» » Бұл газетте аталардың табы бар

Бұл газетте аталардың табы бар

КӨЗДІ АШЫП-ЖҰМҒАНША 2021 ЖЫЛ ДА ЗЫР ЕТІП ӨТЕ ШЫҚТЫ. БІРАҚ ОСЫ ЖЫЛДА ӨҢІРДЕ КӨПТЕГЕН ӨРЕЛІ ІСТЕР АТҚАРЫЛЫП, ЕЛ ЖАДЫНДА ҚАЛДЫ. СОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ БӘРІНЕН БИІК ТҰРДЫ ДЕСЕК, ҚАТЕЛЕСПЕЙМІЗ. ӘЛЕМ ЖҰРТЫН ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН ПАНДЕМИЯНЫҢ ҚОҒАМ ДАМУЫНА ӨЗ ЗИЯНЫН ТИГІЗГЕНІ ЕШКІМГЕ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. СОЛАЙ БОЛА ТҰРА, ИГІ ІСТЕР МЕН ІС-ШАРАЛАР ЖЫЛ КӨЛЕМІНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП ОТЫРДЫ. ОСЫ ҮРДІСКЕ "СЫР МЕДИА" ЖШС-НА ҚАРАСТЫ АУДАНДЫҚ «ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ» ГАЗЕТІ ДЕ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ӨҢІРДЕГІ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРМЕН ЖӘНЕ МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРМЕН БӨЛІСІП ОТЫРДЫ. БЫЛАЙША АЙҚАНДА, «ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТУҒА» ТЫРЫСТЫ. ОРЫН АЛҒАН КЕМШІН ТҰСТАРДЫ ДА НАЗАРҒА АЛЫП, ҚАМТУҒА КҮШІН САЛДЫ. ҚОШ ДЕЛІК. ЕНДІ ӨТКЕНГЕ ШЕГІНІС ЖАСАП, ГАЗЕТТІҢ БІР ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫН АЗ-КЕМ ЗЕРДЕЛЕП КӨРСЕК.

Басылымның жинақылығы мен бағыты бұл алдымен оның берілетін ат-айдарына (рубрикасына) бек байланысты. Біздің шығармашылық ұжым да осы мәселені ескеріп, газет бетінен жаңа айдарларға орын аштық. Жылдың басты оқиғасы аталған егемендігіміздің мерейлі мерекесіне орай «Тәуелсіздікке 30 жыл», күнделікті өмірде істеген жұмысы тайға таңба басқандай көріне қоймаса да, еңбегі елеулі жандарға арналған «Қарапайым қызметкер», сондай-ақ ел іргесіне үрей мен қорқыныш әкелген коронавирус инфекциясымен күрескен дәрігерлер мен медбикелер, осы қиын шақта жан алысып, жан беріскен басқа да сала мамандарының, еріктілердің жанқиярлық ерлік істері «Бүгінгі күннің батырлары» сынды жаңа айдарларда көрініс тапты. Одан бөлек, «Біздің көшенің тұрғындары» атты рубрикамызда аудан, ауыл көше тұрғындарының ауызбірлігі қалам ұшына арқау етілсе, «Бұл үйде кім тұрған?» айдарында елімізге танымал тұлғалардың, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмір жолдары тұрақты түрде насихатталып келді. Журналистің оқырманға ой салар, өз түйіні бар «Біртүйер» айдары да жаңа бастамамыз болатын.
Қоғамдық пікірді қалыптастыратын бірден-бір құрал – мерзімді баспасөз екенін ескерсек, бұл ретте үлгілі ісімен, озық өресімен алдыңғы қатарда жүретін азаматтарымыз болады. Олар елдің елдігіне, жас ұрпақтың болашағына, ұлттық мүддемізге қалтқысыз қызмет етеді. Сондай аға-апаларымыздың жүріп өткен өмір және еңбек жолы өңір айнасының «Тұғыр», «Тұлға» айдарында үзбей берілді. Сонымен қатар, өздері өмірден өтсе де, артына өшпейтін із қалдырған туған жер перзенттерінің болмысы «Тағзым», «Тағылым» айдарында сомдалды.
Елбасының жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазына», «Сыр сүлейі», «Күмбір», «Даналық мектебі», «Мұра», тағы басқа да айдармен берілген ондаған мақала көмескі тартып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды қайта жаңғыртты. «Бәрекелді!», «Сүйінші ағайын» рубрикасы өңіріміздегі жаңашыл бастамаларды сүйіншілесе, «Еңбек адамында» майталман мамандардың еңбегі еленді.

«Өзек», «Мәселенің мәнісі», «Мезгіл мәселесі», «Бүгінгі күн тақырыбына» атты айдарлар аты айтып тұрғандай, кезек күттірмейтін кейбір өзекті мәселелерді тілге тиек етсе, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет, әлеумет сынды бірқатар салада мақалалар топтамасы жарияланып, уақытында ақпараттандырылып отырылды.
Жыл көлемінде 103 нөмір жарыққа шығып, осынша мәрте аудан айнасы оқырманымен жүздесіпті. Әрбір нөмірімізде ауданға қарайтын кенттер мен елді мекендерді аралай жүріп көзбен көріп, көңілге түйген сәттерімізді (репортаж, сұқбат, әңгіме) қағаз бетіне түсіруге асықтық. Фотонысанымызға сәтті суреттер қамтуға кәсіби тұрғыда аянып қалмадық.
Ақпарат құралының басты миссия­сының бірі жедел ақпарат таратумен қатар, оның ағартушылық, ізгілік рөлі. Елдің тыныштығы мен бірлігіне атсалсуы және мемлекет саясатына үн қосуы. Газетіміздің алғашқы нөмірлерінің бірі – №2 санында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен ашылған болатын. Онда еліміздің үш он жылдықта жеткен табысы, алдағы бағыт-бағдары айқындалды. Мақаланың түйінінде: «Тәуелсіз ел болу оны жария­лаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс...» десе, №70 санында Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбында Жолдауы жарыққа шықты. Қабырғалы құжат өңір жұртшылығының кең көлемді қолдауына ие болып, редакция қосынына ардагерлер, қоғам белсенділері мен түрлі сала мамандарының, жастардың пікір-пайымдары лек-легімен келіп жатты.
Оған қоса, облыс, аудан, кент, ауыл әкімдерінің атқарған іс-қимылдары, есеп­тері, аудан төңірегінде жаңа нысандардың ашылу салтанаттары, еңбек әулеттері, өнегелі отбасылары жайындағы материал­дардың халыққа берері көп болды деген ойдамыз.
Ұрпақ сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы – бұл үлкен тәрбиелік мәні бар стратегия. Осы ретте өңір басылымы тарихи даталар мен елі үшін еңбек еткен ерен ерлерді назардан тыс қалдырмақ емес. Алаш арысы Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп пен күш атасы атанған Қ.Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, М.Мақатаевтың 90 жылдығы, Еңбек ері, Батыр ана С.Жұмабекованың 85 жылдығы, күміс көмей жырау К.Рүстембековтің 75 жылдығына орай мақалалар жарияланса, А.Алматовтың 65 жылдық мерейтойына сәйкес те жырау әрі ғалым ағамыздың жыраулық мұрасы насихатталды.
Басылымның мазмұндық ерекшелігіне газет тілшілерімен қатар, профессор Темірхан Тебегенов, зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай, Шегебай Құндақбаев, Достық Тілеубергенов, Талайлы Досымова, Зарипа Тасымова, марқұм Ордабек­ Тотайұлы, Руслан Сәулебекұлы, тағы бас­қа да ақын-жазушыларымыздың атсалысқанын атап айтқанымыз ләзім ­болар.
Елей кетер жақсы жаңалығымыздың бірі – "Сыр медиа" ЖШС журналистердің үздік сараптама жұмысына қаржылай сыйақы тағайындап, сала мамандарын ынталандыруы. Осы бағытта аудандық газеттің тілшілері де белсене үлес қосып, 2 мәрте 1 орынмен, 1 мәрте 2 орынмен марапатталды. Сөйтіп, шығармашылық шыңдалу жағынан аудан басылымдары арасынан жоғары нәтиже көрсетті. Бұған қоса, газетіміздің бөлім меңгерушілері Айнұр Әли мен Ардақ Сүлейменова Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, мерейімізді тағы бір өсірген жайы бар.
Әлбетте, шағын мақалада атқарған жұмысымыздың бәрін қамтып кетуді мақсат етпедік. Мақсатымыз жыл көлемінде рухани қазына – аудандық "Қармақшы таңы" газетімен бірге болып, елдің тыныс-тіршілігін бізбен бірге бөліскен еңбек ұжымдары, ардагерлер, жастар және басқа да мыңдаған оқырманымызға алғаусыз ал­ғыс айту. Биыл аудан айнасының жарыққа шыға бастағанына 90 жыл толып отыр. Жаңа жыл жаңа бастамаларға толы болып, әрбір шаңыраққа бақ-береке әкелсін. Рухани күш-қуатта болайық, ағайын!

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

01 қаңтар 2022 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 278

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 374

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930