» » Саумалдың сауабы мол

Саумалдың сауабы мол

Саумалдың сан ауруға ем екені бесенеден белгілі. Оны тұтынушылардың да қатары жыл сайын артып келеді. Табиғи өнімге деген сұраныстың көптігі қуантады, бірақ кентімізде саумалды сауылған жерден ішер орынның болмағаны көңіл қынжылтатын. Ал енді бұл олқылықтың орны толды. Жақында кентімізде «Жаңа сауылған саумал мен қымызы қашанда әзір» кәсіптің бар екені жөніндегі ақпарат желдей есті. Мұны ести сала, қалам-қағазымызды сайлап, айтылған мекен-жайға беттедік.

Біз барғанда сауын уақыты болса керек, балауса саумал ішуге келушілер осында екен. Кәсіптің иесі «Қабыл» жеке қожалығының төрағасы Жұмабек Жалғасбаев. Отбасылық кәсіп етіп, оны өркендету жолында басталған іс бүгінде оң нәтиже беруде.
– Халқымыз «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дейді емес пе? Кәсіптің қай түрі де берекелі. Тек ерінбей жасап, қиындығына көну керек. Әліптің артын бағып, нәтижесін күту маңызды. Мұндағы биелерді Шымкенттен алып келдім. Бұл істің барлығы ұрпағымыз үшін. Біздікі бастап, жол көрсету. Әрі қарай балалар өздері іліп алып, кәсіпті дөңгелетеріне сенім мол. Себебі қазір дамыған заман. Кез келген өнімді сату үшін ғаламтормен де жақсы жұмыс істей білу қажет. Бұл олардың қолынан келеді, – дейді кәсіп иесі.
Баласына оң бағыт беріп, ата кәсіпке баулыған әкенің алға қойған жоспары да көп. Мақтанғанды құп көрмейтін ел ағасы сөзді көпке созбады. Бұл қасиетінен «сөзінен ісі мығым» азамат екенін аңғардық. Әңгімелесе жүріп, биелерге қарай жақындадық. Түрлерінен-ақ асыл тұқымды екені анық байқалады. Текті жануарға күтім жасап, жем-шөбін беру әке мен баланың міндеті болса, биелерді 5 мезгіл сауу, оны келушілерге беріп, ауысқанынан қымыз дайындау Шырынкүл апай мен келіні Ақбілектің шаруасы.
– Кейде осынау ұлттық сусынды «Сары қымыз – ауруға дәрі қымыз» деп мақтауын асырып жатамыз. Алайда жұрт оның шын мәнінде де шипалы екендігін енді ұғына бастағандай. Әсіресе бие сүтін жаңа сауған саумал күйінде ем үшін пайдалану жаппай үрдіске айнала бастады. Саумалға күнделікті келетін, тұрақты тұтынушыларым бар. Қымыз тек кәсіп қана емес, ол сауапты іс. Дерттіге шипа, ағзаға дәрумен. Қаншама жанға жәрдеміміз тиіп жатыр. Қандай ағарған болса да адал, таза болғаны дұрыс. Сонда ғана ішкен адам шынайы ризашылықпен батасын береді. Балаларыма үнемі «Алдыңа келген адамның жағдайына қара, жылы жүзбен, жұмсақ сөзбен қарсы алып, шығарып сал» деп үнемі айтып отырамын, – дейді отанасы.
Иә, қымыз ежелден ата-бабамызбен мойындалғандай, адамның физикалық жағдайын күшейтумен бірге, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға ықпал етеді. Мұны дастарқаннан қымызы үзілмейтін келушілердің бірі айтты.
– Қымызды ішудің өз тәртібі бар. Асты қорыту үшін ащы қымыз ішкен пайдалы. Ал асқазаны ауыратын адамдарға ащы қымыз жақпайды. Оларға тұщы немесе саумал ішу керек. Сондай-ақ, қымызды ішкенде 100-200 грамм ғана ішіп, ағзаны соған үйрету керек. Егер көп мөлшерде ішсеңіз, ішкі құрылысыңызға зиян. Ал қымыздың емдік қасиетін айтар болсақ, ол адамның күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді. Қан тамырларын тазалайды. Жүйкені тыныштандырады, – дейді ол.
«Сапырған сары ожаумен сары қымыз, ысталған сары местен дәрі қымыз...» дегендей, сары қымыз мен балауса саумал ішкіңіз келсе, осы жерден табасыз. Пайдасы үшін ғана емес, жұртқа шарапаты тию үшін жасалған сауабы мол кәсіптің берекелі боларына кәміл сенеміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


05 маусым 2021 ж. 1 037 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031