, ауыл шаруашылығы құрылымдары, кенттер мен ауыл, селолар, кейініректегі өзіміз естіген немесе көзін көрген кісілер жайлы мәліметтер осылай тарихқа айнала береді.
Биылғы сәуір айында 90 жасқа толғалы отырған сүйікті газетіміздің ғасырға жуық тарихы оқырмандарды бей-жай қалдырмас деп алдағы сандарына қолда бар материалдарды сараптап беріп отырмақпын.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист
22 ақпан 2022 ж. 592 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031