«Халық алғысы» медалімен марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен пандемия кезінде халық саулығы үшін күресте алдыңғы шептен көріне білген танымал журналист, қармақшылық Нұрсұлтан Мықтыбай «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Жерлесімізге жоғары марапатты облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде табыстады.
Қазақстандықтар үшін бұл медальдің жөні бөлек. Себебі, бұл – әлемді әбігерге салған, соның ішінде елімізді де айналып өтпеген қауіпті індет кезінде жұрт игілігіне қызмет етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен, халықтың ыстық ықыласы мен шын құрметіне ие болған азаматтарға тағайындалатын арнайы марапат. Сондықтан да індетпен күреске өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер мен полицейлер, әскерилер, кәсіпкерлер мен еріктілерден бөлек індет ошақтарынан жылдам және шынайы ақпарат жүргізген журналистердің еңбегі ерен екенін ерекше атап өтуіміз керек.
Сыр еліндегі басты әрі жалғыз ақпарат агенттігі – «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай да облыста қауіпті індеттің алғашқы тіркелген күнінен бастап күн-түн демей еңбек еткен азамат. Ол адамзат баласына қиын сынақ әкелген COVID-19 вирусымен күресте алғашқылардың бірі болып облыс халқына шынайы ақпарат таратуымен көзге түсті. Блок-посттарда адам өмірінің сақшысы болған дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалаған полицей, ел тыныштығын күзеткен әскерилермен бірге қона жүріп, олардың өлшеусіз еңбегін халыққа талмай насихаттай білді. Карантин кезіндегі боямасыз картиналарды да ашық көрсетіп, тұрғындарға санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін түсіндіруде ерекше белсенділік танытты. Әскери қызметшілермен бірге облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошақтарын залалсыздандыру жұмыстарына да қатысып, өзінің азаматтық көзқарасынан танбады.
Сондай-ақ, Нұрсұлтанның қаламынан қайырымдылық шараларын толассыз жүргізіп, ауруханаларды қажетті медициналық бұйымдар, құралдармен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер, қаржысызақ көмек қолын созған еріктілер, онлайн оқу кезінде бар қиындықты қиналмай еңсерген мұғалімдер де шет қалмады.
Әсіресе, оның «Тәулігіне 12 сағат жұмыс режимі»: Қызылордадағы блок-посттарда тұрған дәрігерлер мен полицейлер туралы не білеміз?», «Карантин кезіндегі боямасыз картиналар: «жындыханаға бара жатырмын» немесе «денсаулық өзімдікі ғой», «Төтенше жағдай: Түнгі қала «қаһармандары», «Қашықтан оқыту: Қызылордалық мұғалімнің бір күні», «Төтенше жағдай: Журналист қалай залалсыздандырушы болды?» атты топтамалық мақалалары көзі қарақты оқырмандардан жоғары бағасын алды.
Ерекше атап өтерлігі, Н.Мықтыбай бас редакторлық ететін «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі веб-сайтының базасында әлемді шарпыған қауіпті індеттің Қызылорда облысындағы ахуалы туралы нақты, ресми әрі жан-жақты мағлұмат беретін «COVID-19» атты ақпараттық-медиа бөлім іске қосылды. Нұрсұлтан басы-қасынан табылған бұл ақпараттық-медиа бөлім облыс тұрғындары үшін дер кезінде жасақталды. Себебі, бұл жоба аймақта коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастар туралы күн сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап отырған көптеген жалған ақпараттар мен түрлі негізсіз қауесеттердің алдын алуға мүмкіндік берді.
Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Мықтыбай ғаламды дүр сілкінткен қауіпті індет кезінде қолынан қаламын тастамай жүріп, осы жолдың ыстығына күйіп, суығына төзді.
Қазақта «Марапат мерей өсіреді» деген аталы сөз бар. Халықтан биік ешкім жоқ екені тағы да ақиқат. Олай болса, халықпен аттас «Халық алғысы» медалімен марапатталған жерлесіміз Нұрсұлтанға әрқашан мерейің үстем бола берсін демекпіз!
Нұршайық ӘБДУӘЛИ