» » САУМАЛ ІШСЕҢ – САУЫҒАСЫҢ

САУМАЛ ІШСЕҢ – САУЫҒАСЫҢ


Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы көктемде адам ағзасында әлсіздік орын алатыны рас. Бірімізді ұйқы қысса, біріміз тез шаршаймыз. Жиі басымыз айналып, көзіміз қарауытады. Адам ағзасына сырттан келетін мұндай кері әсер мен ауруға күшті иммунитеті арқылы ғана төтеп бере алады. Ол үшін міндетті түрде жиі дәрумендер мен құнарлы тағамдар тұтынған абзал.
Әлсіздікті жиі сезінетін анамыз көк­тем мен күзде міндетті түрде саумал ішетін. Былтыр да әдеттегі сусынды ішіп, денсаулығын түзегісі келген. Кент ішінен саумал сататын үй іздеп біраз әбігерге түстік. Өзге аудан, тіпті қалалардың өзінде жүргінші көп орында жаңа сауылған бие сүтін сататындарды жиі жолықтырасың. Дегенмен бізде бұл кәсіптің түрі сұранысқа сай емес тәрізді. Бие саууға ниетті жандар аз ба, әлде бұл өте ауыр жұмыс па? Екінің бірі айналысып жатқан жеңіл кәсіпті қолға аламыз да, пайда әкелмеді деп өкпелейміз. Неге кент ішінен биебау басынан саумал ішетін «Саумалмен емдеу» орнын ашпасқа деген ой сол кездері мені көп мазалағанды.
Оған кішкентай сәбиден бастап, ең­кейген кәріге дейін барады. Әсіресе түрлі ісік-жара ауруы барлар, қант диабетін теңгергісі келетіндер, өзін қуаттандыру үшін ішетіндер де көп болар еді.
Сауылғаннан 2 сағат асқанға дейін сау­малдың ешқандай қасиеті жойылмайды екен. Құрамындағы сұйық оттегі әр жасушаға жетеді. Адам организміне тез сіңіп қана қоймай, түрлі асқазан жарасына, ісік ауруларына ем.
Қазір саумал сататын жер білесің бе деп біреуден сұрай қалсаң «бар болса маған да айтшы, ішуім керек еді» деп өзіңе жалына кетеді. Рас қой? Әңгімеге арқау болу үшін біз де саумал іздей кеттік. Кент көшелерін аралай жүріп, жасы егде тартқан кісімен байланыстық. Ал ол саумал сататын жерді көрсетіп, жөн сілтеді. Теміржол өткелінен өтіп, Сейтжан ақын көшесіне қарай бет алдық. Сәл жүре бергенде «Қымыз, саумал сатылады» деп жазылған маңдайшаны көзім шалды. Тілегеніміз алдымыздан көп іздемей табылғанына қуанып кеттік. Жоқ, өткен жылмен салыстырғанда жағдай біршама тәуір. Ілгерілеушілік бар. Дәл осындай саумалды мұнан 2-3 жерде сатататынын естіп көңілім тағы жадырады. Әлгі үйде кезекке тұрып, саумал ішіп жатқан тұрғындардың қарасы қалың. Үй иесі – 80-ді алқымдаған ана Қаныкүл Игембаева. Ұзақ жыл дүкенде, бертін келе есепшілік қызмет атқарған еңбегі елеулі жан. Әзір тың, қимылы да ширақ. Ем болсын деп, аналық тілегін тілеп келушілерге сусын толған кесесін ұсынып тұр. Ақ жаулықты ананың қолынан жылы сөз естіп, сіміріп салған саумалың бойыңа қуат, дертіңе шипа бермегенде қайтсін. Бұл шаруаны қолға алған баласы Өмірбек Әмірбеков екен. Бие баптаудың қыр-сырына қанық жігіт болса керек. 3 биені де өзі сауып, өзі үлгертуде. Айналысқанына 2 жылдан асқан. Рас, жұмысының жеңіл емес екені көрініп-ақ тұр. Балшықпен араласқан қораның көң қоқысын белуардан кешіп, тазалап әлек.
– Жылқыға қандай азық беру керегі туралы дұрыс білмей тұрып ат баптау, мал басын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда шөп берумен жұмыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Тоя жесін деп алдына үйіп-төкпей, оларға қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек. Жылқы үшін ең табиғи азық – шөп пен пішен. Жаңа орылған шөп болса тіпті нәрлене түседі. Біздің ауданда шөп мәселесі қиындау болып тұр. Қазір тіпті жоқтың қасы. Өзге аудандардан сұрастырып, көлік жалдап барып әкелеміз. Мол қылып алып қоюға қаражат жетіңкіремейді. Жануар баптауыңа қарай сүт береді. Қазақта «бие­бау», «бие сауым уақыт» деген ұғым­дар бар. Биелер таңертеңнен бастап әр екі сағатта бір сауылады. Сауылып бол­­ғаннан кейін құлындарына қосып, азық­тандырылады. Бір жарым сағаттан кейін құлындарын бөлек қораға қамап, биені 15-20 минут тынықтырып аламыз. Әдетте бір биеден әр жолы 400 миллиграмнан екі литрге дейін саумал алынады. Біздің үйдің саумалын құмартып, тұрақты түрде келетіндер бар. Алдын ала жазылып та қояды. Химия алатын, науқасы тым ауыр кісілер ішіп, тәуір болып, алғысын жаудырғанда төбеміз көк­ке бір елі ғана жетпей қалады. Шіркін, шынайы алғыстан артық не бар? Шаршағанымыздың бәрін осындайда ұмытып кетеміз ғой. Шағын кесесі 200 теңге, сапар кесесі 300, 1 литрін 600 теңгеден сатудамыз. Бұрын анам артылған сүттен қымыз да­йындайтын. Қазір тұтынушыларымыздың көптігінен сұранысты толық қанағаттандыра алмай қалып жатамыз. Жазғытұрым 10 бие­ге дейін көбейту ойда бар. Мемлекет тарапынан көмек алып, осы кәсіпті жандандырмақпын. Қазір соған жұмыс істеп жатырмын, –дейді Өмірбек Әмірбеков ағынан жарылып.
«Түйін:
Мүмкін Өмекең осы іргелі ісін сәл ертерек бастағанда қазір ауданда бір үлкен орталық болар ма еді, кім білсін. Бірақ, дәл осы қарқынмен ол биікке де көп ұзамай жететініне шүбә келтірмедік. Қазақтың қымыз, шұбаты мен саумалынан артық сусын бар ма, шіркін?! Кем дегенде жылына бір рет пайдасы жоқ тәтті судан тиылып, шөлдегенде қандырар, сырқатыңды алдырар саумал ішіп жүрейік.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
Қармақшы таңы».
08 сәуір 2019 ж. 4 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031