» » «Онлайн» қайыршы

«Онлайн» қайыршы

Әнеугүні Facebook желісінде бір адам жекеме хат жолдапты. Өзінің көпбалалы ана, жағдайының төмен екенін алға тартып ақша беруімді сұрады. Ауруханада жатқан көрінеді. Қай қала, қай ауруханасын білуге тырысып едім, жақ ашпады. Қандай көмек керек, қандай дәрі керегін сұрасам, тағы да үнсіз. Қала берді парақшасы – «фейк». Өзінің я балалармен түскен бірде-бір суреті жоқ.
– Сіз күніне осы мәтіндес хатыңызды қанша адамға жібересіз? – дедім сұрақты төтесінен қойып.
– Бермейтін болсаңыз бірден айтпайсыз ба? – деп өзіме дүрсе қойды.
Әлемді індет жайласа да тойымыз тарқамай, базарымыз тоқтамай тұрғаны үлкен қуаныш. Әйтсе де қазіргі таңда әлеуметтік желіні жиі қолданамыз. Сонда жоғарыда аталған жайттарды жиі байқап жатамыз. Көмекке мұқтажбыз, баламызға көмек керек (ота, дәрі дәрмек) тіпті үйіміз жоқ деген мұң-мұқтажын айтушы көп, көбейіп те келеді.
Апырмай-ау, адамдар қандай болып барады? Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дей тұра жағдайды алға тартып ақша сұрауға арланбайды. Ал адал еңбек етіп нәпақа табуға арланатын секілді. Рас қой. Қазір әлеуметтік желіде «онлайн қайыршылар» көбейген. Шын мұқтажы бар, оңай олжа көретіні бар. Әйтеуір осыны сәнге айналдырып алғандай. Олардың көбейгені сонша, бастапқыдай жанашырлық танытпай, көмек қолын созбаймыз.
Әр адамның жекесіне бірдей мәтінді хат жолдап, көмек беруін өтінеді. Әсіресе бұл оқырманы көп танымал тұлғалар мен блогерлерге жиі кездеседі. Әрине, ақшаны жақсы табатындықтан олар беруге міндетті көреді әлгі «онлайн қайыршылар». Зерттеп бақсақ, мұндай хат жолдаушылардың көбі жалған парақша ашып, қайыршылықты кәсібіне айналдырған. Оларға мейірім көзбен қарайтындар да табылады. Соған мастанып алғандай, өзгелерді алдап-арбап ақша алуға құнығып барады. Адал жолмен, маңдай термен таппаған ақшаның берекесі болар ма екен?
Қазақ неге қайыр сұрайды? Өз жерінде, өз елінде, өз мемлекетінде отырып, жұртқа неге алақан жаяды? Қол-аяғы балғадай қыз-жігіттердің көрінгенге жалынышты хат жолдап, жаутаң қағуыңына не түрткі болып жүр?
Иә, халқымыз бұрын қайыр сұрамайтын. Көшпенді дәуірді былай қойғанда, небір нәубетті бастан өткерсе де, ешкімге алақан жаймаған еді. Киерге киімі, ішерге асы болмаса да, «бөрі арығын білдірмес» деп ешкімнің есігін сағаламады. Сол кездері де көрінгенге көзін сатып, көшеге шыққан жоқ. Неге? Себебі қайыр сұрауды намыс көріп, ар-ұят санайтын, оғаш мінез көрінетін. Қара бастың қамынан намысты жоғары қоюшы едік-ау.
Хакім Абайдың өзі «Есірген еріншектіктен өткен кесапатты кесел жоқ» деп еді ғой. Қоғамда ши басын сындырмай жеңіл ақша тауып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары әлі көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтардың қол жайғанын көргенде, іштей қынжыласың.
Түйін.
Біреуі ұрсып сұрайды, біреуі қорғап сұрайды, біреуі жалынып сұрайды, біреуі шын мұқтаж, біреуі алдап сұрайды, біреуі міндеттісің деп «тістелеп» сұрайды. Ал әлеуметтік желіге кіре алмайтын, кіруге ақшасы да, уақыты да жоқ мұқтаж жандар ше? Олар да өз күйін күйттеп, өз бетінше тіршілік етіп жүр-ау...
Ақнұр САҒЫНТАЙ

10 наурыз 2021 ж. 421 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031