» » Жақсылық жасауға асығайық

Жақсылық жасауға асығайық

Биыл ҚР Президентінің жарлығымен «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Ал ғаламды дүрбелеңге салған індет мейірімді жандарды бір мақсат үшін жұмылдырды. Бүгінгідей сын сағатта елдің қамын ойлаған еріктілер ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Олар халық денсаулығы үшін қаржылай да, тегін қызмет көрсетіп те, қол көмегін беріп те өз үлестерін қосуда.
Жыл басында еліміздің барлық аймағында «Біргеміз», «Сабақтастық» секілді тағы да басқа жобалар ұйымдастырылған болатын. Ондағы мақсат – елдегі волонтерлік қызметті дамыту. Аталған жобалар аясында аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мамандарынан «Еріктілер тобы» құрылған. Баланың саулығы, олардың қоғамнан өз орнын табуы үшін еңбек етіп жүрген мамандар ендігі кезекте қайырымды істер мен игі бастамаларға өз үлестерін қосуда.
Нақтырақ тоқталсақ, олар әлеуеті әлсіз және көпбалалы отбасыларға азық-түлік өнімдерін таратса, індет келгелі бері мекемеден түзете-дамыту сабағын алушы балалардың отбасын азық-түлікпен және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, дертпен дамылсыз күресіп жатқан аудандық орталық ауруханаға оттегі баллондарын толтыруға жәрдемдесті. Осындай игі істердің басы-қасында болып, ұжымның ұйытқысы болып жүрген мекеме басшысы Ләззат Мұсаевамен аз-кем тілдескен едік. Сол кезде де уақытының тығыз екенін, ауруханаға бара жатқанын жеткізген.
– Жақсылық жасау – имандылық пен парасаттылықтың, мейірімділіктің айқын көрінісі. Игі істерге ұмтылу – әрбір жанның міндеті. Көмекке мұқтаж жанға дені сау адамның жәрдем беруі – парыз деп білем. Мен кезекті демалысқа да шыққан жоқпын. Мынадай қиын кезде қалай демалып жата аласыз? Баллондарды оттегімен толтырып қоюға, қажетті құралды алуға қаржылай қолдау көрсетуге бара жатырмыз. Осындай сын сағатта жұдырықтай жұмыла әрекет етіп жүрген мекеме мамандарына да алғысымыз шексіз. Адамдарға жақсылық жасау – мен үшін үлкен бақыт, – дейді жақсылық жанашыры, білікті басшы Ләззат Сұлтанбекқызы.
Иә, жақсылық жасағаннан жаны жай табатын мұндай жандардың қатары аз емес. Әсіресе, індет кезінде әлем мейірімділіктен кенде емес екенін ұқтық. Қайырымды жандарға халық та риза. Бүгінгі майдансыз соғыстың батырлары дәрігерлер де еріктілердің еңбегін елеусіз қалдырмайды.
– Біз дәрігерлер қауымы сіздердің шын көңіл, ақ ниетпен қолдау көрсетіп жатқандарыңызды білеміз. Сіздермен бұрыннан да жақын байланыста едік. «Қарлығаш қанатымен су тасиды» дейді. Сол қанатымен тасыған сумен біраз адамға нәр береді екен. Сіздің берген көмегіңіз де көп жанға жарқын өмір сыйлайды деп сенемін. Ізгілікті істің ұйытқысы болған сізге, сіздің ұжымыңызға зор алғыс білдіремін, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.
Қайырымды іске қол созып, өзгенің жүзі жадырап алғыс айтқан қуанышты сәтін көруден артық қандай бақыт керек. Игі істің ұйытқысы болып, жақсылық жасауға асығайық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ




28 шілде 2020 ж. 1 048 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930