» » Шойын жолда шыныққан

Шойын жолда шыныққан

АДАМ БАЛАСЫ ӨМІРГЕ КЕЛГЕННЕН КЕЙІН ТАРАУ-ТАРАУ ЖОЛДАРДАН ӨТЕРІ ХАҚ. СОЛ ЖОЛДАРДЫҢ ЕҢ БАСТЫСЫ, АДАМ ӨМІРІНЕ КҮШ БЕРЕТІН, ОТБАСЫНА БЕРЕКЕ КІРГІЗЕТІН ОНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ. ЖАЛПЫ ТІРШІЛІКТЕ ӨЗІНІҢ ЖҰМЫСЫНА БЕРІЛГЕН, ОНЫ ӨТЕ ЖАҚСЫ МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАРДЫҢ ТАЛАЙЫН КӨЗБЕН КӨРІП, САНАМЫЗҒА ТҮЙІП ЖҮРМІЗ. ЖАҚСЫ АЗАМАТ, ЖАҚСЫ АДАМ БОЛУ ҚОЛДАН КЕЛЕР. АЛ МАМАННЫҢ МАМАНЫ БОЛУ ЕКІНІҢ БІРІНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕСІ АНЫҚ. СӨЗ ЕТКЕЛІ ОТЫРҒАН КЕЙІПКЕРІМІЗ ЖІГЕРІ МЫҚТЫ, ӨЗ ІСІН ШЕКСІЗ СҮЙГЕН АЗАМАТ. САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ТЕМІР ЖОЛ САЛАСЫНА АРНАҒАН МАЙТАЛМАН МАМАН – ТЫНЫСХАН ЕГІЗБАЕВ ЖАЙЫНДА.
Үлкен қалаларда көліктер бағдаршамға бағынып, қимыл əрекет жасайды. Бір жүйеге бағынып, көрсеткен бағытқа қарай жүріп отырады. Алдажалда сол бағдаршам істен шықса жол ережесі бұзылып, көліктің жүруіне кедергісін келтіреді. Ондай жағдайда мамандар белгілі бір уақытта əрекет етіп, істен шыққанды қалыпқа келтіре қояды. Ал темір жолдағы мұндай олқылықтар мүлдем кешірілмейді. Шегі жоқ шойын жолда жүрген пойыздарға ретсіз тоқтауға болмайды.
Тынысхан ағамыз ауданға қарасты аймақтағы темір жол бойындағы электр жүйесіне жауапты маман болған. Ол осы салада 45 жыл еңбек еткен. Алғашқы қызметі машинист болудан басталып, электр механиктен аға электр механигіне дейін көтерілген. Ағамыз жайында бірге қызмет істеген ұжымдасы Есентай ағамыз былай сыр шертті.
– Жұмысымыз күрмеуі қиын сала. Ешбір демалысқа қарамаймыз. Бірінші санаттағы қызметкерлерміз десем де болады. Тынысхан аға жұмысына адал, шын берілген кісі. Қарамағындағы қызметкерлерге тым қатты болды. Барлығымызға шынайы жұмыс істеуді үйреткен жан. Біздің аудан Байқожа мен Қызылтам аралығын қамтыды. Сол аралықтағы стансаларға жарық бердік. Мəселен, апатты жағдай орын алса 15 минуттың ішінде жиналып, құрам болып ақау болған жерді іздеуге шығамыз. Жарық болмағаннан кейін пойыздар да тоқтап қалады. Өйткені олар бағдаршамның бағытымен жүріп отырады ғой. Кейде ауа райының кесірінен бағаналардағы тоқ істен шығып жатады. Сонда ағамыз əрқайсымызды əр бағанға бөліп тексертетін. Өзі таратып, артынан жұмысымызды қайта тексеріп отыратын, – дейді ол.
Ағамыздың зайыбы Айымкүл апамыз да Құдай қосқан жарының еңбексүйгіштігін ағынан жарыла былай жеткізді.
– Жолдасымның қызметі əскери саладан кем емес. Үйден гөрі сыртта көп жүретін. Сонда маған «Сен үйге қара, балаларға баскөз бол. Үйге жауапты сенсің. Мен жұмысыма жауаптымын» деп маған сенім білдіріп отыратын. Өйткені шақырту түскен уақытта демалыс деп қарап жатпайды. Бəрін маған тапсырып кететін. Үй көрмей, апталап кеткен кездері болды. Соның бəріне еш ренжімей түсіністікпен қарап өстік қой. Жұмысқа қатты берілгендігі сонша, бірде Аралға жақындарымыздың үйіне бардық. Сонда Тынысхан пойыздан түсе сала жол бойындағы бағанада орналасқан тоқ сымдарына қарап, «ана жері дұрыс жалғанбапты, кетейін деп тұр екен» деп айтып жүретін. Мен «демалыста жүргенде жұмысты қоя тұршы» деп сөйлейтінмін. Жұмысының қауырттылығынан жақынтуысқандарының қуанышынан көп қалып қойып жүрді, – дейді жары Айымкүл апамыз.
Т.Егізбаев ұзақ жыл еңбек еткен теміржол саласынан зейнетке шықты. Еңбек демалысында жүрсе де, ұжымынан қол үзген емес дейді бірге жұмыс істеген қатарластары. Құдайдың ісіне амал бар ма, майталман маман 2019 жылы өмірден озды.
«Адам баласының жер басып жүргені – тəтті арман» деген екен бір ғұлама. Əрине, тізгін өз қолыңда болса, өмір сүре бергенге не жетсін... Бірақ бəрі де бір Құдайдың қолында екенін есте сақтау қажет. Адам болып туылғаннан кейін жарық дүниенің қадірін біліп, жақсы іс бітіріп, артында із қалдыру – бар адамзат баласының басты арманы.

Ерсін ƏЛІБАЙ

18 шілде 2021 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031