» » Он үште отау құрған ба?

Он үште отау құрған ба?

Қазақ халқының салтында ер балалар үшін он үш жас балиғат жасына жеткен болып саналады. «Он үште отау иесі» деген мақалды да естіп жүрміз. Алайда басым көпшілігі бұл мақалды міндетті түрде үйленумен теңестіріп жатады. Ал оның астарында қандай мән бар екеніне үңіле бермейді. Бүгінгі «он үш» жастағы жеткіншектер үй бола алмайтынын айтып даурығады. Расымен ерте заманда «он үште» отау құрған ба?
Алғашқы мүшел болғандықтан бұл жастың жүгі ауыр. Ол туралы толымды пікір қалдырған жанның бірі, ел анасы Зейнеп Ахметова. Ол мүшел жас­та қайырымды істермен айналысуға үндейді.
– Қазақта мүшел жас деген бар. Мүшел жас 13 жастан басталады. Бұрындары мүшелге толғанда құдайы тамақ берген. Мүшел жастың ауырлығынан қорыққан. Басқа уақытқа қарағанда мүшел жаста өлім-жітім, қауіп-қатер көп. Оны қазақтар бұрыннан білген. Сондықтан жақсы амалдар жасауға тырысқан. Қазір де құдайы тамақ таратады. Бірақ Құран оқытып, тамақ берсе болды деп ойлайды. Олай емес. Сен жыл бойы жақсы амал жаса. Біреуге көмектес. Алғысын ал. Жаман киімдеріңді емес, өзің сүйген киімдерді елге тарат. Керексіз дүниелеріңді емес, құнды дүниелеріңді бер. Жыл бойы қайырымдылық көрсет, – дейді Зейнеп Ахметова.
Он үш жасты бабаларымыз азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан. Ал біздің мұны санамызға сыйдыра алмауымыздың себебі – әсіре балажандықтан болуы мүмкін. Психологтар бұрынғымен салыстырғанда балалық шақтың тым ұзарып кеткендігін алға тартады. Оның бірден-бір себебі – қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайлар. Бала душар болуы мүмкін қауіп-қатерден туындаған қорқыныш сезімі, тағы басқа жағдаяттар санамызды буып, әріден ойлауға, бабалардың әлгіндей ұғымының мәнісін түсінуге мүмкіндік бермейді. Салт-дәстүрді саралап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген Зейнеп апай он үш жасқа тола салысымен барлығы бірдей шаңырақ көтермегенін, ол қате түсінік екенін өз еңбектерінде былайша жеткізген.
– 13 жас ең алғашқы мүшел. Бұл баланы үйлендіріп, әйел алып беруден кейін шыққан сөз емес. Адам балалықтан өтіп, жасөспірім шаққа келгенде, оң-солын танығанда айтылатын сөз. Балаға ұрыспай, не тым еркелетпей онымен сырлас дос болу керек. Бала айқаймен не еркелікпен ешнәрсе үйренбейді. Ақылмен айта білу керек, – дейді ол.
Бүгінгі он үштегі балаларымызды ана сүті аузынан арылмаған сәбидей көретініміз жасырын емес. Бұл көптеген қыз-жігіттердің он үшті былай қойғанда, отызға, отыз беске толғанша өмірден орнын таба алмауына, талайлардың ата-анасының зейнетақысына телміріп, масыл перзент атануына, үйленген күннің өзінде отбасына деген жауапкершілік ала алмайтын отағасына айналуына алып келеді.
Сондай-ақ, зерттеуші мамандар көптеген жастардың экономикалық белсенді топқа кеш қосылуын да, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» ұқпай, түрлі әлеуметтік кедергілерді сылтауратып, отбасын кеш құратындардың қатары қалыңдап келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Мұны олар көбіне балалық шақтан кеш қол үзуі себебінен туындайды деп түсіндіреді.
Қарап отырсақ, тәрбие ісінде бабалар өлшемінен қол үзу масыл ұрпақты көбейтеді. Ұрпағымызды ерте есейту, оң-солын ерте таныту да өз қолымызда. Ол үшін перзенттерімізге сенім артып, шамадан тыс өбектемей, өз бетінше әрекет етуіне мүмкіндік берген абзал. Он үште отау иесі атанбаса да, өзіне жауапкершілік ала алатын тұлға тәрбиелегеніміз жөн-ақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 қазан 2021 ж. 1 916 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031