Жыл көлеміндегі жүз бір жүздесу
ӘРБІР ЖЫЛДЫҢ ӨЗІНЕ ТӘН ЕРЕКШЕЛІГІ БОЛАДЫ. ӨТКЕН ЖЫЛ ІЛГЕРІЛІ, КЕЙІНДІ ЖАҢАЛЫҒЫМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. ОНЫҢ ІШІНДЕ ӘЛЕМДІК ҚАСІРЕТ ДЕП ТАНЫЛҒАН КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯСЫ ЕЛДЕ ЖАППАЙ ЕТЕК АЛДЫ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық мақалалары мен Жолдауларында берілген тапсырмалардың тыңғылықты орындалуы, "Рухани жаңғыру" тақырыбы аясында, "Еріктілер" жылы, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби, Алтын Орда және һакім Абайдың мерейтойларына орай тұрақты айдарлармен материалдар берілді. Осы жылы көктемде шыға бастағанына 89 жыл толатын аудандық басылым тілшілерінің негізі жастардан тұратынына қарамастан жыл шеңберінде ізденіспен жұмыс істеп, шығармашылық қуатын шыңдап отырды. Еркін тақырыпта көсіле жазып, оқырманына мәнді де мағыналы еңбектер ұсына білді. "Айна", "Қоғам", "Діңгек", "Руханият", "Басты байлық", "Спорт", "Жансарай", тағы басқа да газет бетінде арнайы беттер ұйымдастырылып, әрбір сала бойынша топтамалық материалдар жарыққа шықты. Еңбек пен бірлік – қашан да ұлттың ұстыны. Бұл бағыттағы "Еңбек адамы", "Тағылым", "Зерде", "Өзек", "Мәселенің мәнісі", "Тіршілік таразы", "Тыныс", "Кәсіп", "Антына адал болғандар", "Даму", "Біздің көшенің тұрғындары", сонымен бірге шығармашылық бағытында "Өмірдің өзінен", "Көңіл күнделігі", "Қаз-қалпында", тағы басқа да айдарлар тұрақты түрде берілсе, жыл басынан бері "Бұл үйде кім тұрған?", "Біртүйер", "Тәуелсіздік құрдастары" сияқты жаңа айдарлармен толығуда.
Көзді ашып-жұмғанша бұл жылдың да алғашқы айын еңсеруге таяумыз. Міне, бүгін газетіміздің №6 саны оқырман қолына тимекші. Жыл көлемінде аудандық "Қармақшы таңы" газетінің 101 саны жарық көріп, қалың оқырманын нақты ақпаратпен қамтамасыз етіпті. Газетте басылымның электронды нұсқасы мен сайт жұмысы да қоса жүргізіліп келеді. Бүгінде бас басылым сайт және әлеуметтік желілер арқылы жылдам хабар таратып, медиа кеңістіктен ойып өз орнын алуда.
Оқымандарымызбен 2020 жылы жүз бір мәрте жүздесіппіз. Әрине оған өте қуаныштымыз да. Бұл бізге үлкен мәртебе. Осы ретте "Қармақшы таңының" әрбір санын асыға күтетін ойы қарақты оқырмандарымызға риясыз көңілден алғыс айта отырып, қиын да қызықты журналистік қызметімізді әрі қарайда адал атқара беретінімізге зор сенім білдіреміз.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА