» » Дерт дендеп, дем жетпей жатқанда...

Дерт дендеп, дем жетпей жатқанда...

Шіліңгір шілде. Ғаламды дүрліктірген індеттің күшіне мінген сәті. Әлемді сарсаңға салған дерт біздің өлкені де айналып өтпегені мәлім. Дерт меңдеп, дем жетпей жатқан науқастарға ақ халаттының барлығы күн-түн демей көмек берді. Өз саулығын қатерге тігіп, өзгенің амандығы үшін жанын салғандар өздерінің қандай қауіптің ортасында жүргенін анық білді. Десе де, антына адалдық танытқан олар қолдан келгенін аянып қалмады. Осыбір қысылтаяң шақта өмір мен өлім арасында арпалысқандар жансақтау бөліміне үздіксіз ағыла берді. Үнемі қорғаныш костюмімен жүріп, барынша сақтық шарасын сақтағанымен аты жаман індет Роза Даржанованы да ілмегіне ілді.
Р.Даржанова – осы өлкенің тумасы. Кент орталығындағы №26 мектептен тәлім алған. Ол 1987 жылдан бері өмірінің соңғы күніне дейін аудандық аурухананың жансақтау бөлімінің кіші қызметкері болып еңбек еткен. 30 жылдан астам бір салада, бір жерде қызмет етуі – өз ісіне деген адалдығынан болар. Жолдасы Дәуренмен бір ұл, екі қыз өсіріп отырған ана бұл уақытта кенжесін құтты орнына қондыруға дайындық үстінде екен. Алайда, Роза Кенжебекқызына пандемия салдарынан кейінге ысырылған тойды көруді жазбапты. Өзгенің саулығы үшін шырылдаған ақ халатты аздаған күннің ішінде дерті меңдеп, келместің кемесіне мініп кете барды. Мамандық үшін жанын пида еткен деген осы болар, бәлкім.
Мұндай орны толмас қаза кімге оңай тиер дейсіз? Әріптестен айырылған ұжымға да, бел ортасына келгенде жардан ажыраған отағасына да, енді қызық көрсетеміз бе деген ұл-қызға да төбеден жай түскендей. Өкініш өзекті өртегенімен, Алланың ісіне амал бар ма? Ажалмен арпалыстырған індеттің дәрігерлер үшін де оңайға соқпағаны осыдан-ақ байқалады.
Жақында аудандық аурухана індет салдарынан өмірден озған әріптесті еске алуға арналған жиын өткізді. Оған қазіргі талапқа орай біршама әріптесі мен ақ халаттының жұбайы қатысты. Арнайы дайындалған бейнежазба көпшілік назарына ұсынылды. Қимастық сезімнен болса керек, ұзақ жылдан бері бір салада еңбек еткен қатарластары көздерін жасқа бұлап та алды. Әрі қарай сөз алған аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев өмірден өткен әріптесі жайлы естелігімен бөлісті.
– Өмірін бір салаға арнаған әріптесіміз Роза Кенжебекқызы өз жұмысына өте жауапты болатын. Өз ісінен бөлек, өзгеге де көмек қолын созуға даяр еді. Ұжымда кішіпейіл, кез келген адаммен тіл табыса алатын ақкөңіл жанның енді арамызда жоқ екені өкінішті. Біз де қимаймыз. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын. Ортамызда орны бөлек жанды әрдайым есте сақтаймыз. Туған-туысқаны мен отбасына сабыр тілейміз, – дейді бас дәрігер.
Одан кейін аурухананың ішкі аудит жөніндегі орынбасары, реанимотолог дәрігер Әділбек Маликов пен сала зейнеткері Айткүл Ерлепесова әріптестері туралы жүрекжарды пікірін білдірді. Жиын соңында марқұмның жұбайына Ұлттық Медициналық Ассоциациясының науқастарға медициналық көмек көрсетудегі рақым, жақсылық және кәсіпқойлығы үшін «Мейірім» медалі табысталды. Бұл марапат балаға анасын, жұбайға жан-жарын қайтара қоймайды, әрине, десе де саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған абзал жаннан бір белгі болып сақталар.
Иә, бұл дерт кімді де болса аяған жоқ. Ғаламды жайпап, ұлтымыздың, қала берді өңіріміздің де біраз жақсы мен жайсаңынан айырды. Қазіргі уақытта бұл дерттің екінші толқыны күтілуде. Алғашқыдай адам шығынын болдырмауға аурухана ұжымы сақадай-сай. Еліміз бұл сынақтан аман өтіп, бала – анадан, ағайын – бауырдан ажырамаса екен.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
27 қазан 2020 ж. 763 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031